Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2022

Жетістікке жетелейтін жетпіс жоба

168 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Павлодар облысында жетпіске жуық инвестжоба жүзеге асырылуда. Биылғы алғашқы жеті айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң динамикасы байқалады. Ауыл шаруашылығы – 2,5, құрылыс – 8, баспана құрылысы – 16,6, инвестиция тарту 7,5 пайызға өскен. Соңғы көрсеткіш бойынша облыс елімізде көш бастап келеді.

Жетістікке жетелейтін жетпіс жоба

Экспорттан екіншіміз

Өңірде шикізаттық емес экспорт белсенді түрде ұлғаюда. Ай­мақ басшысы Әбілқайыр Сқақов облыс­тық мәслихаттың сессиясында биылғы жеті ай ішіндегі өңірдің әлеу­меттік-эко­номикалық дамуының қоры­тын­дысы жайында баяндады.

– Ең әуелі негізгі экономикалық көрсеткіштер туралы қысқаша баяндап өтсем. Жеті айдың қо­рытындысы бойынша барлық негізгі сала оң көрсеткіштерді көрсетті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы 2,5, тұрғын үй құрылысы және оны пайдалануға беру тиісінше 8 және 16,6 пайызға өсті, ал инвестиция тарту 7,5 пайыз­ға ұлғайды. Еліміздегі өңдеу өнер­кәсібінің жалпы көлемі бойын­ша облыс республикада екінші орында тұр. Оның өсуі тамақ өнімдері (5,8%), дайын металл бұйымдары (1,2 есе), сондай-ақ химия өнеркәсібі (5,4%) мен машина жасау (2,1%) салалары есебінен құралды. Тек мұнай өңдеу өнімдерін шығарудың теріс сипаты тіркелді (89,6%). Бұл жағдай Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеумен байланысты. Қазан айына дейін өнімді шығару көлемі қалпына келеді деп күтілуде. Біз бұған қоса шикізаттық емес экспорт бойынша көшбасшылық орындарымызды сақтап қалдық. Жылдың алғашқы бес айында сыртқа жалпы құны 1,4 млрд доллар болатын өнім экспортталды, – деп атап өтті өңір басшысы.

Салыстыру үшін айтып өтейік, облыс 2020 жылы аталған кезең ішінде 600 млн, ал былтыр 1 млрд доллардың экспорттық тауарын сыртқа сатқан.

Биыл құны 44,5 млрд теңге болатын 70 инвестициялық жобаның негізі салынып, оның 17-сі іске қосылып үлгерген. Соның ішінде мұнай-газ кешені үшін қоспалар шығаратын зауытты атап өтуге болады, өндірістің жылдық қуат­тылығы 10 мың тоннаны құрайды. Ал жыл соңына дейін шыны па­кеттер және Қазақстанда баламасы жоқ эпоксидті ком­паунд шығаратын кәсіпорындар пайдалануға берілмек.

Өңірде 2025 жылға дейін жү­зеге асатын инвестициялық жобалардың жиынтық құны 2 трлн теңгеге бағаланып отыр. Олар­дың нәтижесінде жалпы саны 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.

– Агроөнеркәсіп кешеніне салынып жатқан салымдар жыл басынан бері тұп-тура 10 пайызға өсті. Бұл жа­ғымды көрсеткішке суармалы егіс та­нап­­тарының көбеюі оң әсерін тигізіп отыр. Осы жылы қолдан суарылатын жердің ауқымы 143 мың гектарға жетеді деп болжануда. Суармалы егістік біздің диқандарға муль­типликативті тиімділік әкеліп, егістік жерлерінің көбеюіне жә­не әртараптандырылуына, сәйке­сінше етті және сүтті мал шаруа­шылығының дамуына мүмкіндік сыйлайды. Сондықтан болашақта да суармалы егістікті өркендетуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Алдағы уақыт­та 20 мың гектар­дан астам жерге инженерлік же­лілер тарту бойынша 22 жобаға құжаттар дайындап қойдық, – деді Әбілқайыр Бақтыбайұлы.

Жылу желілері тозып тұр

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында экономика­ны түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйе­сіне серпіліс қажет еке­нін айрықша атаған. Жұрт мем­ле­кеттік орган­дардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды. Өңір билігі осыны негізге ала отырып, аймақтағы әлеу­меттік-экономикалық жағдайды тұрақты ба­қы­лауда ұстауда. Тұрғындардан түсе­тін кез келген сауалға жедел жауап беруге және әрекет жасауға барлық органның жұмысы жұмылдырылған. Мәселен, қазіргі уақытта облыс жұрт­шылығының қысқа әзірлік барысы жіті талқыланып, отынды жеткілікті қамдау, жылыту маусымына дайын болу мәселелеріне қатысты түйткілдер шешілуде. Өңірде көмір қоры жеткілікті. Бүгінде әлеуметтік нысандарды қатты отынмен қамту 64,2 па­йызды құраған. Жеке үйлердің қажетті көмір көлемін жеткізуін де жергілікті әкімдіктер назарында ұстап отырған көрінеді. Жылу жүйесіне қосылатын әлеуметтік және әкімшілік нысандардың дайындық жұмыстары аяқталған. Тек көпқабатты тұрғын үйлердің барлығында жоспарлы жөндеу жұмыстары толық бітпеген. Көп­қабатты баспаналардың үштен екісі қазір жылуға қосылуға да­йын.

Аймақтың үш қаласында жылу желілерін жөндеу мен реконструкциялау бойынша жоспарлы жұмыстар орындалған. Алайда желілердің тозу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде сақ­талып отыр. Мысал үшін облыс орта­лығында ол 85,7 пайызға жеткен. Бұл кемшілікті жуықта желілерге жүргізілген техникалық аудит және диагностикалық шараларда анықталды. Құбырлардың көнеру қарқынын еңсеру үшін жылына кем дегенде 25 км жылу жүйесін жаңартып отыру шарт екен.

Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Павлодар об­лысына жұмыс сапарымен келгенде бұл мәселе кеңінен көтеріліп, облыс билігінің алдын ала есептеулері ұсынылыпты. Ел Үкіметі бұл мәселені қолдап отыр. Қазіргі уақытта жөндеу шаралары кестеден біршама қалып қойған Екібастұздағы жылу-энерго орталығын тексеру үшін үкіметтік комиссия іске кірісе бастады.

Асфальт көрмеген ауыл жолдары

Облыстағы өмір сапасының тағы бір көрсеткіші – ауыл тұр­ғын­дарының таза ауыз суға қол жеткізуі. Биыл 100 км-ден астам желі салу және жөн­деу арқылы таза суға қосымша 18 елді мекен тұрғындары қосылады. Осы­лайша, ауыл тұрғындарының 95,2 пайы­зы таза сумен қамтамасыз етілмек. Жал­пы алғанда ауылдарда өңіріміздегі халықтың 30 пайызы ғана тұрып жатыр. Ауылдарды дамыту бағдарламаларына сәйкес соңғы үш жылда 53 млрд теңге инвестиция бағытталып, 126 ауыл жаңғыртылды. «Нұрлы жер» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары арқылы көптеген ауылдағы өмір сүру сапасы қалалықтардың деңгейіне таяп қалды. 2025 жылға дейін жалпы жиыны 188 ауыл жаңғырту жобаларының игілігін көреді. Биыл бұрын асфальт мүлде болмаған ауылдық жолдарға жар­қыраған заманауи тас жолдар төселді, дене шынықтыру-сауық­тыру кешендері мен мәдениет үйлері салынып, жарықтандыру жүйелері тартыла бастады. Ке­шенді жаңғырту шаралары алдағы жылдарда да жалғаса береді.

у

Қоғамдық игіліктердің тағы бір маңыз­ды факторы – өңірдегі жолдардың жағ­дайы. Биыл жыл соңына дейін 392 км жол салу және жөндеу жоспарланған. Оның 260 шақырымы қиыршық тас жолдан асфальт-бетонды жа­бынға ауыстырылады. Атап өтерлігі, Павлодарда биыл 61 км жол жөнделуде. Оның ішінде қала ішіндегі 12 көше және жеке сектордағы бұрын асфальт төселмеген 53 көше бар. Барлық жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталмақ. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша облыс­та жолдардың нормативтік жағ­дайдағы үлесі 93 пайызға дейін артады деп болжануда.

«Қаңтар оқиғасынан кейін өңірде Іс-қимыл бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асып жатқаны мәлім. Бағдарламада NEET сана­тын­дағы жастарға ерекше көңіл бөлінді. Оларды оқыту және жұ­мыс­қа орналастыру үшін өзекті ма­­ман­дықтар орталықтарын аш­тық. Осы уақытқа дейін тағы­лымдама, арнайы курстар және тұрақты жұмыс түрінде 1 800-ден астам адам көмек алды. NEET жастарының саны 6%-ға, жас­тардың жұмыссыздық деңгейі 0,5%-ға төмендеді. Жыл басынан бері 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, олардың жартысынан көбі – тұрақты еңбек орындары. Жыл соңына дейін тағы 6 мыңға жуық бос жұмыс орнын толтыру жоспарда бар. Өңірдегі 92 кәсіпорында жалпы саны 100 мың қызметкердің жалақысы артты, соның ішінде ірі өнеркәсіптердегі еңбекақы өсімі шамамен 17%-ға жетті», деп баяндады облыс басшысы.

Қоғамдық көлік пен мектеп тамағы тегін

Атап өтерлігі, Балалар жы­лы аясында өңірде ауқымды жұ­мыстар қолға алынды. 45 мың­нан астам мектеп оқушысы те­гін ыстық тамақпен қамтылып, бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі 1,8 есеге ұлғайды. Пав­ло­дар, Екібастұз және Ақсу қалала­рындағы оқушы балалар қоғамдық көлікте тегін жүруде. Бұған қоса биыл ерекше қажеттілігі бар балаларды оңал­туға арналған инфрақұрылымдарды кеңей­ту шаралары да жолға қойылып, көптеген нысан жаңартылды. Осы игі жұмыстардың легін­де Павлодардағы оңалту орта­лығында күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, аумағы бұрын­ғыдан 1,5 есеге ұлғайтылуда. Алда­ғы қараша-желтоқсан айларында Пав­лодарда аутизм ауруына шалдыққан балалар күн­діз ем қабылдай алатын орталық және ерте жастан ара­ласу орталығы ашылады. «Зеле­ная рощадағы» 150 балаға арналған оңалту мекемесі мен Солтүстік өнеркәсіп ауданында ересек балаларға арналған оңалту орталығының да құрылыстары таяу арада қолға алынады деп күтіліп отыр. Соңғы аталған үш мекеме үшін жергілікті мемлекеттік органдар өз ғимараттарын босатып берген. Оларды қайта құру жүргізіледі.

Бір ғана облыс орталығында жыл соңына дейін 150 балалар ойын алаңы салынады. Бұған қоса Ақсуда – 16, Екібастұзда 11 ойын алаңы іске қосылды. Облысымыз бұған дейін «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы ар­қылы мектептерді заманға сай жаңғыртуды қолға алған. Ендігі кезек балабақшаларға келгендей. Алдағы уақытта билік бала­бақша жетіспеушілігі мәселесін шешуге ұмтылып, қолданыстағы мекте­п­­алды мекемелерді жөндеуден өткізу­ге ынта қоймақ. Бұл өз кезегінде алыс ауылдардағы кішкентай балалар тәр­биесіне қатысты қалыптасып қалған мәселелердің түйінін тарқатады.

у

Әбілқайыр Сқақов жергілікті мем­ле­кеттік аппаратты трансформациялау және бюрократиясыздандыру бағы­тындағы істерді де санамалап өтті. Айтуынша, өңірдегі консультативтік-кеңес беру органдарының саны 64-тен 29-ға дейін, яғни 2,2 есеге азайтылды. Облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығының жұмысы дамып келеді, онда сегіз ақпараттық жүйе бар. Мұн­да аймақтағы жағдайды монито­рингілеу үшін қанатқақты жоба да өміршең етілуде, Павлодардағы 6 әлеуметтік нысанның бейне­бақылау камераларынан орта­лыққа тікелей бейнетаратылым жүргізіледі екен. Жыл соңына дейін 156 әлеуметтік нысандағы 5 мыңнан астам бақылау камералары да жүйеге қосылмақ. Олардың ішінде 54 мектеп, 73 балабақша, 18 денсаулық сақтау мекемесі, 8 интернат-мектеп бар.

Шекер зауыты қашан салынады?

Павлодар облысында қант зауы­тын салу мәселесі соңғы бірнеше жылда тұрақты көтерілуде. Бірақ бұл тұрғыда шешімді әрекеттер қолға алынбағаны байқалады. Әбілқайыр Бақтыбайұлының сөзіне сүйенсек, қызылшадан шекер өндіретін болашақ зауыттың жөн-жобасы негізі дайын. Жоба бойынша зауыттың қуаты жылына 140 мың тонна қант өндіруге мүмкіндік береді.

– Бізде қант зауытын салуға толық жағдай бар. Ол үшін суармалы жерлер де жеткілікті. Еліміздегі ірі көкөніс сақтау қой­малары бізде орналасқан. Екі жыл қатарынан тәжірибе ретінде шаруалардың егіс танаптарында қызылша өсіріліп, шыққан өнім қанттылығы жағынан жақсы көрсет­кішті көрсетті. Жылына 140 мың тонна қант өндіру үшін біздің көкөніс өсі­ру­шілер 900 мың тоннадан астам қы­зы­л­ша жинап, тапсыруы керек екен. Болашақ зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы қазір мемлекеттік сараптамада және жыл соңына дейін дайын болады деп үміттенеміз. Бұл арадағы ең маңыздысы – қажетті инвесторды табу. Ол жай ғана инвестор емес, қант өндіру саласында белгілі бір тәжірибесі болуға тиіс. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне қызылша егістіктерінің көлемін арттыру және субсидия мен жеңілдетілген салық бойынша мемлекеттік қолдауларға қатыс­ты жол картасын жібердік. Алдағы уа­қытта нақты инвестор табылса, Үкі­мет­­пен бірлесіп жұмысты әрі қарай жалғас­тыратын боламыз, – деді облыс басшысы.

Айтпақшы, биыл күзде облыс орта­лығында фермерлік базар пай­да­лануға беріледі деп күтілуде. Жаңа базар жергілікті мал және егін өсіру­ші­лерге, ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеушілерге өз тауарларын тұты­нушыларға делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік береді. Бұл жер­дегі сауда нүктелерін жалдау құны да айтарлықтай төмен бол­мақ. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайтын орында аптаның алты күнінде сауда-саттық жүретін болады. Базарға ағылатын жұртқа ұсынылатын тауар түріне сауда үстемеақысы 15 пайыздан аспауға тиіс, ал бағаны негізсіз өсіру қатаң бақыланады. Базардың өзі жүз сауда орнына лайықталып, салқындатқыш қоймалармен, арнайы көлік тұрақтарымен қамтыл­ған. Аталған аумаққа бүгінде тек трамваймен ғана жетуге болады. Зейнеткерлерге жеңілдік жасау мақсатында болашақта автобус маршруттарын ұйымдастыру ойда бар.

Әлеуметтік маңызы бар тауар­лардың бағасын төмендету ба­ғытында өңірде нақты қадамдар жүргізіліп жатқанын атап өткен абзал. Өңір басшылығы өнім иелерімен меморандум жасасу, өндірушілерден тауарларды форвардтық сатып алу сияқты тәжірибені кейінге шегеруге болмайтынын айтады.

Күрмеуі күрделі мәселе аз емес

Аймақта бүгінде шешімін күтіп тұрған мәселелер де аз емес. Соның бірі – Павлодар қаласының әр жерінде салынып жатқан бейберекет құрылыстар. Жеке қаржыға қөпқабатты баспаналар салу ісі соңғы уақытта жанданып, бұл саладағы жобаларға шаһар билігі бақылау орнатуға шарасыздық танытқандай көрінеді. Кейбір құрылыстардың сапасыз орындалуы тұрғындарды шын мәнінде айрықша алаңдатып отыр. Соның бір жарқын мысалы – Торайғыров көшесінде тұрғызылып жатып екінші қабаты опырылып түскен көпқабатты баспана. Әлгі шала нысан кейін орнынан түгелдей сүріліп тасталғанымен, арада көп уақыт өтпей орнына тағы бір баспананың құрылысы бой көтере бастады. Енді бір қала тұрғындары қаланың әр жерінде тұрғызылып жатқан нүктелі құрылыстың да жиілеп кеткеніне наразы. Мұндай ғимараттар кейбір үйлерге күн сәулесін түсірмесе, енді бірі аулаларды тарылтып жіберген.

Облыс басшысы Әбілқайыр Сқа­қов биыл Мемлекет басшысы өз Жол­дауында қала құрылысы бойынша кодекс дайындауды тапсырып, Үкімет бұ­ған кірісіп кеткенін атап өтті. Әкім тұрғын үй құрылысы саласында көптеген мәселе қордаланып қалғанын мойындады. Құрылысты жеке кәсіпкерлер жүргізгендіктен, оларды тексеруге мораторийлердің қабылдануы біраз бөгет болғаны рас. Облыс орталығында негізгі құжат – қаланың бас жоспары бар. Соған қарап, қай бағытқа жылжып бара жатқанымыз, қандай принциппен даму керектігі жобаланады. Бірақ нүктелі құрылыс мәселесін қайта қарау үшін белгілі бір шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болуы керек. Өкінішке қарай, облыс орталығында ондай жоспарлау 2018 жылдан бері тоқтап қалыпты. Салдарынан құрылыс салушылар еркінсіп кеткен. Әбілқайыр Сқақов өзінің тапсырмасы бойын­ша қазіргі уақытта Павлодар қаласының әкімі 9 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын дайындап жатқанын айтты. Әрі Павлодарда қазіргі күні баспанаға сұраныс жоғары екенін, соған сай үйлердің бағасы да тым шарықтап кеткенін жеткізді. Биыл, әрі кетсе келесі жылы «Сарыарқа» шағын ау­да­­­нындағы үйлердің құрылысы аяқталады. «Достық» шағын ауда­нында қазір құрылыс қарқынды жүруде, аумақта болашақта 500-600 мың шаршы метр баспана салынады. «Спорт-Сити» шағын ауданының егжей-тегжейлі жобасы да дайын. Онда шамамен жарты миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылмақ.

Жоғарыда атап өткен Екібастұз жылу-энергия орталығының мәсе­ле­сі де қазір аса күрделі. Биыл кәсіпорын көмірлі шаһардың халқын тоңдырмайды деп сенім артылуда. Станса ішіндегі жаб­дықтарды жөндеуге қажет қара­жат бөлініп, дайын­дық жұмыс­тары қызу жүргізілуде екен. Дей тұрғанмен, орталықтың келе­шегі ойландырмай қоймайды. Үкіметтік арнайы комиссияның қорытындысына сәйкес оның өндірісін жаңғыртудың жоспары жасалуы керек. Бұған дейін жазғанымыздай, ондағы өндірістік жабдықтар мен турбиналар, қазандықтар әбден тозған. Жет­піс жылдан астам қызмет етіп тұрған ны­санның жұмысын жолға қою үшін әуелі қуаттылығы 30 мегаваттық турбина салу қажет делінуде. Ол арқылы жылуды генера­циялау барысындағы тиімсіздіктер жойы­лып, ысырап нормалары азаяды. Бұған қоса кәсіпорынның жылдар бойы жиналған қарызын өтеу де алдағы уақытта қарастырылады.

Аймақ басшысы өңірдегі мал ұстаушы ағайын қысқы жем-жөбін жеткілікті жи­нап алуы үшін қаржылай көмек көрсеті­летінін жеткізді. Былтырдан бас­тап өңірдің қысқа арналған шөп қорының жоспары 900 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға ұлғайтылған. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жергілікті мал өсірушілерге әр түлік басына субсидия төленеді. Шағын және орта шаруашылықтар үшін былтыр қой саны 2 мыңнан, қара мал 200-ден аспауы керек деген талап қойылған еді. Биыл ол қағидалар алынып, субсидия беру жеңілдей түсті. Қазан айы­нан бастап демеуқаржы нақты жағдайда төлене бастамақ. Биыл аймақтың мал өсірушілерін қолдауға жергілікті қазынадан жалпы сомасы 1,1 млрд теңге субсидия бөлініп отыр.

 

Павлодар облысы