Кеше елордада Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің елімізге ресми сапары аясында екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумы басталды. Форум жұмысына екі елдің 300-ден астам компаниялары қатысуда.
Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев іскер топ өкілдеріне форумға қатысып отырғандарына ризашылығын білдіре келе, бизнесті жүргізуге байланысты қандай да бір әкімшілік кедергілер және өзге де тосқауылдар, қағазбастылық орын алатын болса, біз оларды шешіп, түркиялық бизнесмендерге көмектесетін боламыз, деді. Ол түркиялық кәсіпкерлерге Кеден одағының рыногын игерудің маңызын атап, оны игеруге шақырды.
Форум қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға, оның ішінде алюминий өндірісі бойынша – “Кибар” және тоқыма өндірісінде – “Чалык” холдингтерімен ынтымақтастық жайындағы меморандумдарға қол қойылмақ. Осы ретте форумда құрылыс және құрылыс материалдарын шығару, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, мәшине жасау мен орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киімдер шығару, мал шаруашылығы, кеме жасау, мұнай химиясы салалары әңгіме өзегі болғандығын атап өткен жөн.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.