Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжановтың төрағалығымен Үкімет сағаты болып өтті. Онда “Мемлекеттік статистиканы жетілдірудің басты бағыттары” деген тақырып талқыға салынды. Үкімет сағатында аталған тақырып бойынша Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Агенттік статистиканың 20 саласы бойынша мыңнан астам негізгі және 16 мыңға жуық нақтыланған статистикалық көрсеткіштерді әзірлейді, деді төраға. Қажетті ақпаратты алу үшін статистика органдары статистикалық қызметті жүзеге асыру аясында 190 мыңнан аса заңды тұлғалармен, филиалдар және өкілдіктермен, 48 мың жеке кәсіпкерлермен, 33 мың үй шаруашылықтарымен өзара іс-қимыл жүргізіп, 11 мың тіркеу орындары бойынша бағаны тіркеу және басқа да байқаулар өткізген.
Ағымдағы жылғы 27-28 мамырда Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымы құрамындағы 10 қатысушы елдің ұлттық статистикалық офистері басшыларының екінші кеңесін өткізу жоспарланып отыр.
Үкімет сағатында депутаттар тарапынан әралуан пікірлер айтылып, олардың қойған көптеген сұрақтарына жауап берілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.