15 Мамыр, 2014

Дуалды оқытуда бұл тәжірибе ескеріледі

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбді­халықова бастаған делегация Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова және Парламент депутаттары бар делегация өңірдегі бірқатар кәсіпорындар мен колледждерде, мектептерде, балалар шығармашылығы сарайында, этноауылда болып, «Алтай» технопаркінде өткен «Техникалық және кәсіптік білім беруге дуалды оқыту жүйесін енгізу жұмысының тәжірибесі» атты ІІІ республикалық форумға қатысты. IMG_9515Алдымен «Азия-Авто» кәсіпорнында болған Үкімет мүшелері дуалды оқыту жүйесі бойынша кәсіптік білім беретін оқу орындарымен байланысқа назар аударды. Өткен жылы кәсіптік-техникалық оқу орнының 200-ден астам түлегі зауытқа жұмысқа орналасқан. Қазір 42 жас өндірістік тәжірибеден өтуде. Ал жалпы білім беретін №11 мектепте кәсіптік бағдар пәні 1-сыныптан бастап жүргізіледі. Вице-премьер Г.Әбдіхалықова  Елбасы Н.Назар­баевтың Қазақстан халқына Жолдауында дуалды білім беруге айрықша назар аударып, ел экономикасына сапалы мамандар даярлау міндеттегенін атап өтті. Г.Әбдіхалықованың айтуынша, алдағы уақытта дуалды оқу 50 пайызға дейін артып, мамандарды өндірісте көбірек оқытуға мән берілетін болады. Жалпы, Шығыс Қазақстанда дуалды оқыту тәжірибесі екі жыл бұрын қолға алынған. Мұны өңірдегі колледж шәкірттерінің өндіріс орындарына көптеп жұмысқа алынуынан байқауға болады. Мәселен, көп салалы технологиялар колледжі «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша соңғы бес жылда 1079 маман даярлаған. Құрылыс колледжінің студенттері соңғы оқу курсын өндірісте өткізуде. Былтыр барлық түлектің 82 пайызы жұмысқа орналасқан. Кәсіптік білім алған жастар «КЭМОНТ», «Промтехмонтаж», «Азия-Авто», «Востокпромэлектромонтаж» кәсіпорындарында жұмыс істеп жүр. Аталған оқу орнында германиялық агенттікпен бірлескен бағдарлама жүзеге асырылуда. Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов Шығыс Қазақстанның дуалды оқыту жүйесінде мол тәжірибесі бар екенін, оны өзге өңірлерге енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова Өскемендегі тірек қимылында кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталығында болып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында министр кембағал жандардың құқығын қорғауға бағытталған заңнаманы жетілдіру, оларды оқыту, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша сауалдарға жауап берді. Мүгедектерді оқыту-өндірістік комбинаты қанатқақты жобасын қолдайтынын білдірген министр Шығыстың мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасауда жетекші өңірге айналғанын атап өтті. «Алтай» технопаркінде өткен республикалық форумда техникалық және кәсіптік білім берудің шығысқазақстандық үлгісі туралы бірқатар жобалар назарға ұсынылды. – Индустрияландырудың жүзеге асырылуы алдымен өнеркәсіп орындарына байланысты десек, кәсіп­орындардың дамуы техникалық және кәсіптік білімі бар білікті мамандарға тәуелді. Айталық, Австрия, Бельгия, Нидерландыда оқушылардың 70 пайызы жұмысшы мамандығын меңгеретін болса, Германия, Швейцария, Норвегия, Швеция елдерінде бұл көрсеткіш 60 пайызды құрайды. Яғни, дамыған еуропалық мемлекеттерде жұмысшы мамандықтарына көңіл бөлінеді. Ал елімізде кәсіптік-техникалық мамандықтарды таңдаушылар қатары 10 пайыздан әрең асады. Сондықтан дуалды оқыту жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жобаны сәтімен жүргізген Шығыс Қазақстан облысының тәжі­рибесін негізге ала отырып, проблеманы шешуге кірісуі­міз қажет, – деді Премьер-Министрдің орынбасары. Президент тапсырмасына сәйкес, оқытудың дуалды жүйесін енгізудің ұлттық моделін қалыптастыру мен мемлекет экономикасының инновациясына білікті кадр­лар даярлаудың маңыздылығына тоқталған аймақ басшысы Б. Сапарбаев бұл форум кейінгі екі жылда облыста қолға алынған оқытудың дуалды жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жобаның нәтижелі жүзеге асырылуына ықпал етіп, өнеркәсіп пен оқу орындарының арасындағы байланысты нығайта түсуге қосымша серпін береді деген сенімдеміз, деді. Форум барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов баяндама жасап, тақырыпты тарқата түсті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Н.Әлтаев кадр даярлаудағы мемлекет пен бизнестің өзара қарыс-қатынасын дамытудың болашағы, Серебрянка технологиялық колледжі директорының міндетін атқарушы О.Антоненко «Бұқтырма цемент компаниясы» Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорнымен дуалды оқыту жүйесін жүзеге асыру туралы жұмыстарын жеткізді. Шетелдік сарапшылар да дуалды оқыту жүйесінің заманауи ерекшеліктерін атап өтті. Олардың қатарында TVET UK атқарушы директоры Мэтью Андерсон, GIZ Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Райнер Гертц, Ресейдің Петрозаводск қаласындағы бюджеттік мониторинг орталығы директорының орынбасары Светлана Сигова бар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.