15 Мамыр, 2014

Әскери дәрігерлер даярланады

1779 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазіргі уақытта еліміздің әрбір азаматы өз әскерінің биік беделі мен абыройын жете сезінеді. Қазақстанның Қарулы Күштері – қоғамымыздың қауіпсіздігі мен өркендеуінің кепілі. Осы орайда Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің әскери кафедрасы еліміздің әскері қатарына медициналық қызметтің офицерлік құрамын дайындауға лайықты үлес қосып келеді. Мухаметжанов А МӘскери дәрігер – жауапты мамандық, себебі, олар әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына жауап береді. Бұл орайда үздік кәсіби біліммен қатар, әскери дәрігердің бойынан офицерлік құрамға тиісті өжеттік, жауапкершілік, шешім қабылдай білу, тәртіп, орындаушылық, уақытпен санаспастан қызмет ету сияқты қасиеттер табылуы керек. Әскери-далалық хирургия мен терапияның, эпидемиология мен басқа да пәндердің негіздерін және жаралылар мен зақымдалғандардың, науқастардың госпитальға жаппай түсуі кезіндегі шұғыл жағдайларда медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жолдары мен тәжірибесін білмей ешбір әскери дәрігер өз ісінің білікті маманы болып саналмайды. Сондықтан әскери қимылдар мен төтенше жағдайлар кезінде әскери медицинаның алдында тұрған тапсырманы орындаудың негізі – оның құрамында жоғары білікті мамандардың болуымен ерекшеленеді. Еліміздің аумағында әскери кафедралар 1934 жылдан бастап құрыла бастады. Ал олардың басты міндеті – еліміздің Қарулы Күштері қатарына білікті мамандар даярлау. Бүгінгі таң­да республикадағы жоғары оқу орында­рының жанында 22 әскери кафедра жұмыс істейді, олар әртүрлі бейіндегі запастағы офицерлерді баулиды. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде әскери дәрігерлерді әзірлеу ісі 1950 жылы әскери кафедра құрылған сәттен бастап жүзеге асырылып келеді. Кафедра теориялық және практикалық мәселелер бойынша медициналық қызметті ұйымдастыру мен тактикасы жөнінде жоғары білікті запастағы офицерлерді оқытады. Осыған байланысты, кафедра студенттерге медициналық эвакуациялау кезінде жаралылар мен науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлар барысында жұмыс істей білу машықтарын үйретуге көп көңіл бөледі. 2004 жылдан бастап университеттің әскери кафедрасында медициналық қызметтің запастағы офицерлерін даярлау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бекіткен көлемде жүзеге асырылады. Кафедрада запастағы офицерлер медициналық қамтамасыз ету қызметін ұйымдастыру, емдеу ісі, жалпы стоматология, санитарлық-гигиеналық зертхананың зертханалық ісі бойынша даярлықтан өтеді. Медициналық қызметті ұйымдастыру мен тактикасы, сол сияқты әскери токсикология мен көпшілік зақымдау қаруынан медициналық қорғау студенттерді әскери даярлау ісінің негізгі пәндеріне айналып отыр. Жеті жылдан бері әскери кафедраны медицина қызметінің полковнигі, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы, доцент, медицина ғылымдарының кандидаты, Ресей Табиғаттану академиясының профессоры Амантай Мұхаметжанов басқарады. Амантай Мұқанбайұлы өз ісінің білікті маманы, медициналық және әскери білімі бар. Ол әскери кафедраны шеберлікпен басқарып отыр. Осы лауазымға тағайындалғаннан кейін шәкірттерін қажетті білім мен машыққа үйретуді мақсат етіп алды. Мәселен, жиындар өткізу кезінде Амантай Мұхаметжанов студент-курсанттарға дала жағдайында жаралыларға операция жасауды, сырқаттарды медициналық эвакуациялауды, ағзаның сусыздануына, ыстық өтуіне қарсы күресу жолдарын тікелей өзі үйретеді. Амантай Мұқанбайұлының үздік қызметі жоғары бағаланды. 2012 жылы Сочи қаласында өткен халықаралық форумда Ресей Табиғаттану академиясының профессоры атағы беріліп, «Ғылым мен білімнің үздік қызметкері» төсбелгісі тапсырылды. Ол сондай-ақ басқа марапаттармен мадақталды. Ұзақ жылдар бойы әскери кафедраларда жүзеге асырылып келген оқу бағдарламасы қайта қарауды, бірқатар теориялық және практикалық мәселелерді, студенттердің әскери-далалық жиындар кезіндегі оқу үдерісін ұйымдастыруды нақтылауды талап етті. 2008 жылы әскери кафедра ұжымы А.Мұхаметжановтың басшылығымен жаңа үлгідегі білім бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Қорғаныс министрлігі бағдарламаны 2011 жылы бекіткеннен соң әскери кафедралар іс жүзінде қолдана бастады. Әскери кафедрада студенттер жалпы әскери пәндер: мемлекеттік-құқықтық, жалпы даярлық және жалпы тактиканы оқиды, содан кейін – медициналық қызметті ұйымдастыру мен тактикасы; әскери токсикология мен көпшілік зақымдау қаруынан медициналық қорғау пәндерінен өтеді. Студенттерді сапалы оқыту үшін университеттің әскери кафедрасы заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Кафедра корпусында 4 тақырыптық сынып, компьютер сыныбы, токсикологиялық зертхана жабдықталған. 5 оқу бөлмесінде медициналық ротаның функционалдық бөлімшелері: сұрыптау бекеті, сұрыптау алаңы, таңу алаңы, жартылай санитарлық өңдеу алаңы, дәріхана, эвакуациялау бөлмесі, изоляторлар орналастырылып, керек-жарақпен жабдықталған. Онда студенттер жарақат алғандарды медициналық сұрыптау мен таңу және оларға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету кезінде тәжірибелік дағдылар мен машықтарға үйренеді. Әскери-далалық жиындар өткізу үшін санитарлық-барак шатырлары пайдаланылады. 125 адамға арналған дала асханасы істейді. Әскери кафедрада оқ ату алаңы жарақтандырылған, онда студенттер атыс қаруларының материалдық бөліктерімен танысады, қаруды бөлшектеу мен жинауға үйренеді, атуға әзірлейді. Сонымен қатар, ату машықтары «Рубин» интерактивті лазерлік тирі арқылы да жүргізіледі. Тир көрінетін және көрінбейтін лазерлік сәулелері бар тренажерлермен жасақталған. Ол әрбір атқыштың ату нәтижелерін өңдеп көрсетеді. Сымсыз технологияны қолдануға мүмкіндігі бар, атуды әртүрлі жағдайларда өткізуге жан-жақты жағдай жасайды. Жиындарды өткізу кезеңінде студенттер қару қолдануды үйренеді, дала лагерін құру мен жабдықтау машығын меңгереді, сол сияқты алыс қашықтыққа жүгіруге жаттығады. Түрлі қорғану құралдарын сынап көреді. Санитар, санитарлық нұсқаушы, фельд­шер және дәрігер ретінде медициналық қызметкерлердің мамандығының қыр-сырын меңгереді, медициналық эвакуациялау жабдықтарын дербес түрде құрып жарақтайды. Болашақ әскери дәрігерлер арнайы санитарлық өңдеудің, химиялық барлаудың тәсілдерін, радиометриялық және дозиметриялық бақылаудың жолдарын меңгереді. Әскери даярлық бойынша оқу бағдарламасын орындағаннан кейін студенттер кешенді емтихан тапсырады және университетті бітіретін сәтте запастағы офицерлер құрамына енгізілу үшін аттестаттаудан өтеді. Білім беру үдерісімен бірге кафедрада әскери-ғылыми және зерттеу жұмыстары жүргізіледі, олар студенттерді әскери оқыту мен тәрбиелеудің маңызды мәселелерін шешуге, оқулықтар мен оқу құралдарын, әдістемелік құжаттарды әзірлеуге арналған. Университеттің әскери кафедрасында студенттерді әскери-патриоттық тәрбиелеуге, олардың бойына отаншылдық сезімді қалыптастыруға зор жұмыс атқарылады. 2012-2013 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды мемлекеттік медицина университеті әскери кафедрасының студенттері өңірде үздік болып топ бас­тады. Болашақ мамандарға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасарының арнайы сыйлығы тапсырылды. Университеттің әскери кафедрасы алпыс төрт жыл ішінде 30 мыңнан астам запастағы медициналық қызметтің офицерлерін даярлап шығарды. Бүгінде олардың көпшілігі Қазақстан Қарулы Күштері мен жақын және алыс шетелдерде әскери қызмет атқаруда. Бұл оқу орны әскери медициналық кадрлар даяр­лау әлеуетін әркез уақыт талабына сәйкес жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді. Кафедра түлектері қашанда міндеттерін қалтқысыз атқаруға сенімді. Екатерина СЕРБО.