Қоғам • 11 Қыркүйек, 2022

Еңбек нарығы: Теңгерімсіздік жастарды титықтатпасын

227 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Павлодар өңірінің еңбек нарығын теңгерімсіздік жайлап тұр. Оқуын жаңадан тәмамдағандардың көбі өз мамандығына сай жұмыс орнын таппай қиналса, ал кейбір кәсіпорындар керісінше кадр тапшылығына ұшырап отыр. Облыста техникалық жұмысшы күші жетіспейді.

Еңбек нарығы: Теңгерімсіздік жастарды титықтатпасын

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бір ғана «Павлодар қала­сы­ның трамвай басқармасы» акцио­нер­лік қоғамында бүгінде 95 жұ­­мыс орны бос тұр. Барлығы дер­­лік техникалық мамандықтар екенін байқадық. Электрслесарь, кондуктор, трамвай жүргізушісі, тарт­қыш подстансалардағы ке­зек­­ші электрмонтер, жол жөн­деу­ші, трактор жүргізуші және тағы басқа мамандық иелері табылмай отыр.

– Соңғы уақытта кондукторлар жұмысқа көп тұрақтамайды. Қазірдің өзінде біздің басқармаға 30-ға жуық кондуктор керек. Ала­тын жалақылары 130 мың теңге және оған қосымша ай са­­­йын 10-20 пайыз қосымша сыйақы тө­ленеді. Жұмыс кестесі ың­­­­ғай­лы болғанына қарамастан, бұл ма­ман­дыққа келетіндер аз, жас­тар, тіпті жуығысы жоқ, – дей­ді трамвай басқармасындағы кадр­­­­лар бөлімінің жетекшісі Айжан Әміренова.

Трамвай басқармасы – жолау­­шы­ларды тасымалдау бойынша Павлодар қаласындағы жетекші көлік кәсіпорындарының бірі. Күнделікті шамамен 86 трамвай қала көшелеріне шыға­ды. Қазір кон­дукторлар мен трамвай жүргізу­шілерінің жетіс­пеу­шілігінен жұмыс жүктемесі көбейе түскен. Ал бос орындарға сұранып келіп жатқандар бай­қал­майды. Кондуктор Айман (нақ­ты аты-жөнін атамауды өтінді) апайдың айтуынша, кә­сіп­орында еңбекақы аз, соған орай мұнда жұмыс істеуге сұ­ра­нып келетіндер сирек. Жазда вагон іші қатты ысып қапырық болса, қыста аязды күндері азынап кетеді. Вагондар ішінде үне­мі ауысыммен жұмыс істеу денсаулыққа да өз зиянын тигіз­бей қоймайды.

Кәсіпорын еш жерде жұмыс істемейтін, яғни NEET сана­тын­дағы жастарды тарту мақ­са­тында бос жұмыс орындары жәр­мең­ке­ле­ріне тұрақты қаты­са­ды. Алайда жастар мұндай кәсіпке жуығысы келмейді.

Облыстық NEET санатын­да­ғы жастармен жұмыс істеу орта­лы­ғының жетекшісі Жандар­бек Қабдраш жас азамат­тарға лайықты еңбек орындарын тауып беру мақсатында жыл басынан бері 6 рет бос жұмыс орындары жәр­меңкесі ұйымдастырылғанын айтады. Өңіріміз бойынша 40-50 кәсіпорын қатысып, мыңнан астам вакансияларды ұсыныпты.

– Соңғысы қыркүйек айының басында өткізілді. Қалалық жұ­мыс­пен қамту орталығымен бір­лес­кен игі шараға 44 кәсіпорын атсалысып, келушілерге жалпы саны мыңнан аса бос тұрған жұмыс орындары ұсынылды. «Қазақстан алюминийі», «Пав­ло­дарэнерго», ERG servis және тағы басқа ірі кәсіпорындар тұ­­рақты қатысып келеді. Осы іс-шаралар нәтижесінде жыл ба­сынан бері 600-ден астам азамат тұрақты еңбек орындарына орналасты. Байқағанымыз, бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын тәмам­да­ған түлектер жиі хабарласады. Олардың саны қазіргі на­рық­та көп. Ал керісінше кейбір кәсіп­орындар техникалық маман­дық­тар бойынша лайықты жалақыға адам таппай жүр. Біздің өңіріміз өндірісті аймақ болғандықтан, бұл үрдістің көрініс табуы заң­ды­лық деп ойлаймыз, – дейді Жандарбек Қабдраш.

Мұндай теңгерімсіздік орыс және қазақ мектептерінде кейбір пән мұғалімдері бойынша орын алып отырғанын да айтып өтейік. Өңірде математика, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, орыс мектебіндегі ағылшын тілі мұғалімі, орыс тілдегі бастауыш сынып мұғалімдері тапшы. Ал қазақ тіліндегі бастауыш сынып мұғалімдері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері артылып жатыр.

Облыстық білім беру басқар­ма­сының басшылығы түлектер педагогикалық мамандықтарды таңдайтын кезде бұл ерекшелікке мән беруді сұрайды. Себебі өзі­міздің ұл-қыздарды былай қой­ғанда, «Серпін» бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірлерден келіп оқып, бітірген соң жұмыс таппай жүргендер де баршылық. Келісімге сәйкес олар кемі үш жыл осы аймақта еңбек етіп, грант үшін бөлінген мемлекет қар­жысының босқа кетпегенін дә­лелдеуі керек. Алайда бос орын болмағандықтан өңір­де жұ­мыссыз отырған «сер­пін­дік­тер» де бар. Аймақтың білім және еңбекпен қамту салаларына жауапты мекемелер жергілікті нарықты зерттемей, жастарды оқу­ға топырлатып қабылдай берген бе дерсіз.

Сөзіміз дәлелді болсын, сонау Қызылорда облысында мектеп бітіріп, «Серпін» бағ­дар­ла­ма­сына ілесіп Керекуде білім алған Арсен Маханбетов бүгінде өз мамандығына сай жұмыс таппай отыр. Айтуынша, Пав­­лодар педагогикалық уни­­вер­ситетін (ППУ) былтыр хи­мия мұғалімі бойынша тәмам­дап­ты. Жолдамамен Май ауда­ны­ның Қаратерек ауылына жібе­рілгенімен ол жақта толық став­каға жұмыс болмаған. Амал­сыз­дан өзге елді мекендегі білім ор­­да­сынан қосымша жұмыс та­уып, екі ауылдың арасында шап­­қы­лау­ға тура келді, дейді ол.

– Менің зайыбым да Павлодар педа­гогикалық университетін тәмам­даған. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі. Қызық болғанда, бұл жақта ол мамандық бойынша сабақ беретін педагогтар мүлде қажет емес екен. Келіншегім екеуіміз көші-қон бағдарламасы бойынша осы өңірде қоныстанып жатырмыз. Былтыр биология пәні мұғалімдігін де қосымша оқып бітіріп алдым. Екі бірдей пәннен ұстаздық ете аламын. Май ауданында толық ставка болмаған соң әрі жолдасым жұмыс тап­пағаннан кейін Павлодарға көшіп келгенбіз. Міне, оқу жылы бас­талып кеткеніне қарамастан, еке­уіміз де жұмыссыз жүрміз. Тым болмаса «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысып, еңбек етейін деп ниет танытып едім, оның өзіне де жарты ставка бұйырмай тұр, – деп қынжылды Арсен.

Жас маман облыс орталы­ғында пәтер жалдап тұра­тын­да­­рын, келіншегі жоғары бі­лі­мі бар болуына қарамастан супермаркетте сатушының орнында қызмет ететінін жеткізді. Маман­дықтарына сәйкес ла­йық­ты жұмыс тапса, осы жақта тұ­рақ­тап қалуды көздейді.

ППУ-дің тағы бір түлегі Әлия Байқадамова да жұмыссыздар санатын толтырып отырған жастың бірі. Биология мамандығын тәмамдаған ол бүгінде магистратурада оқып жатыр. «Ата-анам үйде отырмай, еңбек ет дейді. Алайда менің дипломыма сай жұмыс жоқ. Былтыр университетті биология пәні бойынша 100-ге жуық түлек бітірген едік. Олардың көбі ауыл-аймақтарға жолдамамен кетті. Бірақ барлығы өз мамандығына сай еңбек етіп жатыр деп айта алмаймын», дейді ол.

Павлодар қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мәліметіне сү­йен­сек, еңбек нарығында жұ­мыс­шы мамандықтарына сұ­ра­ныс жоғары. Инженерлік-тех­никалық қызметкерлер, тех­ни­калық арнайы білімі бар жұ­мыс­шы мамандар бағалы сана­ла­ды. Жұмыс берушілер дайын маманды іздеп табуды емес, жас­тарды іріктеп мықты кадр етіп тәрбиелеп шығаруға ден қоя бас­таған. Кәсіпорындар мұндай ма­мандарды өсіруге мүдделі, алайда оқу орнын тәмамдаған жастар тәжірибесінің жоқтығына қарамастан бірден басшы лауазымында қызмет етуге сұранады екен. Өңіріміз энергетика саласы бойынша республикада көшбасшы орында екені мәлім. Дей тұрғанмен қуат өндіру саласында да маман тапшылығы айрықша байқалып тұрғанын жасырып қайтеміз. Нағыз білікті мамандар буыны біртіндеп құрмет демалысына шығып, олардың орнын жас кадрлармен толықтыру міндеті тұр. Бірақ жастар отын-энергетика кәсіпорындарында еңбектенуге құлшына қоймайды. Себебі мұнда төленетін еңбекақы мөлшері көбінің көңілінен шық­пайтынын айту керек.

 

Павлодар облысы