Қоғам • 11 Қыркүйек, 2022

Жастарды қолдаудың жаңа бағыты

615 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамында әр буынның өз орны бар. Қарттардың қадірін арттырып, төрден орын береді. Бағалы ой, баталы сөз айтады деп аузына қарайды. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп әже мен ананың абыройын асырады. Олардың мейірім махаббатына теңесетін байлық жоқ деп бағалайды. Келер келешегіміз, болар болашағымыз деп жастарға үлкен үмітпен қарайды. Өкшемізді басады деп өнегесін үйретеді.

Жастарды қолдаудың жаңа бағыты

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Иә, отбасында болсын, қоғамда бол­сын алдыңғы буын ағалардың асыл ама­натын арқалап, өзінен кейінгі өс­келең ұрпаққа өзгеріссіз қалды­ру жүгі жастардың мойнында екені анық. Бүгінгі таңда жастарды қолдау жұмыс­тары жүйелі жүргізілуде. Мемле­кет тарапынан мейлінше мол мүмкін­дік берілуде. Соның бірқатары Прези­дент­тің жуырдағы Жолдауында да айтылды.

«Жастарға жан-жақты қолдау көр­сету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шара арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұ­мысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қол­дау көрсету жалғасады. Оларға же­ңіл­детілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие бері­леді. Бұл шаралар қоғамның барынша үй­ле­сімді әрі әділетті болуына ық­пал етеді», деді Мемлекет басшысы Жолдауында.

Елдің болашағы жастардың қо­лында дегенді бүгін ғана айтып отыр­ған жоқпыз. Ақиық ақын Мағжан Жұма­баевтың өзі «Мен жастарға сене­мін» деп жырлады емес пе.

«Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген тәлімді тәмсілді ұстанып, ұлт болашағын жарқын қыламын деп ұмтылған ұшқыр ойлы жастардың талабын ұштауға асығатын қасиет қаны­мызда бұрыннан бар.

Экономика институты Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Тұрсынбайқызы бұл бастамалардың барлығы жастардың дамуына өз септігін тигізетінін жеткізді. Дегенмен барлығын бақылауда ұстау маңызды екенін тілге тиек етті.

«Негізінен елімізде әйелдер мен жас­тар арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ресми статистика 5 пайыздан аса деп көрсетеді. Дегенмен де жұмыссыздардың көбі осы жастар екені жасырын емес. Себебі ол жастардың біліктілігі, алған мамандығы сай келмейді немесе мамандығы бойынша нарықта жұмыс жоқ. Сондықтан 60 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сонымен қатар кейбір жерде еңбек өтілінсіз, белгілі қарым-қабілетсіз жастарды жұмысқа қабылдамайды. Әсіресе шағын секторда. Осы тұста жұмыссыз жастарға немесе өзінің идеясы бар, бастамасы бар кәсіпкерлікке бет алған жастар болса, бұл оларға жақсы мүмкіндік. Себебі кез келген кәсіпті бас­тауға бастапқы қаржы керек. Мысалы, қажетті құрылғылар сатып алуға, тіпті кеңсені жалға алуға деген сияқты. Шағын несиенің өзі жастарға үлкен көмек болар еді. Тіпті оның пайызы 2,5 болса, жастар үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Бұл несие арзан. Негізгі мәселе – бәріне қолжетімді болуында, әр жастың алуына мүмкіндік берілуінде. Және жастардың қаражатты мүмкіндігінше мақсатқа сай жұмсауында. Себебі олар белгілі бір затты емес, кәсібіне қажетсіз дүниені сатып алуға жұмсаса, бөлінген ақшадан экономикаға да, кәсіп бастаймын деген жастардың өзіне де пайда болмайды. Қайбір жылда елімізде 30 жасқа дейінгі жастарға 500 мыңдай субсидия берілді. Бірақ оның тиімділігі дұрыс бағаланбады. Тіпті кейбір жастар жай бір құрылғыларды сатып алумен шектелді де, әрі қарай жұмыс істемеді. Сол себепті жастардың кәсібін ары қарай дөңгелетіп әкетуіне септік болатындай көлемді қаражат болса, бір жағы алған адамнан есебін, салығын талап етіп отыратындай бақылауда болса дейміз», деді А.Тұрсынбайқызы.

Сонымен қатар ол жалған есеп жас­тар арасындағы жұмыссыздықты шеш­пейтінін атап өтті.

«Бір сөзбен айтқанда, бөлінген ақша мақсатты түрде жұмсалуын қадағалап отырған жөн. Жолдауда 100 мың жасты жұмысқа орналастыру керегі айтылды. Сол 100 мың санды шығару үшін, неше түрлі науқандық жұмыс, көшет отырғызу, жол тазалау сияқты уақытша іс-шаралар өткізіп, соған осыншама жас қатысты, осыншама төлем алды деп қағаз жүзінде есеп өткізу жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешпейді. Егер осылай жүзеге асатын болса, бұл көзбояушылық болып шығады», деді Экономика институты Заманауи зерттеулер бөлімінің меңгерушісі.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Ал жас кәсіпкер Азамат Мәуленұлы мемлекет тарапынан көрсетілетін қол­дауды тиімді пайдалану үшін жас­тар да жан-жақты, заманауи, креативті болу керек деп есептейді.

«Мен оқуымды аяқтап, дипломымды алып бірнеше мекемеде жұмыс істедім. Тәжірибе жинақтадым. Мамандығым бойынша біліктілігімді арттырғым келді. Шыны керек, көп қызмет ұсынушылардың айлық жалақысы көңілімнен шықпады. Сол себепті қазір жеке кәсіпке ауысып жатырмын. Президенттің Жолдауда «жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі» дегені, әрине жас кәсіп иелеріне зор көмек. Өзімнің де бірнеше бизнес жоспарым бар. Бірақ оның барлығының жүзеге асуы жоғарыда айтылған жеңілдетілген несиенің сомасына байланысты. Бірінші ойым – брендтік киімдер сату. Оның жеке маркалық логотипін жасау. Сұранысқа қарай, күртеше, жұқа киім немесе қысқа жеңді жеңіл жейделер іспетті топтамамен сату. Мысалы, елімізде «Qazaq Republic» бренді жұмыс істейді. Сапалы дүниелер шығарады. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлердің жұмысына, бизнестің түйткілді мәселелерінің шешіміне және мемлекеттік құрылымдар тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау туралы, қазақстандық заманауи бірегейлікті қалыптастыру жөнінде жиі айтады. Бүгінгі таңда еліміздегі креативті индустрияны дамытуға мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. Мен де осындай мақсатта халыққа қолжетімді бағада сапалы дүниелер шығарсам деймін. Тағы бір ойым, кішігірім дүңгіршек сияқты кофехана ашу. Өткенде Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай көшесінде «Abai joly» деген кофехана көрдім. Әлеуметтік желідегі парақшалары да қызықты. Абай Құнанбайұлы атамыздың еңбекке, білімге, ізденімпаздыққа жетелейтін, талаптандыратын, бай болуға ынталандыратын қара сөздерінен, өлеңдерінен үзінділер жариялап қойыпты. Бұл бір жағынан кәсіп болса, екінші жағынан білім. Осындай дүниелер ашқым келеді. Әрине, әр кәсіптің өзінің өтімді маусымы бар. Сол жағын да ескерген жөн», дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпке бет бұрған жастардың қатары қалың. Тек солардың бағытына барынша қолдау көрсетілсе, кәсіптің сан қырлы тетіктері терең түсіндірілсе дейді. 

«Оқу бітірген соң «Жастар практикасы» жобасы бойынша жұмысқа орналастым. Ол кезде алатын айлығым 80-90 мың теңгенің шамасында. Аталған жоба – жұмыс таппай жүрген жастарға үлкен мүмкіндік. Бірақ айлығы аз және уақыты қысқа. Бір жыл ғана істеуге болады. Мысалы, қыркүйек айында кірген болсаңыз, желтоқсанда келісімшарт аяқталып, орныңызды босатуға тура келеді. Егер орын болса, әрі қарай тұрақты жұмыс негізінде істеуге болады. Осы жобаға жастарды тарту үшін бірінші айлығын арттырса, кем дегенде 120 мың теңге болса, келетін жастардың саны көбейе түсетіні анық. Жалпы айтарым, бүгінде әлеуметтік желіде әртүрлі қысқа мерзімді курстарды оқып, табыс тауып жүрген құрдастарым көп. Өзінің ойы бар, жобасы бар осы жастарға қолдау, демеу көрсетілсе, бұл мемлекет үшін де тиімді болары сөзсіз. Бұрын қазақтың жігіттері базарда арба итеріп жүр деп налитынбыз. Қазір жастар ондай жұмысқа бармайды. Себебі жаһандану заманы, технологияның дәуірі басталды. Сондықтан осындай заманауи тәсілдерді меңгерген жас кәсіпкерлер жоғарыда айтылған жеңілдетілген несиенің игілігін көрсе деймін», деді жас кәсіпкер Азамат Мәуленұлы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандарына хабарласқанымызда, Президент айтқан жеңілдетілген тәртіппен берілетін шағын несиенің шарты мен ережесі әлі дайын еместігін жеткізді. Дейтұрғанмен, алдағы уақытта оның да тәртібі мен талаптары ақпарат көздерінен көріне бас­тайды. Сол кезде жоғарыда айтылған бақылау мәселесі, қолжетімділік сияқты тетіктер назарға алынса дейміз. Жеке кәсіпке ынта-жігерін жұмсап, уақытын бөліп жүрген жастар қолдаудан қалыс қалмай, тиісті қаражатты тиімді пайдаланса, елге де, экономикаға да үлес қосары сөзсіз.