Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) Араб мемлекеттерінің лигасы, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасында алғашқы экономикалық форум өтті. Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов басқарды.
Өзінің сөзінде ҚР СІМ-інің басшысы Сауд Арабиясы бастамашылық еткен бұл форум Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның араб мемлекеттерімен қатынастарында жаңа кезең ашады және оның өте жоғары деңгейде өткізілуі елдеріміз бен халықтарымыз үшін өзара тиімді сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ұлғайтудың жақсы бастамасы болмақ, деп атап өтті.
«Біз бұл форумның мүмкіндіктері зор екеніне сенеміз және қойылған міндеттерді іске асыру бойынша тығыз жұмыс жасауға дайын екенімізді білдіреміз. Қазақстанның 2011-2012 жылдары Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесіне (ИЫҰ СІМК) төрағалығы біздің еліміздің араб әлемімен қатынастарын нығайтуда маңызды фактор болды. Төрағалық ету біздің мүдделеріміз сәйкес келетін және тиімді өзара іс-қимылдардың алғышарттары бар салаларды анықтауға мүмкіндік берді», деді Е.Ыдырысов.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы форум қатысушыларына қазіргі уақытта Қазақстанда Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Қатар, Иордания, Оман, Ливия, Ливан, Палестина елшіліктері жұмыс істейтіндігі туралы хабарлады. Өз кезегінде, біздің республикамыздың дипломатиялық өкілдіктері Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Қатар, Иордания, Оман және Ливанда қызмет етуде. «Бұл ретте, біз араб әлеміндегі өзіміздің дипломатиялық өрісімізді одан әрі кеңейтуге ниеттіміз», деді қазақстандық министр.
«Өзара тиімді мүдделердің артуын ескере отырып, біздің ойымызша, келесі оң қадам болашақта БҰҰ өңірлік гуманитарлық хабына айналдырғымыз келетін Алматыдағы резиденциясымен Араб мемлекеттері лигасының Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігінің ашылуы болмақ», деп айтып өтті Қазақстан СІМ-інің басшысы.
Е.Ыдырысовтың сөзінде, сондай-ақ, инвестицияларды ынталандыру мен Еуразиялық экономикалық одақ құру, Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамыту және «Жасыл көпір» өңірлік бағдарламасын іске асыру бойынша алдағы қабылданатын заңнамалық пакет тұрғысынан, сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық тұрғысынан араб елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуеті атап өтілді. «Болашақтың энергиясы» көрмесінің тақырыптары жаңартылған энергияны пайдалану және «жасыл» экономикаға өту бойынша біздің ынтымақтастығымызды реттеудің бастама нүктесі болуы мүмкін. Тіпті, кейбір араб елдері, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктері осы салада айтарлықтай табыстарға қол жеткізді», деді осы орайда Қазақстанның бас дипломаты.
Е.Ыдырысов араб мемлекеттері мен Орталық Азия елдері және Әзербайжан арасындағы өзара экспорттың көлемін арттыруға шақырды. «Бұл жерде Бірлескен сауда-өнеркәсіптік палатамен Бірлескен іскерлер кеңесін құру мүмкіндіктерін іздеу қызығушылық тудырады. Солтүстік – Оңтүстік, Батыс – Шығыс бағыттары бойынша көлік дәліздерін дамыту маңызды рөлге ие», деп атап өтті министр. Осы жылы Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол тораптарын қосудың және араб әлемімен ынтымақтастықты дамыту үшін жалпы көлік инфрақұрылымын дамытудың зор маңызы атап көрсетілді.
Қазақстандық министр өз сөзінде Палестина-Израиль қақтығысы, Сириядағы жағдай және т.б. осы сияқты өзекті халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын білдірді. Ол, сондай-ақ, Араб Магрибі және Таяу Шығыстағы түбегейлі саяси өзгерістер миллиондаған қарапайым адамдарға тағдыршешті өзгерістерімен қоса, ертеңгі болашаққа деген сенім алып келгендігін көлденең тартты.
Е.Ыдырысов әлемдік экономика 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан әлі толықтай айыға қоймағанын айтты. Ал елдер үшін алдағы сын-қатер оның жаңадан тұрақсыздануы болуы мүмкін. Климаттың өзгеруі мен демографиялық өсім азық-түлік мәселесінің ушығуына және басқа да проблемаларға әкеліп соқтыруы ықтимал. Осы орайда министр шараға қатысушылардың назарын ИЫҰ жанынан азық-түлік қауіпсіздігі бойынша орган құру туралы Қазақстан бастамасының дер кезділігіне аударды. Осы Ұйымның бірқатар мүшелері бастамаға толық қолдау білдіре отырып, 2013 жылғы желтоқсанда Конакри қаласында (Гвинея Республикасы) өткен ИЫҰ СІМК-нің 40-сессиясы шеңберінде азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымының Жарғысына қол қойды.
Е.Ыдырысов іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның халықаралық бастамалары, сондай-ақ, еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ілгерілеткені және таяуда өтетін Астана экономикалық форумы туралы хабардар етті. Ол араб әріптестерінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне еліміздің кандидатурасын қолдайтынына және VII АЭФ пен ІІ Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция жұмыстарына белсенді қатысатынына сенім білдірді.
Сөзін қорытындылай келе, ҚР СІМ-нің басшысы Қазақстан Лиганы елімізбен көпғасырлық байланыстары бар араб мемлекеттері бірлестігінің жетекші ұйымы ретінде қарастыратынын және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі жүйелі дамытуға өзінің қатыстылығын растайтынын атап көрсетті.
Іс-шара қорытындысы бойынша Эр-Рияд Декларациясы қабылданды. Онда форумға мүше елдердің өз араларында байланыстарды жан-жақты дамыту жөніндегі ортақ қағидамен қатар Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға шақыруымыз, жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпаудағы Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерінің үлесі, сондай-ақ, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру туралы бастамасы көрініс тапты.
Форумға қатысушылар жаңа көпжақты пішіндегі үнқатысудың институттануына негіз болатын Араб мемлекеттерінің лигасы, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық пен экономика жөніндегі меморандумға қол қойды.
Форум шеңберінде қазақстандық СІМ басшысы бірқатар елдердің сыртқы істер министрлері – Сауд Арабиясының ханзадасы Сауд әл-Фейсалмен, Қатар СІМ басшысы Халед бен Мұхаммед әл-Атиямен, бахрейндік министр шейх Халид бин Ахмед бин Мохаммед әл-Халифамен, Қырғызстан СІМ басшысы Эрлан Абдылдаевпен, Ливан Сыртқы істер министрі Джебран Бассилмен, омандық министр Юсуф бин Алави бин Абдулламен, Тунис СІМ басшысы Монги Хамдимен және басқа да әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізді. Аталған мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Е.Ыдырысов Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Набиль әл-Арабимен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен осы Ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегін сөз етті.
Сәулебек БІРЖАН.