15 Мамыр, 2014

26 айда 26 нысан салынады

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-851Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» көр­месі құрылысына дайындық жұмыстары жөнінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Ас­тана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңес­шісі Қанағат Тілемісов пен Сәулет департаментінің директоры Қанат Мұқашев, сондай-ақ, белгілі кәсіпкер, меценат, саяхатшы Сапар Ысқақов қатысты. Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ көрме кешенінің барлық 26 нысанының құрылысын 26 айдың ішінде салып шығуды жоспарлап отыр. Оның ішінде халықаралық, корпоративтік және тақырыптық павильондар, тұрғын үй кешендері, мектеп, балабақша, қонақ үй, мәжіліс және баспасөз орталығы, ЭКСПО-кеңсе, Энерджи холл, коммерциялық және сау­да аумақтары, ЭКСПО-плаза, көр­кем­дік орталық секілді нысандар қам­­тылған. Брифинг барысында са­ла ма­мандары осы кешен­дер­дің архи­тек­туралық ерекше­лік­­тері мен ин­но­вациялық тех­но­­логиялардың қол­данылуы жөнін­де әңгімелеп берді. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңес­шісі Қ.Тілемісовтің сөзіне қара­ғанда, жалпы құрылыстың бел­сенді кезеңі 2015-2016 жылдарға сәйкес келеді. Көрме кешенінің тұтастай салынып, аяқталуы 2016 жылдың желтоқсаны деп көзделуде. Айта кетейік, кешеннің жалпы ауданы 173,4 гектар жерді қамтымақ. Оның 148 гектарына тұрғын үйлер, мәдени-әлеуметтік нысандар, ойын-сауық орындары, ал 25 гектарына көрме кешені салынбақ. Баспасөз мәслихатында, сонымен қатар, белгілі саяхатшы Са­пар Ысқақов өзінің жуырда ғана жер шарын аралап, саяхат жасап қайтқанын баяндады. Ол өзінің бұл сапарында Қазақстанның көк байрағы мен «Астана ЭСКПО-2017» туын әлемнің 26 еліне алып барыпты. Бұл сапардың елімізді әлемге танытуда, ЭКСПО өтетін мемлекетті жаһанға паш етуде айрықша маңызы зор. Жиын соңында жиһангез шетелдік азаматтардың қолы қойылған ЭКСПО-2017 туын компания өкілдеріне салтанатты жағдайда табыс етті. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».