Қоғам • 12 Қыркүйек, 2022

Қаңғыбас иттен қауіп көп

1028 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жылдың желтоқсан айында «Жануарларға жа­уап­­кер­шілікпен қарау тура­лы» заң шықты. Аталған заң осы жылдың 2 наурызында толық­қан­ды күшіне енді. Жаңа заң қараусыз қалған иттерге жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Иесі табылғанша төрт аяқтыны өлтіруге тыйым салынады. Тіпті екі айға дейін оны уа­қыт­ша ұстап, бағып-қағу қажеттігі де ескерілген. Алайда ересектер түгілі ба­ла­ларды талап жатқан қаң­ғы­бас иттер туралы қо­ғам­да жиі ай­­тылып жүр. Ит ие­лерінің жауап­кер­шіліктен жал­таруы да талай рет тал­қыланды.

Қаңғыбас иттен қауіп көп

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қаңғыбас иттер келтірген зардап күрт артқан соң ба, әлде басқа бір себебі бар ма, кім білсін, біршама уақыт бұрын Таразда төбеттердің тағ­дыры талқыға түскен жиын бол­ды. Біздің қоғамда адамдар кісі тағдырына қатты алаңдай ма? Әй, қайдам. Әлі жеткен әлдекім белгісіз біреуді соққыға жығып жатқанын көре тұра ләм-мим демей өте шы­ғатындарды көз көріп жүр ғой. Адамдарды қайдам, иттер бақытты екен. Сол жиында төбеттердің со­йылын соққан «адуынды адвокаттарды» көріп таңғалдық...

Соңғы он жылда қабаған ит­тер­дің азуы батқан төрт адам жұқ­палы аурудан бақиға аттанып кете барған. Бұл тек Жамбыл облысындағы ста­тистика. Басқа өңірлерді қоса есеп­тесек, бұл цифр он еселеніп шыға келетіні сөзсіз. Ал қаңғыбас ит­тердің талауына түскен аза­мат­тардың барлығы бірдей меди­ци­налық көмекке жүгіне бермейтіні тағы бар.

«Құтыру ауруының тез жұға­ты­ны баршаға мәлім. Бұл дерт­ке шалдыққан адамның аурудан құлан таза айығып кетуі екіталай. Тіпті адам өлімімен аяқталып жататын оқиғалар да ұшырасады. Мұндай қайғылы жағдай осыдан бірер жыл бұрын тіркелген еді. Осы жылдың жеті айындағы статистикаға зер салсақ, қалада қаңғыбас иттерден зардап шеккен 2 172 адам тіркеліп отыр. Бұл тек медициналық көмекке жүгінгендер. Ал медициналық кө­мек­ке жүгінбей жүретіндердің қарасы қанша екенін кім білсін... Осы санды үш есе көбейткенде нақ­­ты көрсеткіш шығатын шы­ғар», дейді облыс бойынша сани­та­рия­лық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті аса қауіпті инфекция­лар­ды және туберкулезді эпи­де­мио­ло­гиялық қадағалау бө­лімінің басшысы Күмісбек Рахимов.

Статистика бойынша ит тістеген халықтың үштен бірі ғана меди­ци­на­лық көмекке жүгінеді екен. Өңір тұр­ғындарының 1262-сін өздерінің ит­тері тістеген. 910-ын белгісіз, яғни қаңғыбас иттер қауып алған. Оның 1001-і 14 жасқа дейінгі балалар. «Бір сөзбен айтқанда иттен зардап шеккендердің жартысына жуығы жасөспірімдер. Соңғы 15 жылда облыстағы 1342 жануарға зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның 282-сінен құтыру ауруы анықталған. Олардан кісі тағ­ды­рына келетін қауіп орасан зор», дейді К.Рахимов.

Қаңғыбас иттерден адам түгілі малдар да зардап шегіп жатыр десек, таңдай қағатындар табылуы мүмкін. Айтып отырғанымыз аңыз емес, ақиқат. Жыл басында қорадағы қойын түз тағысы жарып кетпесін деп көзінің қарашығындай қорғап жүретін тұрғындардың қаңғыбас иттерден зардап шеккені туралы ақпарат тарап кетті. Иә, қыстың көзі қырауда қала ма­ңын­дағы «При­городный» елді ме­кенінің тұр­ғындары бас көтерген болатын. Жан бағып отырған төрт түлігін төбеттер қыл мойнынан бауыздап жатса, бас көтермей қайт­сін?

Ауыл тұрғыны Сәуле Тәжметова қорасына екі рет түскен төбеттер алға­шында он қойын жарып кет­кенін, кейіннен екі қой мен бес қозысынан айырылғанын айтып дабыл қаққан еді. Тұрғындар әуелде қораға түз тағысы түсті деп ойла­ға­нымен, төрт түлікке шабуыл жа­са­ған төбеттер екенін уақыт өте келе білген екен. Міне, құтырған иттер адамдармен бірге малға да шауып жатыр. Расында да, мұндай ахуал адам баласын алаңдатпай қоймайтыны ақиқат.

Дерекке көз жүгіртсек, соңғы жеті айдың бедерінде 109 қызметіне өңір тұрғындарынан 1733 өтініш келіп түскен. Олардың барлығы да қаңғыбас иттерден зардап шеккен көрінеді. Айтып айтпай не керек, өңірде басқа мәселе аздай, әулиеаталық әлеумет бүгінде қаңғыбас иттердің мәселесіне қатты бас ауыртып отыр.

Таразда «сері» төбеттердің тағ­дыры талқыланған жиында «Жан­уарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңдағы мәселелер жан-жақ­ты зерделенді. Жиынға арна­йы қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешов атал­ған заң аясында жұмыс істеуде жер­гілікті атқарушы органдар мен қоғам белсенділерінің әріптестік бай­ланысының маңыздылығына тоқ­талды.

Сонымен қатар қазіргі таңда қаладағы иесіз иттерді қамайтын арнайы орын жоқ болғанымен, қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев ұсталған иттер жалға алынған, уақытша қамап ұстайтын орындарда болатынын, алдағы уақытта нақты осы бағыттағы ны­сан­ның құрылысы аяқталатынын жеткізген еді. Ал облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев мәселеге орай жергілікті нормативтік-құ­қықтық ак­тілер таяу арада мәс­ли­хатта қара­лып, бекітілетінін жет­кізді.

«Көбінесе бізге көлік қаққан, кәрі немесе агрессиясы басым иттер түсіп жатады. Қоғам белсенділері тарапынан біздің жұмыстарға айтылатын сын да аз емес. Себебі заңда жануарларды тасымалдайтын көліктерге арнайы талаптар қойылғаны мәлім. Ал қазіргі таңдағы біздің автокөліктер бұл талаптарға сай емес. Сонымен қатар қаңғыбас иттерді аулап ұс­тай­тын құрал-саймандарымыз да әбден тозығы жеткен. Бұлардың барлығын жаңартуға мүмкіндігіміз жоқ. Се­бебі бұл бағытта бізге арнайы қа­ра­жат бөлінбейді. Ал қаңғыбас иттерден зардап шегіп жатқандар көп. Адамның өзіне болмаса да малға зардабы тиіп жатыр», дейді Тараз қалалық ветеринариялық стан­­сасының директоры Қанатбек Қартабаев.

«Жалпы, қаңғыбас иттер көп­теген жұқпалы ауруларды тасы­мал­дайтынын бәріміз де білеміз. Оның ішінде, аса қауіптісі – құ­тыру, эхинококкоз, қышыма, қо­­тыр аурулары. Өкінішке қарай, көп иттердің иелері заңдағы та­лап­тарды сақтауға келгенде құ­лықсыз болып шығады. Қорадағы иттерін көшеге шығарып жібереді. Салдарынан балалар мен тұр­ғындар зардап шегіп жатыр. Қа­ладағы иттерге арнайы мониторинг жүргізіп тұрамыз.

Иттер қала ішінде бір күнде қырық шақырымдай жүріп өтеді. Яғни кей жағдайда қаланың ана басынан мына басына дейін жүре береді. Жұқпалы ауруы бар болса, бұл жағы өте қиынға соғатыны белгілі. Негізі қала бойынша 26 мың ит бар. Бұлардың барлығына біз вакцинация жүргізіп, бақылауда ұстаймыз. Енді жаңа заң бойынша әрбір иттің ветеринарлық пас­порттарын жасақтаймыз. Сондай-ақ барлығы чиптендіріледі, арнайы базаға иттің өзі және иесі ту­ралы мағлұматтар тіркеліп, ақпа­раттар қолжетімді болады», дейді Қ.Қартабаев.

Қоғам қаңғыбас иттерден зардап шегіп жатыр. Ал ит талаған ба­ла­лардың саны мыңнан асқанын ес­керсек, жағдай тіпті ушыға түс­кенін бағамдау қиын емес. Алай­да жо­ғарыда айтқан жиында иттерді кастрациялау, бірдейлендіру, сыр­ға­лау, вакцинациялау үшін 52 миллион қаражат сұралған.

Қаңғыбас иттерді аулау қазір тіпті оңай емес. Өйткені заңға сәйкес бұ­рын­ғы­дай бір оқпен атып алуға болмайтынын жоғарыда айттық. Со­дан да болар, жағдай ушығып ба­ра­ды. Басқаны қайдам, қоғамда бел­сенді болып жүрген талайлар таланған балалардың тағдырына алаңдағаннан гөрі, қаңғыбас ит­тердің өміріне бас ауыртатындай көрі­неді. Оны әлеуметтік желідегі жазбалардан да, жиындардағы айқай-шудан да аңғардық.

 

Жамбыл облысы