Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2022

Әлемдік сенім мен келісім

2471 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бірнеше күннен кейін басталатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін халықаралық қоғамдастық жіті қадағалап отыр. Діни тұлғалар мен саясаткерлердің өзара диалогі форматында өтетін жиынға зор үмітпен қарайтындар жетерлік. Рухани күш-жігер арқылы әділетті үстем етуге ұмтылатын мұндай жиындардың әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда рөлі ерекше. Осы орайда, бұған дейінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне шолу жасап көрген едік.

Әлемдік сенім мен келісім

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жер жаһанның дін басшылары жиналған алғашқы съезд 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астана қаласында өтті. І Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінде Қазақстан орындалуы неғайбыл нәрсені жүзеге асырды. Дөңгелек үстел басына әлемдік ірі конфессия өкілдерін бетпе-бет жинады. Бұл қалыптан тыс, форматы мен мәні жөнінен бірегей, шынында да ғаламдық деңгейдегі оқиға болды.

Жиынға ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм және бас­қа конфессиялардың жоғары дең­гейдегі өкілдері қатысты. Негізгі әлемдік діндер көшбасшылары тарихта бірінші рет бас қосып қана қоймай, кон­фессияаралық диалог халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келі­сімді қолдаудың маңызды құралы ретінде қарастырылатын декларацияны бірлесіп қабылдады. Сондай-ақ форум барысында съезді тұрақты түрде, үш жылда бір рет өткізіп тұру келісілді.

Алғашқы съезде диалогтің маңызы жөнінде әл-Азһар уни­вер­ситетінің сол кездегі Бас имамы, Шейх Мұхаммад Саид Тантауи: «Жағымды диалог, әйгілей айтайын, жағымды және пайдалы диалог ақиқатқа сүйеніп, өтіріктен аулақ болуға тиіс. Біз жақтастарымызбен де, тіпті бізді жақсы көрмеуі мүмкін қарсы­лас­тарымызбен де әңгіме жүргізе алуымыз қажет», деген еді.

2006 жылдың қыркүйегінде Аста­­нада, съезд өткізуге арнайы тұр­ғы­зыл­ған Бейбітшілік және келісім сарайын­да, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының ІІ кездесуі өтті. Оған әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатысты. Съезде «Дін­аралық диалог принципі» және қақтығыстарды бол­дырмауға шақыру Декларациясы қабыл­данды.

2009 жылдың маусым айында Аста­нада әлемнің 35 елінен келген 77 деле­гацияның қатысуымен ІІІ Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының съезі өтті. Әлемдік қоғам­дас­тықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көш­басшылардың күш-жігерін қолдауға ықпал етуге шақырған үндеу қабылданды.

Әлемдік және дәстүрлі дін көш­бас­­шыларының IV съезі 2012 жылы 30-31 мамырда Астана қаласында өтті. Съезге әлем­нің 40 елінен 85 делегация қа­тысты. Форумның басты тақы­рыбы – «Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы». Съезд жүріп жатқан кезде өзге де гуманитарлық форумдар мен ынты­мақтастыққа бағытталған Дін көш­­басшыларының кеңесі жұмысын бастады. IV съездің қорытын­дысы бо­йынша жа­рия­лан­ған Үндеуде дін көш­басшы­лары бүкіл адамзатты болашақ өмір үшін өзара бірлікке, татулық пен бейбітшілікті сақ­тауға, әділдік пен жасампаздыққа ша­қырды.

Съезге қатысушылардың бірі – Из­раильдің Бас Сефард Раввині Шломо Қазақстанның конфессия­аралық тату­лық пен толерант­ты­лықты қамтамасыз етудегі күш-жіге­ріне жоғары баға берді. Оның сөзінше, бұл – бүкіл адамзат үшін жар­қын үлгі. Осы орайда, Шломо Амар Қазақстанның БҰҰ-ның жа­ңа нұсқасын құрғанын, бұл ұйым халықтарды ғана біріктіріп қой­май, діндер мен мәдениеттерді де тоғыстырғанына ерекше мән берді.

2015 жылғы 10-11 маусымда өт­кен Әлемдік және дәстүрлі дін көш­бас­шы­ларының V съезіне мүйізі қарағайдай көшбасшылар жинал­ды. Астанада БҰҰ-ның Бас хат­шысы Пан Ги Мун, Иор­дания королі Абдалла II, Финляндия пре­зи­­денті Саули Нийнисте, ЕҚЫҰ Бас хат­­шысы Ламберто Заньер, ИЫҰ Бас хат­­шысы Ияд бен Амин Мадани және өз­ге де саясаткерлер, дін және қоғам қай­­­рат­керлері жиналды. Съезге бар­лы­ғы 42 елден 80-ге жуық делегация келді.

Форум жұмысына халық­ара­лық қо­ғам­дастық ерекше мән бергенін атап өткен жөн. Өтпе­лі кезеңде дінбасылардың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы» аса маңызды еді. «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің диалогі» съездің негізгі тақырыбына айналды.

Съезд декларациясы әскери қақ­тығыстарды тоқтату, саяси қай­шылықтарды күшпен шешуден бас тарту, державалар арасындағы сенімсіз­дікті жою, кон­фессияаралық алауыздық отын тұтатуға бұқаралық ақпарат құрал­­дарын пайдалануға жол бермеу мәселелерінде, сол сияқты аштық, жұқпалы індет, жұмыс­сыз­дықпен күресте діни және саяси қайраткерлерді күш бі­ріктіруге шақырды.

Кезекті съезд 2018 жылы 10-11 қазан күндері Астана қала­сында өтті. «Діни лидерлер қауіп­сіз әлем үшін» тақы­рыбында ұйымдас­тырылған жиынға саяси қайрат­кер­лер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден келген 82 делегация қатысты.

Съезд қорытындысы бойынша қа­былданған Декларацияда форум қа­тысушылары ұзақ мерзімді тұрақ­­ты­лыққа қол жеткізу және өшпен­ділік пен төзімсіздіктен туындаған күштеп жасалатын әрекеттердің алдын алу жөнінде күш-жігер қосуға Әлемдік және дәс­түрлі діндер көш­басшыларын барынша тартуға әзір екенін жеткізді.

Қорытынды құжат әлемдік БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді тең­дестіруден бас тарту­ға үндейді. Декларацияда бейбі­т­шіліктің құн­ды­лығын, бұқаралық ақпарат құрал­­дарында, әлеуметтік желілер мен қо­ғам­дық жиындарда өзара түсініс­тік пен сый­ластықты ілгері­лету, сондай-ақ барлық діннің құл­шы­лық жасау орындары мен киелі жер­лерінде арандатушылық пен зорлықты болдырмауға күш салуға үндеуі қамтылады.

Биылғы жиын «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің рөлі» тақырыбына арнал­ған. Съезд барысында дін лидер­лерінің әртүрлі кездесулері, съез­дің салтанатты ашылуы мен жабы­луында пленарлық оты­рыс­тар өтеді. Сондай-ақ төрт секциялық оты­рыс, Қазақстан Прези­дентінің, Съезд Хат­шылығы басшысының делега­ция басшы­ларымен және съездің бе­дел­ді қатысушыларымен екіжақ­ты кез­десулерді өтеді деп жоспар­лан­ған.

Жалпы алғанда, елордада ұйым­дастырылған съездер дін­аралық қақтығыстар қаупін артта қалдыру және жаһандық рухани келісімді ны­ғайту жолындағы біздің шынайы үлесіміз болғаны анық. Түр­лі діндердің бейбіт, қатар өмір сүруі­не және олардың диалогына жағ­дай туғызған Қазақстан осы форум­ға ерекше лайық алаң бола білді. Елімізде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының басқосуы әлемдік сенім мен келісімнің бір тірегі екені белгілі.