Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2022

Бағдарламаның бірегей мүмкіндігі

2282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

IT-мамандарды даярлау, сөйтіп бұл саланың озық жүйеге айналуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Президент 2025 жылға таман 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлап шығу туралы ерекше міндет жүктеп отыр. Әрине, бұл оңай іске асырыла салар шаруа емес.

Бағдарламаның бірегей мүмкіндігі

Цифрлық даму министр­лі­гінің хабарлауынша, 1 қыр­күйекте қа­зақ­стандық маман­дар­ды даяр­лау үшін жеке мен­шік IT-мек­теп­терден 3 мың ваучер алу үшін өтінімдерді қа­былдау бас­талды. Бұл Цифр­лық даму, ин­но­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трлігі мен Astana Hub IT-стар­тап­тар халықаралық техно­пар­кі іске қосқан Tech Orda ІТ-мамандықтарын оқытуды қар­­жы­ландыру бағдарламасы шең­берінде мүмкін болады.

«Tech Orda бағдарламасы Үкі­­меттің алдына 2025 жылға де­йін кемінде 100 мың білікті IT кадр дайындау міндеті қо­йыл­ған Президенттің 2021 жылғы Жо­л­дауын орындау шең­бе­рінде іске асырылуда. Tech Orda бағ­дар­ламасы алғашқы ле­гінің қо­ры­тындысы бойынша 2021 жылы 13 жеке IT-мектеп қар­жы­лан­ды­рылып, 100 студент оқу­дан өтті. Әр студентке қар­жы­лан­дыру сомасы 600 мың тең­ге­ні құрады», делінген ведомство хабарламасында.

Биыл IT-мамандықтарды оқы­­ту үшін осындай соманы 3 мың қазақ­стандық ала алады. 2025 жылға дейін Tech Orda бағ­дар­ламасы бойынша IT-мек­теп­терде 20 мың студентті оқыту жоспарлануда.

«Tech Orda бағдарламасы ар­қы­лы қазақстандықтардың жеке бағдарламалау мектеп­те­рін­де сапалы тегін IT білім алуға біре­гей мүмкіндігі бар. Бізге IT та­лант­­­тарды дамытып, қазақ­стан­­дық инновациялар секторын кү­шейту қажет. Елімізге креа­тивті, ынталы мамандар қажет. Бағдарламаны іске асыру бола­шақ­та сапалы жобалар түрінде мультипликативті әсер етеді», дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Бағдарламаға қатысу үшін IT-мектептер ақпараттық-ком­му­никациялық технологиялар сала­сын­дағы басым қызмет түрлері тізбесінің 17-тар­ма­ғына сәйкес Astana Hub қа­тысушысы болуы керек. Атал­ған мәртебе IT-мек­теп­ке са­лықтан босатуды және басқа да бірқатар артық­шы­лық­ты ұсы­нады.

Мектептер мен курстарды ак­кредиттеу процесін тәуелсіз комис­сия атқарады. 18-45 жас ара­лы­ғындағы азаматтар 6 ай бойы курсқа қатысып, өз білім­де­рін жетілдіреді.