Жиын ашылғанда әуелгі сөзді алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы қазаққа Құдай екі дәуірде екі Ахаңды бергенін айтты. Алғашқысы – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болса, екінші Ақаң, Ақселеу Сейдімбек – Ахмет Байтұрсынұлының заңды жалғасы, ізін басқан нағыз ұлт жоқшысы болды. Екеуі де халқына қызмет ете жүріп, отқа күйіп кеткенін және қаперледі ақын. Ақаңның қос бірдей әнінің сөзін жазған Несіпбек Айтұлы ұлт жоқшысына арнаған өлеңін оқып, Жаңаарқа мәдениет үйінің алдындағы елді тебірентіп жіберді.
«Алла ғана бар қазір, біздер жоқпыз, Ақселеу мен Алаштың арасында» деген Серік Ақсұңқарұлының сөзі де жалынды шықты. Әнші Серік Оспан болса, Ахаңның «Дәурен-ай» әнін асқақтата салды.
«Ақселеу Сейдімбек және көшпелілер мәдениеті» атты республикалық конференцияны филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан тізгіндеді. Салиқалы отырысты Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашты.
– Биыл белгілі этнограф, жазушы – Ақселеу Сейдімбекұлының 80 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осынау торқалы тоймен барлық Жаңаарқа жұртшылығын ыстық ықыласпен құттықтаймын. Құндылықтарымызды түгендеп, бабалар жолын жаңғырту, оларға тағзым етіп, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы, ертеңге үлгі ретінде ұсынар ізгі амалы. Бүгінгі марқұм ағамызға көрсетіліп жатқан құрмет – осы айтылған ойдың бірден бір көрінісі, – деген Берік Әбдіғалиұлы этнографтың тарихи пайымдары сірескен еңбектері алдағы уақытта терең зерттеуді қажет етерін еске салды.
Жиында Ақаңның сан салалы қыры тілге тиек етілді. Этнографтығы, жазушылығы, журналистігі, сазгерлігі, зерттеушілігі, тағы басқа қырлары да сөз болды. Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, тарихшы, профессор Қойшығара Салғарин, түрколог, профессор Қаржаубай Сартқожа, әйгілі физик-профессор Темірғали Көкетаев, ақын Ғалым Жайлыбай, Қарағанды университетінің ректоры, профессор Нұрлан Дулатбеков, белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай мен Жанарбек Әшімжан, әнші Сәуле Жанпейісова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы, этнограф жазушы Төрехан Майбас сөз сөйледі. Күйші Мұхамеджан Тілеуханов Ақселеудің күйшілік өнер туралы еңбегін ерекше бағалап, күй шертті.
Конференция соңында жас ақындар арасында өткен Ақселеу атындағы жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Бас бәйгені ақтөбелік ақын Азамат Әбілқайыр еншіледі.
Алқалы кеңестен соң ел Ақселеу биігіне ағылды. Онда ас беріліп, құранға қол жайылды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты театрландырылған қойылым қойды. Негізгі өзегі Ақселеу Сейдімбек шығармашылығынан алынған. Сонымен қатар мұнда «Жаңаарқа жері – жыр елі» атты аймақтық фестиваль да көрермендер көзайымына айналды.
Ас берілген соң ат жүгіртіліп, балуандар белдесті. Аламан бәйге болды. Жиырма сегіз ат отыз шақырымға шапқанда, жаңаарқалық «Айсуат» атты тұлпар қара үзіп келді. Түйе балуандар арасындағы белдесуде Асыл Барменов қарсылас шақ келтірмеді.
Айтқандайын осы мерейтойда көп сыналған Ахаңның ескерткіші жақын арада бой көтеретінін жергілікті әкімдік өкілдері жиын соңында айтты.