25 Мамыр, 2010

БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУЛЕРДЕН – РЕСМИ КЕЛІССӨЗДЕРГЕ

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бастамасымен Приднестровьедегі жағдайды реттеу жөніндегі “5+2” пішінінде (тараптар – Молдова, Приднестровье, араағайындық танытушылар – ЕҚЫҰ, Ресей, Украина, байқаушылар –  Еуропалық Одақ, АҚШ) кездесу өтті. Алдын ала атап өтейік,  бұл кез­де­суді Қазақстанның астанасы – Астана қаласында өткізу туралы ке­лісімге осы жылдың 1 сәуірінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың Кишинев және Тирасполь қалаларына жа­са­ған сапары кезінде қол жеткізілген болатын. Сонымен қатар, Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұзаққа со­зы­лып бара жатқан кикілжіңдерді, оның ішінде Приднестровьедегі жағдай да бар, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы ма­ңызды басымдықтардың бірі бо­лып табылатындығын атап көр­сеткен еді. Біз Приднестровье проблема­сын үнқатысуға қатысушы тарап­тар­дың барлығының мүдделерін ескере отырып, оны тек бейбіт және саяси жолмен ғана нақты реттеуге бел буғанбыз, деді Қанат Саудабаев кездесуді ашардағы сө­зінде. Қазақстан үшін Приднес­тро­вьеге қатысты мәртебені қам­тамасыз ету Молдованың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, сондай-ақ өңірдегі тұрғындардың саяси-экономикалық және гумани­тар­лық құқықтарын құрметтеу формулаларын реттеуден тұрады. Кездесуде Приднестровьеге қа­тысты проблемаларды реттеуде сәл де болса алға басушылық бар екені де атап өтілді. Мысалы, Кишинев пен Тирасполь арасында бірқатар мәселелерді шешуде ілгерілеушілік байқалады. Приднестровье проблемаларын реттеуге байланысты келіссөздер 2006 жылдан бері бейресми тұрғыда жүр­гізіліп келеді. Ал “5+2” пішіні­нің толық атауы – Приднестровье­ні реттеу жөніндегі келіссөздер үдерісі аясындағы саяси мәселе­лер­дің тұрақты кеңесі деген ұғымды білдіреді. 2006 жылдан саяси реттеу мәселелері формат аясында талқы­ланбағандықтан, “5+2” кездесуі сол кезден бастап бейресми мәнге ие болған еді. Осыған байланысты Қанат Саудабаев кездесуде “Біз бей­ресми кездесулерден ресми ке­ліс­сөздерге көшу керек деп ойлай­мыз”, деді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, сондай-ақ Приднестровье проблемасын реттеуге қатысты Ресей мен Украина президент­те­рінің мәлімдемелерін оң бағалай­тынын жеткізді. “Аймақтағы жағ­дайды реттеу жолдарын іздестірудің болашағын қиындатып жібермес үшін, – деді әрі қарай Қанат Сау­дабаев, – Молдова мен При­днес­тровьеге біржақты іс-әрекеттерден аулақ болуға қатысты шақыруларды біз де қолдаймыз”. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.