Кеше елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бастамасымен Приднестровьедегі жағдайды реттеу жөніндегі “5+2” пішінінде (тараптар – Молдова, Приднестровье, араағайындық танытушылар – ЕҚЫҰ, Ресей, Украина, байқаушылар – Еуропалық Одақ, АҚШ) кездесу өтті.
Алдын ала атап өтейік, бұл кездесуді Қазақстанның астанасы – Астана қаласында өткізу туралы келісімге осы жылдың 1 сәуірінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың Кишинев және Тирасполь қалаларына жасаған сапары кезінде қол жеткізілген болатын. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұзаққа созылып бара жатқан кикілжіңдерді, оның ішінде Приднестровьедегі жағдай да бар, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы маңызды басымдықтардың бірі болып табылатындығын атап көрсеткен еді.
Біз Приднестровье проблемасын үнқатысуға қатысушы тараптардың барлығының мүдделерін ескере отырып, оны тек бейбіт және саяси жолмен ғана нақты реттеуге бел буғанбыз, деді Қанат Саудабаев кездесуді ашардағы сөзінде. Қазақстан үшін Приднестровьеге қатысты мәртебені қамтамасыз ету Молдованың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, сондай-ақ өңірдегі тұрғындардың саяси-экономикалық және гуманитарлық құқықтарын құрметтеу формулаларын реттеуден тұрады.
Кездесуде Приднестровьеге қатысты проблемаларды реттеуде сәл де болса алға басушылық бар екені де атап өтілді. Мысалы, Кишинев пен Тирасполь арасында бірқатар мәселелерді шешуде ілгерілеушілік байқалады.
Приднестровье проблемаларын реттеуге байланысты келіссөздер 2006 жылдан бері бейресми тұрғыда жүргізіліп келеді. Ал “5+2” пішінінің толық атауы – Приднестровьені реттеу жөніндегі келіссөздер үдерісі аясындағы саяси мәселелердің тұрақты кеңесі деген ұғымды білдіреді. 2006 жылдан саяси реттеу мәселелері формат аясында талқыланбағандықтан, “5+2” кездесуі сол кезден бастап бейресми мәнге ие болған еді. Осыған байланысты Қанат Саудабаев кездесуде “Біз бейресми кездесулерден ресми келіссөздерге көшу керек деп ойлаймыз”, деді.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, сондай-ақ Приднестровье проблемасын реттеуге қатысты Ресей мен Украина президенттерінің мәлімдемелерін оң бағалайтынын жеткізді. “Аймақтағы жағдайды реттеу жолдарын іздестірудің болашағын қиындатып жібермес үшін, – деді әрі қарай Қанат Саудабаев, – Молдова мен Приднестровьеге біржақты іс-әрекеттерден аулақ болуға қатысты шақыруларды біз де қолдаймыз”.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.