Әубек ақсақалдың алғысы
Аталмыш кітап 1997 жылдың жазында Ахметтің кіндік қаны тамған Торғай өңірін аралап, ұлт ұстазының көзін көрген бірен-саран кісілермен әңгімелескен «Ақ жол» экспедициясының Торғайға сапары барысында жиналған ауызекі деректер негізінде жазылған. Өкінішке қарай, бұл еңбекті Қостанайдағы кітапханалардан іздеп таба алмадық. Елдің қолында бірнешеуі ғана қалған.
Бала кезінде Қалидың қозысын, қойын баққан Шұқыркөл ауылының тұрғыны Әубек Сатыпалдыұлы деген кісіден Байтұрсын ағай жазып алған деректерге сенсек, Ахаң Ақкөл, Сартүбек төңірегінде 1927 жылдың жазынан 1928 жылдың көктеміне дейін болған.
Экспедиция келгенде тоқсанға таяп қалған қария әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдік тақсіретін тартқанын, ата-анасынан көре алмаған мейірім шапағатын Ахаң мен Бәдрисафадан көргенін айтады.
– Көзімнен ірің, мұрнымнан желім ағып жүріп, Қалидың босағасын паналадым. ...Қой бағып жүр едім, отарға бір күні Ахаң келді. Осылай ауылды, малды, шаруаны көріп, хал-жайды біліп аралаумен жүретін. Безгек ауруына ұшырап, қалшылдап, дірілдеп серейіп жатқан жерімнен мені үйіне алып келді. Басым таз, суы ағып, кепем басыма жабысып қалған, сасыған иіс. Денем қотыр-қотыр. Мойным ырғайдай, битім торғайдай. Адам көретін сиқым жоқ. Көрген жанның жүрегі лобып, менен жұрт анадайдан жиіркенетін. Ахаң жарықтық қолымнан жетектеп, «Айналайын-ай, күнің күн емес екен ғой. Қайтіп мұндай халге түстің?!», деп үйіне ертіп әкелді. Жеңгейді шақырды. Бәдрисафаға: «Мына баланы жуындырып, тазартшы. Қатты науқас екен. Күтіп, тәрбиеле. Адам қыл!», деді. Содан Бәдрисафа жеңгем мені өз баласындай бақсын. Туғалы мұндай жылы мейірім көрмеген, аялы алақан түгілі жақсы сөз естіп көрмеген маған сөйтіп Құдайдың көңілі ауғаны. Ананың ыстық ықыласын сезбей өскен байғұспын ғой. Ғұмырымда алғаш рет, ес білгелі мені екі-ақ адам – Ахаң мен Бәдрисафа мүсіркеді ғой. Бар жақсылығын жасады. Оны қалай ұмытайын! Сондай қайырымды адамдар өтті ғой... Бәдрисафа жеңгемнің арқасында бойыма күн санап әл бітіп, бірте-бірте адам қатарына қосылып, құлантаза сауығып алдым. Аллаға мың да бір алғысымды айтып жүрдім-ау. Аллаға айтқаным Ахама, Бәдрисафаға айтқаным ғой, – депті Әубек атай.
Ахаңның көз жасы
Ахаңның адами сипаты, кісілік қасиеті хақында қысқа болса да нұсқа, аса құнды естелік айтып қалдырып кеткен жарықтық Әубек ақсақалдың айтуынша, Сартүбектің қарсы бетіндегі Қаратүбек иінінде өткен асқа қырық үй тігіліп, бас малға көк айғыр құрбандыққа шалыныпты. Асқа сойылатын қойды иіріп тұрып сойғызған да сол кездегі бала Әубек екен. «Ас беріліп жатты. Шыққыр көзім осы аста Ахаңның жылағанын көрдім ғой», депті ақсақал.
– Уа, Қали, бұл ас сенің ғана емес, мына менің де асым болсын. Маған ас беретін уақыт бола ма, болмай ма! Заман болса, мынадай!, деп еді Ахаң сол аста тебірене сөйлеп. Мынау Ахаң қалай сөйлеп тұр өзі? Не дегені? Таусылатындай не бар еді, деп жұртшылық сескеніп қалған-ды. Мен де сондай ойда болдым. Қайран Ахаң, бірдеңенің келе жатқанын сонда-ақ білген екен. Қазір сол сөзі есіме түскен сайын көкірегім қарс айырылады, – деп күрсініпті қария.
Ахаң астан кейін жұртқа: «Қолдарыңдағы мал-мүліктен тазарыңдар, малай ұстамаңдар. Тезірек тазарыңдар! Жаңа өкіметтің заңына бағыныңдар. Әйтпесе, қор боласыңдар. Бұрынғы заман енді әзірге қайтып келмейді. Бастарыңның амандығын ойлаңдар. Елдің бірлігін сақтаңдар. Балаларды оқуынан айырмаңдар. Оқытыңдар», дейді.
Әубек қарттың сипаттауынша, Ахаң мұнтаздай киініп, тап-таза жүретін адам болыпты. Өзіне қояр да қоймай әріп үйреткен. Ахаңның ұстаздық етуімен, тіпті оқи алатын дәрежеге жеткен.
Ахаң бір ауық атқа мініп, туған жердің қойнауын аралап, бой жазып келеді екен.
– Атқа мінетін. Ақкөлге серуенге баратын. Балық аулайтын. Ақкөлді жақсы көруші еді. Ағасы Қали саятшы болатын. Бұл кісі де саятшылықтан кенде емес екен. Ит жүгіртіп, құс салып, сонау Қарақұмға дейін саяттап қайтатын. Өйткені Қалидың Қарақұм жақта саят құратынын естіген. Ағасы болған жерлерде болып жүрді, – дейді Әубек Сатыпалдыұлы.
Ерденнің ер-тоқымы
Тамыздың басында ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында өңірде атқарылған бірқатар игі істің басы-қасында жүрген Ибрахим Ағытай ақсақал бастаған «Ахмет ізімен» экспедициясының құрамында Торғай, Сартүбек, Ақкөлге барып қайттық. Байтұрсын мен Қали жатқан қорымға тұрғызылған Ахаңның ақ кесенесінің жаңа ғана салынып біткен кезі. Бастан-аяқ кесене құрылысының басында жүріп, елден жиналған қаржыға да, құрылыс материалдарына да жауапты болған адам – Ақкөл ауылының тұрғыны, кәсіпкер Нұрғожа Ерназаров деген кісі екен. Нұрғожа ағамыздан Ахаңның Ақкөлдегі сәттерінен сыр шертетін тағы бір қызық әңгіме естідік.
– 1927 жылы Ахмет Байтұрсынұлы елге келгенде, Смағұл деген кісінің кемпірі Ерден деген ұлын жетектеп әкеледі. Ерденнің әкесі Смағұл сауатты, молдалығы болған адам екен. Оның Сағынғали деген інісі мықты шежіреші болған. Содан әлгі кемпір Ахметке осыдан бір-екі күн бұрын Ерденнің күміс ер-тоқымын Торғайдан шыққан орыстың атты әскері тартып әкетті деп шағым айтады. Ахаң кемпірден болған оқиғаның мән-жайын тәптіштеп сұрап алады да, бір жапырақ қағазға хат жазып, елдегі еті тірі жігіттің бірін қуғыншы етіп жібереді. Қос ат мінген қуғыншы әлгілерді екі күн дегенде қуып жетіп, атты әскерді бастап келе жатқан офицерге Ахметтің хатын ұстатыпты. Хатты екі мәрте оқып шыққан офицер «мұндай да аса сауатты, білімді, мәдениетті қазақ болады екен-ау», деп қайран қалыпты. Содан сарбаздарын сапқа тұрғызып, баланың ер-тоқымын алған қайсың? Дереу алдыма алып келіңдер!», деп Ерденнің қымбат дүниесін қайтарып берген екен, – деді Нұрғожа аға.
Смағұлдың Ердені туралы Байтұрсын Ілиястың кітабында да айтылады. «Ақкөлдегі Смағұлдың Ердені деген кісі Ахаңа ағайын болып келеді екен. Сол кісінің қолында Ахаңның ескіде жарық көрген екі кітабы сақталып келіпті. Ешкімге көрсетпей, тығып ұстаған. Сол екі кітап Ахаң ақталды дегенде жарыққа шығарылыпты. Кітаптың бірі Қазанда басылған. Екі кітапты да музейге тапсырамыз деп біреулер алып кетіпті. Ерден Ахаңның тәрбиесін көрген немере туысы. Ерденнің баласы Орынбекпен кездестік. «Осы кітаптарды әкем басына жастап, ара-тұра ашып, оқып отыратын. Әкеміз колхоз-совхоз жұмыстарынан кешкілік шаршап-шалдығып келгенде, Ахаңды қолға алып тұңғиық ойға берілетін» деген дерек бар «Алтын бесіктің» 98-ші бетінде.
Жалпы, биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы болған соң ба, әйтеуір «Алтын бесікті» іздеген кісі көп болды. Көбі таба алмай, қамықты. Шіркін, осы кітапты мемлекеттік тапсырыс бойынша көбейтіп шығарып, бүкіл кітапханаларға таратып тастаса ғой. Жас ұрпақтың Ахаң туған жердің қадір-қасиетін сезініп, Ахаң өскен дархан даланың адыр-қыраты мен өзен-көлін, Ахаң шыққан ортаның табиғаты мен мінезін жіті танып-білуіне сеп болар еді деген ой келеді мұндайда.
Қостанай облысы