Білім • 13 Қыркүйек, 2022

Қос диплом беретін бағдарлама

552 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті АҚШ-тың Аризона университетінің басқаруына беріледі. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елімізде дүние жүзінің айтулы университеттерінің филиалдарын ашу туралы берген тапсырмасының аясында іске асырылмақ.

Қос диплом беретін бағдарлама

Осыдан бір жыл бұрын АҚШ-тың Аризона университеті, М.Қо­зы­баев атындағы СҚУ мен Білім және ғылым ми­нис­тр­лігі арасында үшжақты ме­мо­­ран­думға қол қойылды. Бір­лес­кен бағдарламалар бойынша оқыту үш тілде – ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жүр­­гі­зіліп, IT, инженерия, агротех­но­логия мен биотехнология салала­рында мамандар даяр­­лайды және студенттердің оқуына гранттар беріледі. Оқу проце­сін толық аяқтаған студенттер М.Қозы­ба­ев және Аризона уни­вер­си­тет­те­рінің дипломын алады.

Әлемнің жоғары стандарттарына сәйкес білім алатын студенттерге арналған жаңа оқу кам­пусы салынды. Университет облыс әкімдігінің қол­да­уымен қажетті құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етілді. Еліміздің барлық өңірінен қос диплом алуға қол созған 170 студент іріктелді. Бүгінде студент­тер­дің жатақханасы да дайын.

Жуырда жаңа жобаның тұсау­кесер рәсіміне Солтүстік Қазақ­стан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолкс және АҚШ-тың Қазақстандағы уақыт­ша сенімді өкілі Дэвид Алси қа­тысты. Салтанатты жиынды М.Қозыбаев университетінің ректоры Ерлан Шоланов ашып, студенттер мен ата-аналарды, зиялы қауым өкілдерін жаңа жобаның басталуымен құттықтады.

«Біз уәдемізде тұрдық. Биыл­ғы тынымсыз еңбегіміздің ар­қа­­сында қос диплом бағдар­ламасына қатысатын студент­тер­ді қабылдап, олардың оқуына мүм­кіндік тудыратын барлық жағ­дайды жасадық. Осы істе бізді қолдап, барынша көмектескен облыс әкімдігіне, Ғылым және білім министрлігіне айтар алғысымыз шексіз. Біздің студенттеріміз төртінші курстан бастап Аризона университетінде оқитын болады. Бұл – әлемдегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі. Оның 1 700 оқытушы-педагогтерінің арасында 5 Нобель сыйлығының лауреа­ты, 7 Пулитцер сыйлығының иегері бар. Осының өзінен-ақ білімнің жоғары деңгейде болатынын көруге болады», деді ол.

Облыс әкімі Қ.Ақсақалов биыл оқуға түскен жастарды және олардың ата-аналарын жас та­лап­керлердің жоғары белесі­мен құттықтады.

«Бұл – біздің универси­те­тіміздің тарихында өте маңыз­ды кезең. Жоба өңірдің дамуына оң әсерін тигізетініне сенім­дімін. Еліміздің түкпір-түк­пі­рінен келген 170 студентті қабыл­дадық. Ал­дағы жоспар – уни­вер­си­те­ті­мізде білім алушылар санын 10 мыңға жеткізу. Болашақта Петропавлды студент жастардың қаласына айналдырамыз», деді облыс әкімі.

Салтанатты шараға қатысқан Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек өзінің құттықтау сөзін қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерінде жеткізді. «Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша біз әлемге танымал шетелдік университеттердің бес филиалын ашамыз. Әзірге оның үшеуі ашылды. Бұған дейін Алматы, Атырау қалаларында ашылса, бүгін үшінші филиал
Петропавл қаласында ашылып отыр. Алғаш рет Аризона уни­верситетінің үлкен филиалын ашып отырмыз. Аризона университеті соңғы 5 жылда АҚШ-тың инновациялық ең жоғары оқу орындарының рей­тингісіне кірген», деді министр.

Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолкс студент­терге екі бірдей жоғары оқу орнының оқытушылары мен профессорлары дәріс бере­тінін айтты. «Қос диплом бағ­дарламасы бойынша оқуға түскен студенттер 4-курста Ари­зона уни­­верситетінің кампусында бі­лім алады. Дәл осы бағдарлама бә­секеге қабілетті студенттерді даяр­лауға мүмкіндік береді», деді ол.

Университеттің жаңа кампу­сының заманауи оқу аудиториялары, демалыс бөлмелері жарық әрі кең. Іс-шараға қатысушыларға универ­ситеттің жаңа оқу-зерт­ханалық корпусының ғылыми орта­лықтары бойынша экскурсия өтті.

 

ПЕТРОПАВЛ