Қаржы • 14 Қыркүйек, 2022

Экономикаға кредит беру мәселесін кеңесті

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі эконо­микаға кредит беру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Кеңес барысында экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту бойынша ұсыныстар талқыланды.

Экономикаға кредит беру мәселесін кеңесті

Бұл – жиі көтерілетін мәселе. Бірақ сол мәселе күйінде қала беретін. Ше­шімін тауып жатқан жағдайлар тым сирек. Жақында бұл түйткілге Мемлекет бас­шысының өзі көңіл аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев несие ресурстарының тап­шы­лығы отандық бизнес үшін үлкен про­б­лема болып отыр деп ашығын айтты.

«Қазақстанда шағын және орта биз­несті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар», деді Президент.

Агенттік төрағасы Мәдина Әбіл­қасымованың айтуынша, корпоративтік секторға кредит беруді кеңейту үшін бір­лескен жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Кеңес барысында корпоративтік кредит беруді кеңейтуді шектейтін кедер­гілер талқыланды, сондай-ақ тиісті шаралар ұсынылды. Атап айт­қанда, бизнеске кредит беруді ынталандыру бойынша реттеушілік шаралар, банктерді ұзақмерзімді қорландыру көздерін кеңейту жөніндегі ұсыныс­тар, сондай-ақ нақты секторға кредит беруді қолдау бағдарламаларына ұсыныстар талқыланды.

Агенттік қарыз алушылардың өзара байланысы өлшемшарттарын оңайлату және жоғары өтімді қамтамасыз ету тәуекелінің сомасынан шегерілетін тізбені кеңейту есебінен бір қарыз алу­шы­ға тәуекелді есептеу тәртібін оң­тай­ландыруды (К3 нормативі) ұсынды.

Бизнеске кредит беруді ынталандыру үшін 2024 жылға дейін шағын және орта бизнес кредиттері мен синдикатталған қарыздарды тәуекел-саралаудың төмендетілген мәндерін 50 пайыз деңгейінде ұзарту ұсынылды. Бұдан басқа, кредиттердің құнсыздану өлшемшарттарын оңтайландыру және коммерциялық және тұрғын жылжымайтын мүлік, айналымдағы тауарлар, off-take келісімшарттары және мемлекет-жекеменшік әріптестігі шарттары бойынша ақша түсімдері түріндегі кепілдер бойынша өтімділік мәндерін арттыру есебінен банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды төмендету жоспарлануда.

Сонымен бірге банктердің ұзақ­мерзімді кредиттік ресурстарын кеңей­ту үшін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін өтім­ділікті өтеу және нетто тұрақ­ты қорлан­дыру нормативтерінің төмен­детіл­ген мәндерінің қолданылуы ұзартылады.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және ҚҚҚ өкілдері ірі жобаларды бірлесіп қаржы­ландыру және синдикатталған кредит беру бойынша ұсыныстар ұсынды. 2021 жылы синдикатталған кредит беруді дамыту үшін заңнамалық негіздер жасалғанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктер «Қазақстанның даму банкі» АҚ-пен бірлесіп синдикатталған қаржыландырудың бірлескен жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруда», делінген агенттік хабарламасында.

Өз кезегінде Қазақстан қаржы­герлерінің қауымдастығы жер қойнауын пайдалану құқықтарын және кепілге қойылған жерлерді өткізген кезіндегі кедергілерді атап өткен. Қауымдастық сарапшыларының сөзіне қарағанда, ондай кедергілер кредит беруді кеңейтуді шектейді. Бұдан басқа, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы орта және ірі бизнес субъектілерінің жобаларына портфельдік кепілдік беру тетігін кеңейту бойынша шаралар ұсынды.