Ақтөбе қаласындағы “Қоныс” спорт сарайы төрт күн бойы бокс спектаклінің аренасына айналды. Себебі, мұнда Олимпия ойындарының күміс жүлдегері, Әлем кубогының екі дүркін иегері, екі мәрте Еуропа чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін бокстан XVІІІ халықаралық турнир өтті. Қазақстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Армения, Түркіменстан, Өзбекстан, Украинадан, сондай-ақ еліміздің барлық облыстарынан 140-қа жуық былғары қолғап шебері арасында өткен тартысты кездесулерде оза шыққан 11 салмақтағы 22 боксшы финалға жолдама алды. Былғары қолғап шеберлерінің ақтық сындарын тамашалауға жанкүйерлер көп жиналды.
Финалдық кездесулер шымылдығын ашқан 48 килограмм салмақ дәрежесіндегі ақтөбелік Ақниет Бекжанов пен ақмолалық Теміртас Жүсіпов арасындағы жекпе-жек тартысты өтті. Өзінің қарсыласынан тәжірибелілеу Теміртас Жүсіпов 3:2 есебімен жеңіске жетті. Спорт шеберлігінен үміткер он сегіз жасар Қайрат Төребекұлы жерлесінің есесін қайтарып, 51 килограмда астаналық Азат Махметовтен басым түсті. 54 килограмм салмақ дәрежесінде Астана қаласының боксшысы, спорт шебері Данияр Тоқбаевты еліміздің құрама командасының мүшесі Темірбек Диханбаев бір ұпай айырмашылығымен ұтты. 57 килограмм салмақ дәрежесінде ақтөбелік Мәди Шолақов жерлестерінің мерейін үстем етіп, Ақмола облысының боксшысы Жандос Момыновты 4:1 есебімен жеңді.
60 килограмм салмақта сынға түскен Қазақстан құрама командасының мүшесі Айдар Өмірзақов пен ақтөбелік Берік Абдрахманов арасындағы кездесудің тартысты өткені сондай, соңғы сәттерге дейін жеңіс тізгінін кім ұстайтыны белгісіз болды. Бұл жолы қарсыласына бір соққы артық дарытқан А.Өмірзақов басымдық танытты. 64 килограмм салмақта өнер көрсеткен семейлік боксшы А.Қасымов қарсыласының жарақат алып қалуына байланысты бәйгені шаппай алды. 69 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен ресейлік Мұқаметқали Мұсаев пен АҚШ-тың былғары қолғап шебері Джери Фиорентино әдемі бокс көрсетті. Өз елінің биылғы біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінген ресейлік боксшы осал қарсылас болмай шықты. Ол Д.Фиорентинаның қанша қарсыласқанына қарамастан, үздіксіз шабуылдап, жеңіске жетті.
75 килограмм салмақ дәрежесінде ақтөбелік Рафаил Аббасов еліміз құрама командасының мүшесі Нұрдәулет Жармановпен кездесті. Н.Жарманов еліміздің құрама командасына бекерден-бекер қабылданбағанын айқын дәлелдеді, 15:4 есебімен жеңіп, қарсыласынан көш ілгері екенін байқатты. 81 килограмм салмақта Тәжікстан құрама командасының үкілеп қосқан үміткері Делебержан Абдурахманов Ақмола облысының боксшысы Мәди Қабиевтің шеберлігін мойындауына тура келді. Ал, 91 килограмм салмақта алматылық Нұржан Бекзатов пен Павлодар боксының түлегі Сергей Гончаров қолғап түйістірді. Бұл кездесу ұпай санымен тең аяқталғанымен, Н. Бекзатовтың сәл белсенділік көрсетуі таразы басын өзіне аударып әкетті. Ол турнир жеңімпазы атанды.
Турнирдің ашқан жаңа есімі – ол 91 килограмнан жоғары салмақта сынға түскен атыраулық Рахман Әлжанов болды десек, артық айтқандық емес. Ширек финалда белгілі былғары қолғап шебері Руслан Іргебаевтың жолын кескен он сегіз жасар боксшының рингті сезінуі көрермендер көңілінен шықты.
Қазақстан құрама командасының мүшесі, он тоғыз жастағы Айдар Өмірзақов Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін өткен ХVІІІ халықаралық турнирдің ең үздік боксшысы атанды. Турнирде бірінші орын алған боксшыға 4 мың, екінші орынға 3 мың және үшінші орын алғандардың әрқайсысына 1,5 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық ұсынылды. Бұл жастар жарқырай көрінген жарыс болды. Шеберлігін әлем мойындаған атақты былғары қолғап шебері, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Қонақбаев турнирдің ұйымдастырылуына жоғары баға берді.
Сонымен, төрт күн бойы жанкүйерлер көңілін күпті еткен жарыс мәресіне жетті. Ақтөбеліктер елімізде тәп-тәуір жас боксшылар өсіп келе жатқанын көрді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, АҚТӨБЕ.