Әдебиет • 14 Қыркүйек, 2022

Бозару

473 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жалпы, әдебиетке ақын я жазушының келуі адамның, жаңа бір есімнің келуі ретінде қабылданады. Алайда ол жай ғана жаңа есімнің емес, әдебиетке жаңа бір идея, жаңа сөздің, жаңа ойдың, әдеби троптың соны бір соқпағы, өзгеше бір ізденістің де келуі. Ол ұлт әдебиетінде бұрын-соңды қолданылмаған тұрақты сөз тіркестерінің келуі. Яғни әдебиетке талантты (талантты деген сөзге ерекше мән берген дұрыс шығар) ақын-жазушының келуі деген сөз ол сол ұлттық ойлау жүйесінің, ұлттық тілдің тағы да құлпыра түсуі, көркемденуі, кемелденуі, ұлықтана түсуі, оның тағы да өмір сүру кеңістігінің кеңеюі, өмір сүру ұзақтығының кемінде он жыл, елу жыл, тіпті ғасырларға ұзаруы. Әрине, бұл да сол тілді құлпыртушы жаңа тұлғаның деңгей-дәргейіне байланысты. Сондықтан да біз әрбір жаңа ақын-жазушының келуінен, я болмаса ақын-жазушының жаңа деңгейге өтуінен, жаңа көркемдік кеңістікті ашуынан, көркемдік құпияларды ашып көрсетуінен осы бір нәрселерді іздейміз, соны тапқымыз келеді.

Бозару

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Әрбір жаңа шығарманың жазылуынан, жаңа бір туындының жарық көруінен көп үміттенеміз, ынтыға аңсарланамыз. Жаңалық бірден болмайды, ол қиын­дау дүние, әсіресе әдебиетте жаңа есім, жаңа шығарманың бірден жаңалық алып келуі, жаңалық болып келуі де қиын. Оны бірден назарға алып, нақ тани қою, торысы мен құласын қолмен ұстағандай ашу да оңай емес. Адам санасы, адамзаттың әдеби санасы жаралғалы бергі замандардағы барлық шығарма, ұлы шығармалар жолы да бізге осыны көрсетеді. Жаңалықты біз кейде бір сөзден, бір қарағаннан аңғарыла қоймас жасырын бір ойдан табамыз.

Қазақтың қасиетті тілі тұрпаты бөлек, тұспалы алуан, төгілісі төтен, тумысынан топырағымыздың иісі бұрқырап тұратын тұрақты сөз тіркестерінен кенде емес. Термелесек, теріскейге кетерміз, адақтасақ, айшылық жолға шығармыз. Тілді заман құлпыртады. Сол заман жазушылары жаңартып отырады. Ұтымды, ұтқыр тіркестер, сәтті оралымдар тұрақты сөз тіркесі есебінде санатқа шығады, ыңғайсызы ырғын сөздің ығында қалады. Көп сөз көріксіз ойдың көлеңкесінде бозарып өледі.

Иә, бозару деген бір сөз бар. Бозарып тұрады өзі де. Боз, бозаң, боп-боз, боза­мық... Аспан, дала, таң, көз, кісінің өңі бозарады. Көп боздың ішінен кісі өңінің бозаруына тоқтадық. Өңі қашу, қудай болу, қуару бәрі-бәрі тектес, мәндес, тамырлас сөз. Кісі өңінің бозаруын қазақ қаламгерлері қырық құбылтып көрсете алды, көрсетіп те келеді. Кісі баласының өңі қалай бозарады, неге бозарады, неден бозарады? «Тілдің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек» деп санаған Ғабит Мүсіреповтің тап басып танып, таңбасын айшықтаған бір тұжырымы бар, сол тұжырым осы жазбамызға жақсы бір тұздық болып отыр: «Адамның ой-көңіл, ниет портреті жүзінде. Түгел жүзінде. Адамның жүзі сұрланып кететін, қызарып кететін, қоңырайып кететін, бозарып кететін, жадырап кететін кездері болады. Осының себебі неде? Көңіл құбылысында, ойлау өзгерісінде. Олай болса, адам ойының, ниет-пейілінің дәл осы сәттердегі дәл портреті жүзінде. Адам­ның бет терісі миы жасалған материалдан жасалса керек. Сондықтан миы­на (ойына, сезіміне, көңіліне) келгені қолма-қол бетке шыға келеді. Кейбір адам­ның жүзі қарамен таңбаланып алады, кетпейді. Сондықтан мен адам ойының портреті жүзінде дегім келеді».

Көңіл құбылысы, ойлау өзгерісі, ра­сында, кісінің жүзіне шығады. Ішкі сезім де, ой да лап етіп бетке шығады. Бозаруды көп жағдайда қорқу, ауыру, абыржу, сасу, қатты толқу, зәресі ұшу, жан-дәрмені қалмау, жан-иманы қалмау секілді алуан сезім күйінде қолданамыз, осы күй кісі жүзіне шыққанда бозарған реңк береді. Ежелгі Рим империясында Юлий Цезарьдың жауынгерді сынау тәсілі болыпты. Сапта келе жатқан сарбаздың жонарқасынан осып кеп жібереді. Сонда ол бозарып кетсе, саптан қуып, санаттан шығарады, қызарып кетсе, қатарға алады екен. Сондағысы, қызару – ызалануды, қайратқа мінуді, бозару – қорқуды, абыржуды білдіреді деп санайды екен. Мұның анық-қанығы, нақтылығы мен дұрыстығы өздеріне мәлім. Біз қазақ қаламгерлерінің жазу шеберханасына үңілейік.

Бозаруды бейнелеудің классикалық үлгілерінің бірін Әбіш Кекілбайұлынан кезіктірдік. «Аңыздың ақырында»: «Кіші ханым соңғы үш айдың ішінде әбден арып кетті. Әр қилы түске боялған шытыра терезеден түскен ала шабыр көлеңкеде отыра-отыра өңі сілтіге салған сүйектей бозарып барады. Бұрынғы сәл қыбыр етсе, дір-дір етіп тырсиып тұратын жұмыр мойны сылынып қапты; үнжұрға сүйегі сойдиып-сойдиып шығып кеткен. Жанарынан да нұр жоғалып, көзінің айналасын мынау бөлменің ішіндей қара көлеңке кіреуке жайлап алыпты». Кіші ханымның күйзеліс күйін суреттеуде «сілтіге салған сүйектей бозарудан» өңге лайықты сөз таба алар ма едік?! Бұл жерде сілтіге салынған, еті сылынған сүйектің бозарған түсі ғана емес, жау қолынан жарадар боп өлген қайсыбір жауынгердің сүйегін қырық күншілік жердегі жақындарына жеткізу зары, қаза мен аза зары да тұр. Бұл тіпті күйзеліс күйіне қасірет қосардай зілмауыр.

«Сүйегін артып ердің күзде келдік,

Тар кезең, етін сылып, киізге орап.

Қайнатып сілтіге сап, ақсүйек қып,

Жеткердік болғанменен

қанша тозақ»

(Алмас Алматов жырлауы), деген жыр жолдарынан осы зілмауырдың зарығын сезінесіз. Осы күйдің кісінің жүзінде тұрғанын елестетудің өзі – жанға азап. Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Я өлеміз. Я өлтіреміз. Қан шығарамыз!» – деп, дір-дір етіп, басынан бөркін жұлып алып еді; әр жер-әр жерде сілтіге жидіген мес қылшығындай бозғылт шаш арасында сіркедей-сіркедей тер шүпірлеп тұр екен» («Соңғы парыз») дегенде сөздегі шеберлікті көрсек, мұнда шерді сезінеміз. Әбіш Кекілбайұлы тағы бірде адамнан бөлек, дала жүзін де осылайша береді: «Күндіз жарықта қара шағыр мен қара жусан мол өсіп қарауытып көрінген Маңтөбе қазір сілтіден шыққан сүйектей бозарытып кетіпті» («Үркер»).

Жалпы, сөз – өз заманымен сұлу. Сөз өз заманында өмір сүреді. Заманымен бірге көшіп, архаизмге айналады. Қазақ тілінде «сүзектен тұрғандай бозару» деген тұрақты сөз тіркесі бар ғой. Осы тіркес те уақыт пен орнына байланыс­ты мәнді, уақыты мен орнынан айырсаңыз, мәнсіз. Жазушы қазақ ішінде сүзек жүрген жылдарды жазып отырса, сіз бұл сөзге сенесіз, нанасыз әрі көз алдыңызға сол күйді алып келе ала­сыз. Сәбит Мұқанов «Сол еттен, сол нұр­лы кескіннен Ұлберген аз күнде айырылып, екі беті солып, қан жоқ, сөл жоқ – сүзектен тұрған кісідей құп-қу, боп-боз болды да қалды» («Ботагөз») дегенде одан жалғандық, жанама сөз қосуды көрмейсіз. Шерхан Мұртаза «Қызыл жебесінде» бір емес, үш рет сүзек жұқтырған бас кейіпкерін «Рысқұлов өзінің суретіне ұқсайды. Бірақ өңі сүзектен тұрғандай боп-боз», «Сүзектен тұрғандай, буыршын еті сылынып түскен», «Рысқұлов тағы оралды. Сүзектен тұрғандай боп-боз» деп бейнелесе, 1922 жылы Еділ бойындағы аш-арық елді аралап, сүзек жұқтырған Тұрардың тұрпаты елестей қалады. Алайда Шерхан Мұртазаның табысы түбінде шындығы бар бұл тіркес емес, сол шығармадағы «Қара нардай қайратты бұрынғы Рысқұл жоқ. Бұрынғы қарақошқыл өңі бит сорғандай боп-боз» деген сөзде деп білемін. Оны аз десек, «Әне, анау кір кимешек киіп, бес-алты жасар бала жетектеген әйел, сөз жоқ, елден келген. Баланың өңі бит сорғандай боп-боз шекесінен көк тамыры көрініп тұр» деген жолдарды оқиық. Шекесінен көк тамыры білеудей болып я сойдиып көрініп тұрған жоқ, аштық пен жоқтық тұралатқан жұрттың күйі де тұр, баланың бит сорғандай боп-боз жүзінде заман суреті тұр. Шерхан Мұртазаның «бит сорғандай боп-боз» деген тіркесін қалай күшейтуге болады, оны да жазушының өзіне салайық: «Өңдері аш бит сорғандай жүдеу. Киім – бастары да мәз емес. Біреу тіпті тері шалбардың жүнін сыртына қарата киіп алыпты» («Ай мен Айша»). Шерхан Мұртазаның тағы бір ерекше салыстыруы: «Бұл жолы да Рысқұловқа лай көзбен сұқтана қарап, көзі көз емес, рентген шамындай бозарып, келушінің үсті-басын тінткілеп шықты».

Тіліміздегі «шүберектей бозару» деген тұрақты тіркесті бірнеше шығарма­дан ұшыратамыз, бірақ әрбірі өзінше қолданады. Әрбірінде бір ерекшелік, өзгешелік болады. Біз өзі қазір киім тозбайтын, көйлек өңбейтін кезеңде өмір сүреміз ғой. Сыры мен сыны келіскенінен ғана емес, бір жаздан өтпес жейде, бір қыстан қалмас қамқадан да болар. Қайталап киюге көп адам тым кербез. Көнетоз шекпен киген кісіні көп жерде жолықтырмаймыз. Ескілік суретінен, еншісі берілген, есігі бекітілген бұрнағы күннен көрмесек.

Әсілінде, әрбір қаламгердің тілінің тамыры өз топырағында жататынын байқайсыз. Әбу Сәрсенбаев «Жайшы­лық кезде үнемі май тебіршіп тұратын, ша­йыры мол қара күрең бетінде жалғыз тамшы қан жоқтай, бейнебір оңып біткен қу шүберек тәрізді бозара қалған» («Капитан ұлы») десе, көз алдына Нарын құмы келеді. Жазушының бала күнінен көріп өскен көп суретінің бірі де осында тұр. Қазақ қаламгерлерінің роман, повесть, әңгімелеріндегі «шүберектей бозарудың» қатпар-қатпар қалың ортасына кірелік: Смағұл Елубай: «Болған сұмдықты ол да балалардың айқайынан естіп, піспегі қолында, өңі шүберектей бозарып тұр екен. Сырттан жүгіріп кірген қызын құшақтай алды» («Ақ боз үй»), Жұмабай Шаштайұлы: «Сараға ерiксiз көз тастап едi, ол бейшара да шүберектей боп-боз, көрпенi омырауына тас қып қымтанып алып, одан сайын ерегiсе өршеленiп шырылдаған бүлдiрген түстi телефонға қазiр жан бiтетiндей үрейлене үрпиiп қарап қалыпты» («Аяз би»), Дүкенбай Дос­жан: «Басын жастықтан жұлып алып қарап еді, келіншегі жуған шүберектей бозарып бір қырындап құлап бара жатты» («Нәресте»), Дулат Исабеков: «Пістекүл жуған матадай боп-боз боп тұрып қалды» («Есепшот, түйетауық және домино»), Ілияс Есенберлин: «Асығат әйеліне қарады. Қара судай тұнған үлкен бота көзі суалып, ақшыл жүзі күнге күйген шүберектей бозарып, әбден күйрей қапты», «Аэропортта күтіп алған Еркебұлан – кеше өзін Тың өлкесіне шығарып салған Еркебұланы емес еді. Қас-қабағы қиылып, адамға тек күлімсіреп қарап тұратын қара торы жүзі енді күн жеген шүберектей боп-боз боп өзгерген» («Махаббат мейрамы»), Әлібек Асқаров: «Рахмет! – дептi осы кезде шетте тұрған Байғоныс ернiн тiстеп, шүберектей бозарып», «Қан-сөл жоқ, қу шүберектей бозарып кеткен Лексейдi көтерiп, аяқ-қолын жинап қораның сыртына шығарысады» («Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді»), Кәдірбек Сегізбаев: «Келіншегі қуанудың орны­на өңі аппақ шүберектей болып боза­рып, үндей алмай қалған. Көзінің аясы­на жас толып, жұп-жұқа ерні дір-дір етеді» («Аюдың өті»), «Қыз бетінің қаны қашып, сол сәтте-ақ күнге күйген бөздей болып бозара қа­лып­ты» («Бәрі де уақыт еншісі»), «Қорықпа­шы, жаным, қорықпашы, – деді, ол беті бөздей бозара қалған келіншегін құ­шақ­тай беріп. Ол жынданған адамды ашумен кеудесінен итеріп қалды» («Үш тоғыс»), Сайын Мұратбеков: «Қыдыр­ман той­тық­тың өзi өңiнен қаны қашып, қу шүбе­ректей боп бозарып үй мен қора­­ның ортасында тұр» («Тұржан – ат­қа­­рушы»), «Кiшкене баланың қатты арық­тағанын көргенiм осы едi, өңi қан-сөл жоқ ескi шүберектей боп-боз, бетiнде тек бажырайып көзi ғана қалған» («Қалың қар»), Сәкен Жүнісов: «Жуа-жуа тозған шүберектей өңі бозарып, әп-сәтте ат соқ­қандай мәңгірген Есет, ештеменің жөн-жосығын ұқпай, қапылыста жау қолына түскен мылқау адамша, жан-жағына көзі алақтап дәрменсіз қарай береді» («Заманай мен Аманай»), «Қара жігіттің өңі тозған шүберектей бозарып, шүңірей­ген көз жанары сөне бастаған екен», «Ақан басын көтеріп алғанда, қолындағы суы тамшылаған көне көрпедей, өңі қуқыл тартып бозара берді» («Ақан сері»), Тәкен Әлімқұлов: «Бірақ ол сыр жармай, сазарып тұра берді. Тек, бір-екі секунд бойына қарасұр кескіні бөздей бозарып кеткендей болды» («Ақбозат»), Шерхан Мұртаза: «Ақылы ауыс неме, жәй сандырақтап жүр да, – деп Анарбай жуып-шайған болды, бірақ өңі бөздей бозарып, іріп-шіріп түсердей жансызданып бара жатты», «Шынында да, боп-боз тозған шүберектей болып кеткен бетіне қайтадан шырай кіре бастады» («Қызыл жебе»). Шүберектей, матадай, бөздей, көне көрпедей бозару жайлы айтқанда әр қаламгердің лексиконы, өңірі, сол өңірдегі тілдік ерекшеліктер, бәрі-бәрі менмұндалап тұрады.

Қоламтадай, күлдей бозару да бар. Оны Ілияс Есенберлин: «Абылайдың да тынысын тарылта берді. Бірақ ол бүкіл денесі құрысып, жүрегі қабынып, ауыр науқас өкпесіне біздей қадалса да, дауыс шығарып сыр беретін емес. Шоғы сөнген қоламтадай күннен-күнге бозара түсіп, сөніп бара жатты» («Көшпенді­лер») деп қолданса, Әбіш Кекілбайұлы: «Өндіршегі сорайып, танауы қусыры­лып, екі беті күлдей боп-боз боп кетіпті, өңінен кісі шошығандай», «Жаңа ғана амалсыздықтан күлгін қоламтадай бозарып жатқан көмескі жанары кенет шоқтанып шыға келді» («Аңыздың ақы­ры») деп түрлендіре түседі.

Асылы өзге тілден ауысқан тіркес пе екен, әйтеуір, «шөлмектей бозару» дегенді біздің жазушылар да аз жазған жоқ. Әуелі Жүсіпбек Аймауытов қолданған болуы мүмкін, «Шеберді кілемге салып, көтеріп əкеліп, ханымның аяқ жағына қойды. Бозарған жүзі одан жаман шөлмектей болып, сызықтары қылдырықтай болып, қазына қалыпты» («Пәренжі») дейді де, ал «Ақбілекте» «Сол Аралда, Алаш жақта, үлкен қара­ғаштың түбінде, Ертістің шымырлап аққан суына көз салып, көк теңбіл желек жамылған, аппақ шөлмектей бір келіншек отыр-ау!» деп жанама, қосал­қы мағынасында қолданады. Несіпбек Дәутайұлы: «Айналасы апта ішінде-ақ шөлмектей бозарып жатты да, жұма күні көзі кіртиген Имансерікті жанына жақындатып...» («Айғыркісі») десе, Софы Сматаев: «Қатираның әлгіндегі шатынаған ызалы жанары шөлмектей бозарып, сұрланған жүздің қаны қашты» («Біз құлмыз ба, кімбіз?») дейді.

Жазушы тілінің тамыры туған топы­рағында дедік, сол туған өлкесінің мезгілі мен мекені, күн райы, сөз ыңғайы әр сөз­ді қолдануынан қанық көрініп отырады. Соның анық бір мысалы, Оралхан Бөкейде. Таң шығыстан басталады. Бө­кей­дің «Батидың көңілі пәс, сынған бұға­насы сыздап мазасын кетіріп, таң ша­пағы сорған жүзінде бозарған жүдеу­лік бар» («Өз отыңды өшірме»), «Жүзіңе қарадым, атқан таңдай боп-боз екен; боп-боз ертеңгі шақ шапақтанып, күн бояуын қып-қызыл ғып жағынып алды, бірақ сенің жүзің бәрібір ақбоз жүдеу қалпында қалды» («Ұйқым келмейді») деге­нін оқығанда, мұны сол күні алғаш қарсы алатын өңірдің жазушысы жазғаны көрініп-ақ тұрады, көңіл сендіреді. Ал «Шыңылтыр аяз сорған жүзі бозарған, осы қалпында қардан соққан аққаладай делдиіп қатып тұр еді», «сәулесімен жарқыраған көздерден жастықтың оты ұшқын атқанымен, ептеп суық сорып бозарған беттер бәрі бір қоңыр күзді еске салады» («Қар қызы») десе, Алтай қысының аязы арқаңды мұздатып жібергендей болады. Оралхан Бөкей өзі аңдаған осы құбылыстарды өзгертіп те қолданып отырады: «Аурухана сорған бетім бозарып, өзімді-өзім танымастай өзгергем. Менің ермегімнің көбі – бақ ішінде отырып кітап оқу («Дос сыры»).

Соның тағы бір мысалын Рахымжан Отарбаевтан көреміз: «Пәлі, осы Ыстық­көлдің не құдіреті бар екен? Қаланың күрең ысы мен ақ қағаз сорып, ащы көлдің шабағындай бозарып келгеніңде қолма-қол тыңайып, қаның тазарып, жілік майың толығып шығады, – деп рақаттана еркін тыныс алды» («Жас тұлпарды баптап кетсем деп едім» (эссе). «Ащы көлдің балығындай бозарып» деп сол тұзды көлдерге ау салып, қармақ тұтқан жанның сөзі екені бірден байқалады.

Дүкенбай Досжан шығармаларынан бозарудың бірнеше үлгісін табуға болады: «Күн астында көп жүрген бе, жанары босаған шелектей бозарып кетіпті», «Төртінші күні қадақ болып ауырған адамдай бозарып аяғына тұрған («Жылы жауын»), «Күн тимей өскен шөптей болып бозарып қалыпты» («Жұт»), «Газиктің айнасынан көрді, лақат қуысынан шық­қан сүйекшідей бозарып азыпты» («Ағын­ға қарсы»). Досжан «Күн тимей өскен шөп­тей бозарды» деп баланы айтып отырса, Қуан­дық Түменбай «Осы кезде қызыл жи­де сабағында тізіліп тұрушы еді, қара­шы енді, күн көрмеген бала­дай боза­руын» («Қызыл жиде») деп керісінше жемісті айтады.

Бозарудың тағы бір өзгеше қолданы­сын Жүсіпбек Қорғасбек шығармалары­нан ұшыратамыз: «Кеудесін көтере алмай, үстелге иегiмен асылған Еренғайып­тың түрi әлемтапырықтанып, тiрi аруақ­тай бозарып отыр. Ащы запырандай өксiк пен лоқсық тамағына қатар тiре­лiп, май iшкендей жүрегi кiлкiлдеп, көзi қара­уытты» («Өлікөл»), «...олардың үшеуі де өлген адамдардай бозарып отыр­ған» («Үлпілдек»).

Жүсіпбек Қорғасбек «тірі аруақтай», «өлген адамдай» бозарды десе, Тыным­бай Нұрмағамбетов «кісі өлтіргендей бозарды» деп береді: «Бұзық екеніңді, қарағым, осы үйдің табалдырығынан күйеу болып аттай бергеніңде-ақ біліп едім. Өңің кісі өлтіргендей боп-боз екен. Менің қолымды алғаш алғанда сындырып жібере жаздағансың. Сындырып. Мен сорлы сонда да сыр бермедім-ау. Күйеу дегеннің қолы түбіттей болушы еді. Бұзық екеніңді содан-ақ білгенмін, – дейді» («Әлі шалдың қыздары»).

Қажығали Мұқаметқалиұлы ауру кісінің күйін кезең-кезеңімен бере отырып, сұрлану-көгеру-бозарудың өзгеше бір эволюциялық дамуын көрсетеді: «Тәнеке Жарасбаевтың ауру қажытқан сұрғылт жүзі әуелі көкпеңбек болып, сосын бірте-бірте бозарып, бірақ тоқтап қалған қан толық тарамай, көктеңбілденіп қатты да қалды. Марқұм тірлігінде де көп аса қиналған жан емес-ті, дүниеден де көп қиналмастан кете барды» («Ақырғы күн»). Сайын Мұратбеков болса, бозаруға дейінгі көңіл күй құбылысын әдемі ашады: «Қарсы алдында жағы сопайып, көзі бағжаңдап, ұзын бойлы, сүйектері арбиған Ұзақ қана тұр. Көңілденген болады, күлген болады, бірақ өзінде өң жоқ, ұйқысы қанбаған адамдай боп-боз» («Отау үй»).

Жазушы тілінің өзге де жаңалығын Сафуан Шаймерденов пен Сәкен Жүні­совтен де молынан кезіктіруге болады: «Жақ жүні торайдың қылтанындай үр­пиіп бозарып тұрса да, шегір көзі күлімдей қалған екен» («Күлкі») және «Тісі-тісіне тимей тоңып, өңі бозарып, қысты күні сыртта бүріскен арық тауықша жау­раған Балзия қайтадан мұздай киініп алды» («Заманай мен Аманай»).

Қазақтың қасиетті тілі Қаратау қой­науындай қазыналы, Алатау биігіндей асқақ, Алтай киесіндей қастерлі, Сары­арқа даласындай жомарт, Ақ Жайықтай ардақты. Бір сөз, иә, бір ғана сөз арқылы тұтас бір дәуір туралы, тұтас бір ұрпақ ту­ралы ой айтуға да болады. Бір сөз сол шек­сіз қазынаның кілті тәрізді. Ой жаңа­лығы сөз жаңалығы арқылы ашылады.

Біз бұл жазбамызда бозару күйі турасында бірнеше жазушыны ғана мысалға алдық. Қат-қат томдар, қолжазбалар мен дәптерлерде қанша қазына жасырулы жатыр екен десеңізші. Біздің өткеніміз де, бүгініміз де, тіпті ертеңіміз де – тілде.