Елорда • 15 Қыркүйек, 2022

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары ағаш отырғызды

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары елордада жаңа саябаққа капсула салды. Жаңа саябақ Есіл өзенінің бойында салынып, оған «Бейбітшілік пен келісім» атауы беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары ағаш отырғызды

фото: instagram.com/akimat_nur_sultan/

Ағаш отырғызуға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің делегаттары, еріктілер, қала тұрғындары және т.б. қатысты.

Елорда әкімдігінің «Қалатану» орталығында атап көрсетілгендей, жобаның негізгі идеясы - «Өмір ағашы» монументі. Бұл құрылым күмбез түрінде жасалады, оның ортасында жапырақты ағаш - емен бар. Ағаш спиральмен және үйлесімді субұрқақпен қоршалады.

Сондай-ақ «Өмір ағашы» монументінің айналасына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысқан делегациялар басшыларының саны бойынша 60-тан астам жапырақты ағаштар отырғызылды.

«Тұжырымдамалық табиғи-рекреациялық аймақ құру Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-съезіне орайластырылып отыр. Парк тұжырымдамасы Қазақстандағы әртүрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті білдіреді. Идеяға сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы жер бетіндегі тіршілік бейнесінің әмбебап құндылығын білдіреді. Осылайша, инсталляция дініне қарамастан планетадағы барлық адамдар арасындағы келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыру ретінде әрекет етеді.

Күмбез өз кезегінде бір аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда 4 негізгі нүктені – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығысты білдіретін 4 кіреберіс аймағы болады», деді елорда әкімдігінің «Қалатану» орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Күмбез қабырғаларында Дүниенің жаратылуын, Қазақстан тарихындағы оқиғаларды көрсететін бейнелер, сондай-ақ қазіргі заманға үндеу ретінде еліміздің аумағында табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынады. Ағаштың айналасындағы спираль аспанды (күмбезді) және жерді (су бетін) байланыстырады, осылайша әлемнің қандай нәзік екендігі туралы ойды жеткізеді.