Қоғам • 15 Қыркүйек, 2022

Бірлігіміз – берекелі қоғам бастауы

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Еліміздің басты құндылығы – адам» деп атап көрсетеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жақында халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында. Иә, біз адамдар болып мемлекет құрамыз, бұл – Қазақстан мемлекеті. Ұлт біріктіреміз, бұл – қазақ ұлты. Сонымен бірге, бүкіл Қазақ елі болып жұмыла жүріп, берекелі қоғам құрамыз. Ал бұл мақсатқа жеткізетін бірлігіміз болуға тиіс.

Бірлігіміз – берекелі қоғам бастауы

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Меніңше, мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президент тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс», деген болатын. Міне, бұл міндеттерді мен қашанда қадір-қасиеттері жоғары, әрдайым өз дәрежесін биік ұстап тұра алатын тұғырлы тапсырма деп ұғынамын. Демек бұл міндет­тердің маңыздылығы барған сайын арта түспесе, төмендемесе керек.

Сол сияқты одан кейінгі: «Әділетті Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында атап көрсетілген: «Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек» деген сөздер, ол қай кезеңде айтылса да, өз өміршеңдігін жоғалтпайды. Мұндағы «Жоғары азаматтық жауапкершілік» деген сөзге біз жете мән бере қарауымыз керек. Әрине, бұл – біле-білсек үлкен сабақ, қаламымыз бен бағыт-бағдарымызға сілтеніп отырған сара жол. Бірақ бұл тиімді байланыс арнасын тек бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, сонымен бірге, билікте отырғандар да жете түсініп, жазылған сыннан тиісті қорытынды шығарып отырса өз нәтижесін бермек. Ең бастысы, Жолдауда айтылған басымдықтарды талқылау емес, оны орындап, жүзеге асыра білу маңызды.

Бұған дейінгі және жаңа Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді өзара ұштастыра отырып, жоғары жауапкершілік тұрғысынан орындауға күш-жігер жұмсай білу бүгінгі күннің басты міндеті болуы шарт деп есептеймін. Яғни біз Жолдауға қалай үлес қосып жатқанымызды қағазбастылықпен, немесе тек тіліміздің ұшында ғана үйіріп ұстаумен емес, іскерлігімізбен айғақтай түсуге тиіспіз.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Түркістан облысы,

Бәйдібек ауданы