Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл туындыға өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары елімізде Кеңес өкіметі орнап, өз билігін жүргізе бастағанда, оған қарсылық көрсетіп, қазақ жерінің титтей де бір пұшпағын ешкімге бермеймін деп соңғы демі қалғанша арпалысқан ержүрек аталарымыздың бейнесі алынған. Әсіресе жаңа өкіметтің күштеп ұжымдастыру салдарынан бар малы мен мүлкінен айырылған қазақ байлары мен беделді азаматтарының дені жазықты болып түрмеге қамалса, одан сытылып шыққандары шегера асып, басқа елге көшуге мәжбүр болды. Кинода осы күрделі кезең шынайы бейнеленген
Бір қарағанда, фильмде бас кейіпкер Ораз мерген бір топ жасағымен қазақ жеріне шойын жолдың салынуына, оны іске асырам деген кеңес өкіметінің өкілдеріне қарсы шығып, кедергі жасады. Оны Ораз мергеннің ел ағасы, Досмұхамет биге келіп: «Туып-өскен жерімізге үлкен нәубет төніп келеді. Жайлауымызды алып, орталықтан бері қарай шойын жол салады деген қауесет бар. Естісеңіз, бұл хабардан жүрегіңіз түршікпей ме, би аға! Алатаудай аңғарымды қырқа қылса, жайлауымды жыртып, мал біткенді құртып, даланы қала қылса, қазағым не күн көреді» деген жігерлі сөздерінен түсінесіз.
Белгілі кинотанушы, профессор Гүлжан Наурызбекова осы туынды туралы пікірінде режиссердің фильмде Кеңес өкіметінің саясатына қолдау көрсетіп, қызыл әскер командирін жағымды кейіпкер ретінде суреттегенімен, алайда, әр эпизодқа тереңірек үңілсек, оның астарында жаңа өкіметке деген әжуа жатқандығын айтады. Шындығы да сол. Оны кинодағы кейіпкерлердің мінезі мен айтқан сөздерінен анық байқайсыз. Кейіпкер демекші, фильмге түскен актерлардың бәрі де шетінен мықты. Халқымызға өте таныс бейнелер. Мәселен, мінезі өр, ешкімге басын имейтін Ораз мергенді Тұңғышбай Жаманқұлов ойнаса, аузы ауыр, болмысы бекзат Досмұхамет биді атақты актер Кененбай Қожабеков сомдаған. Қызыл әскер командирі рөліндегі Әнуар Боранбаев бейнесі де ізгі, көркем адамды көз алдыңызға келтіреді. Сондай-ақ Қасым Жәкібаев, Жамбыл Құдайбергенов секілді белгілі актерлардың рөлі де өз ерекшеліктерімен есте қалады.
Жалпы, Амангелді Тәжібаевтің кез-келген туындысынан халқымыздың ешкімге ұқсамайтын болмысы мен мінезін көресіз. «Ақырғы аманатта да» режиссердің ұлт рухын көтеруді мұрат тұтқан. Оны телеарнаға берген бір сұхбатында автордың өзі де айтады. «Киноға не істеу үшін келдім дегенде, Кеңес заманында маған халқымыз ұнжырғасы түсіп, намыссыз болып бара жатқан секілді көрінді. Бұрын бабаларымыз:« Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп өзін бәрінен биік ұстады. Демек малың да, жаның да арыңның алдында түк емес. Ар деген – рух, ар деген – намыс. Сондықтан мен киноға келгенде қазақтың атынан ғана сөйлегім келді» дейді.
Аталған фильм 1981 жылы экранға шыққанымен, бірден көрерменге көрсетілген жоқ. Өйткені сол кезде еліміздегі идеологияны басқарып отырғандардың қырағы көзіне түсіп, оның жолына тосқауыл қойылған. Осы жерде марқұм Амангелді ағаның өзін сөйлетейік:
«Түсірілім аяқталғаннан кейін Мәскеуге апарып, кино мамандары мен сыншыларға көрсеттім. Олар фильмді жақсы қабылдады. Тіпті сол жылы Таллин де өтетін кинофестивальге қатысуға жолдама берді. Одан соң Мәскеу мен қазіргі Санкт-Петербург қаласында фильмнің премьерасын өткізетін болдым. Сөйтіп, Алматыға қуанып келдім. Енді ертең фестивальге жүремін деп отырғанда Орталық Комитеттен хабарласып, ондағылар фильмді көруге сұратып алды. Оны өз қолыммен апарып бердім. Келесі күні, бұл «Кеңес өкіметіне қарсы, ұлтшылдықты насихаттаған туынды» деп бірден тосқауыл қойылды. Нәтінде біреулер жоғарыға: «фильмдегі бас кейіпкерлердің біреуі – бай, біреуі – би, ал қызыл әскер басшысы далақтап шауып жүрген біреу» деп жазған болуы керек. Осы жағдай жүрегіме ауыр тиді. Тіпті оны үстінен бір қарап, түзеуге де мүмкіндік бермеді. Қазіргі көрсетіліп жүрген нұсқасы фильмнің жұмыс көшірмесі. Онда жарық та дұрыс қойылмаған. Соны көріп, киноға қатты жаным ашиды. Бірде Астраханнан келе жатып, Ақтөбеден «Қазақ әдебиеті» газетін сатып алдым. Соның айқарма бетіне «Ақырғы аманат» фильміне 20 жыл» деп бір топ маманның кино туралы айтқан ой-пікірлерін беріпті. Сонда еңбегімнің босқа кетпегеніне қуанып, көзіме жас келді» депті.
Белгілі жазушы Смағұл Елубай режиссер туралы жазған «Таспадағы тарих» атты мақаласында: «Амангелді Тәжібаев қызыл саясаттың қанжығасында кетпеген азамат тұлғалы режиссер болды. Қиыннан қиыстырып халқының жоғын жоқтай білді. Қызылдардың қылмысты саясатына қарсы күрескен «банды» дегендердің банды емес, батыр екенін көрсете білді» деп жазады. Шынында айтулы режиссер Амангелді Тәжібаевтың Кеңес өкіметінің қаһарынан ықпай «Ақырғы аманат» атты ұлт рухын ұлықтаған фильм түсіруі – ерлік.