Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2022

Майқайыңдағы торқалы той

1000 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жерінің асты да, үсті де қазынаға толы Баянауыл өңірінде торқалы той өтті. Биыл ауданға қарасты Майқайың кентінің құрылғанына – 90 жыл. Кенді аймақтың мерейтойында ат шаптырып, елдің мерейін үстем еткен мерекелік іс-шаралармен жалғасты.

Майқайыңдағы торқалы той

Майқайың – ерекшелігі басым елді мекен. Ерекше дейтіні сол, 12 мыңға жуық халықтың берекесіне айналған әлемге әйгілі алтын кеніші осында орын тепкен. Биыл Майқайыңға 90 жыл толды. Анығын айтқанда, ондағы тау-кен өндірісінің алғаш өз алдына құрылғанына осыншама уақыт өтті. Кент сол жылдан бастап дами бастағаны себепті, жергілікті тұрғындар елді мекеннің тарихын сонымен байланыстырады.

Майқайың Майқайың бол­ғалы оның экономикасы жер­асты байлығына тәуелді. Алтын кеніші жергілікті халықты асырап отыр. «Майқайыңалтын» акционерлік қоғамы Ертістің Пав­лодар өңіріндегі ең алғаш құ­рылған тау-кен өндірісі екенін де атап өткен абзал. Ондағы кенішке тұңғыш экскаватор 1940 жылы түсірілген екен. Ол бумен жұмыс істейтін еді. Бүгін­де кәсіп­орынға екі кеніш және кен-байыту фабрикасы қарайды. Жер­­­гілікті халықтың дені бүгінде алтын өндірісінде еңбек етеді.

Негізі алтынды аймақты атақ­­ты дала академигі Қосым Пішенбаев ашыпты. Дегенмен кейбір тарихшылар ертеде бұл жерде тибеттік монахтар біраз уақыт кен өндірген деседі. Кейін алтыны таусылды деп болжанған екен. Қазақ даласынан байлық іздеген ағылшындарға Қосым бұл жерде бағалы металдың мол қоры бар деп көрсетіп берген. Сөйтіп, бұл маңда елдің қо­ныстануына, аймақтың дамуына үлес қосады. Майқайыңның алтыны Ертіс өзені арқылы пароходпен тасылған ғой. Тауарды кеме айлағына дейін пар өгізбен жеткізу (тіке жолмен жүргенде 110-120 шақырымдай болады) аса қиындық туғызатынын байқаған ағылшындар кен орнынан қазіргі Ақсу қаласы орналасқан аумаққа дейін теміржол сала бастайды. Енді паровозды жүргізетін отын – көмір қажет еді. Қосым бастаған жер барлаушыларға шұғыл түрде жақын жерден көмірдің бай кен орнын табу міндеті жүктеледі. Қосым бұл тұста да өз міндетін адал атқарды. Қазіргі Екібастұз көмір алабынан алғашқы көмір­ді тауып, жер бетіндегі ең ірі кенішке қазық қақты. Бұл туралы верхотурлық көпес Александр Бенардакидің хабарламасында айқын көрсетілген.

ы

Алтынды аймақтың дамуы­на үлес қосқан азаматтар аз емес. Бұл тізімде ел арасында «Май­қайыңның Мұхтары» атан­ған Мұхтар Әбеновтің есімі алғаш бо­лып аталары анық. Қызық бол­ғанда, Мұхтар аға да биыл 90 жасқа толып отыр. Кен байыту комбинатының барлық жұмыс сатысынан өткен еңбек ардагері – құрмет демалысында да қарап қалмаған жан. Елді жұмылды­рып, кенттегі игі жұмыстарға бас­тамашы болды. Сонау 1958 жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов осы өңірге арнайы келгенде бірге еріп жүріп, кейін сол сапар жайлы естеліктер жазды. Әлем таныған алып қаламгердің есімі Майқайың №1 қазақ орта мектебінің берілуіне бір өзі түрткі болды. Белсенді қария көп жылдар кенттегі ардагерлер кеңесін басқарып, ұрпақ тәрбиесінің дамуына мол еңбек сіңірді. Ал жуықта ол кісінің бастамасы­мен кентте үлкен музей ашылды. Алтын­ды аймақтың ардақтысына қан­дай мақтау айтса да жарасады.

Сенбі күні өткен 90 жыл­дық торқалы тойға елмен бір­ге Павлодар облысының әкі­мі Әбілқайыр Сқақов та барып, жергілікті тұрғындарды ме­рей­тоймен құттықтады. Сал­танатты іс-шарада өңірдің да­муына үлес қосқан жерлестері­міз марапатталды. Олардың арасын­да кенттің құрдасы Мұхтар ақса­қал да бар.

Мерекелік бағдарламаны Баянауыл ауданының өнер ұжымдары мен жергілікті өнерпаздар жалғастырды. Ж.Аймауытов атындағы об­лыс­тық қазақ музыкалы-драма театрының әртістері жиналған қауымға кент тарихынан сыр шертетін театрландырылған көр­сетілім ұсынды. Бұл күні жа­зық далада бәйге және ұлттық ат спорты түрлерінен басқа да жарыстар ұйымдастырылып, ел мәре-сәре болып тарқасты.

в

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті