Экономика • 15 Қыркүйек, 2022

Жел электр стансасы іске қосылды

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда қуаты 60 МВт-ты құрайтын жаңа жел электр стансасы пайдалануға берілді. Энергетикалық нысан жаңғырмалы энергия көздері әлеуетін дамытуға қолайлы бірегей аймақта – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек дәлізінде салынған.

Жел электр стансасы іске қосылды

«Самұрық-Энерго» АҚ хабарлауынша, жобаның жалпы құны – 37,4 млрд теңге. Жаңа станса әрбір номинал қуаты 2,5 МВт болатын 24 жел энергетикалық қондырғысынан тұрады. Бұдан бөлек, оған қосалқы станса, соған сәйкес инфрақұрылым салынып, сондай-ақ әуе электр жеткізу желілері тартылған. Стансада әлемдік жел турбиналарын өндіретін жетекші компаниялардың бірі – GoldWind компаниясының жабдықтары пайдаланылған.

Жаңа жел электр стансасы жылына 225,7 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірмек. Өндірістік сипаттамаларынан бөлек, жоба өзінің экологиялық құрылымы тұрғысынан да өңір үшін маңызды. Электр стансасын салу және оны іске қосу парниктік газдар шығарындыларын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына шамамен 89 мың тонна дәстүрлі отынның орнына жүретін болады.

Жобаны «Самұрық-Энерго» АҚ қазақ­стан­дық электр энергетикалық холдингі Power China қытай корпорациясы­мен бірлесе іске асырды. Бұл энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтас­тықтың табысты үлгісі болып саналады.

Жел электр стансасын іске қосуға арналған іс-шара аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Power Construction Corporation of China Ltd арасында ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат стансаны кеңейту және оның қуатын 300 МВт-қа дейін арттыру арқылы жобаның екінші кезеңін іске асыруды көздейді.

Жаңа энергетикалық нысанды салу кезінде 300 адам жұмыспен қамтылған. Стансаны одан әрі пайдалану үшін 14 маман даярланып, жұмысқа орналастырылды.

«Самұрық-Энерго» сарапшыларының айтуынша, Алматы қаласы мен Алматы облысында қазіргі күні жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттарға (Алматы ЖЭО, Қапшағай және Алматы ГЭС кас­кады, Жамбыл ГРЭС, сондай-ақ Есік, Мойнақ, Қаратал, Талдықорған ГЭС-тері) қарамастан, бұл өңірде энергия тапшылығы бар әрі мұнда отын ресурстары жеткілікті деңгейде емес. Өндіруші қуаттардың жетіспеушілігінен облыстың электр энергиясына деген мұқтаждығын облыстың энергия көздері 50 пайызға ғана өтейді. Тапшылық сыртқы энергия өндірушілер (республиканың солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭС-і және Қырғызстаннан) есебінен жабылады. 

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Серік Түйте­баевтың айтуынша, компания жаңғыр­малы энергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі. Энергетикалық холдингте бүгінде 5 жаңғырмалы энергия көздері нысаны жұмыс істейді – күн, жел электр стансалары, шағын су электр стансалары. Аталған жаңғырмалы энергия көздері нысандарының электр энергиясын өндіруі 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 206,6 млн кВт/сатты құраған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайызға жоғары.

– Алматы облысында «жасыл» электр энергиясын өндіру үшін көптеген табиғи мүмкіндік бар. Күн мен желдің әлеуетінен басқа, «Самұрық-Энерго» гидроэнергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұған Мойнақ ГЭС-ін салу және Шардара ГЭС-ін жаңғырту жөніндегі аяқталған жобалар дәлел бола алады. Компанияның портфелінде жаңа су электр стансаларын салу бойынша бірқатар жоба бар. Атап айтқанда, Іле өзенінде Қапшағай ГЭС-інің апта сайынғы біркелкі емес тәуліктік су жіберулерін теңестіруге және стансаны қолда бар барлық қуатты пайдалана отырып, ең жоғары жүктемелерді жабу режіміне ауыстыруға мүмкіндік беретін қуаты 40 МВт болатын Кербұлақ ГЭС контрреттегішін салу қарастырылған. Сондай-ақ компания Алматы облысының тапшы энергия жүйесіне жеткізу үшін электр энергиясының көзін құру мақсатында Шелек өзенінде ГЭС-29-ды салу бойынша жобалау алдын­дағы жұмыстарды жүргізуде. Ұзақ мерзім­ді перс­пективада Алматы облысындағы Ал ЭС ГЭС каскадын қайта құру және жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жоба қайта құрылатын ГЭС-1 және ГЭС-2-де электр энергиясын өндіруді арттыру арқылы Үлкен Алматы өзенінің гидротехникалық ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді С.Түйтебаев.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2022 жылғы шілдедегі жағдай бойынша барлығы 142 жаңғырмалы энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Жыл басынан бері Қазақстанда жалпы қуаты 322 МВт болатын 8 нысан пайдалануға берілген. 2022 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 153 МВт болатын 13 нысанды іске қосу жоспарлануда.