25 Мамыр, 2010

ЖИНАҚЫ БОЛУ – САРАҢДЫҚ ЕМЕС

1077 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
“Той десе қу бас домалайды” де­ген сөзге бұрындары онша мән бер­мейтінмін. Қазір ойлап қарасам, бұл сөздің астарында көп мән жатыр екен. Иә, тойға осыншама мән беру, көп­пен бөліскен қуа­ныш­та бір гәп болса керек-ті. Көп­ші­лік демекші, ұлы­ңызды үйлен­діріп, қызыңызды ұзатсаңыз да, дү­ниеге сәби келсе де, құда ша­қыр­саңыз да сіз той жа­сай­сыз. Иә, той­сыз қазақты елестету мүмкін емес. Қарап отырсаңыз әдебиетте болсын, тарихта болсын, ертегі, аңыз­дарда болсын той-томалақтың сән-салтанаты асыра дәріптелген. Мә­селен, кейбір ертегілерден “отыз күн ойын, қырық күн тойын жа­сап­ты” деген жолдарды көзіміз ша­лып қалады. Айталық, “Ер Төстік” ер­тегісінде Ерназар деген бай сегіз ұлы­ның жоғалып, табылу құрметіне орай ұлан-асыр той жасайды. Соны оқы­ғанда расында той отыз-қырық күнге созылған ба екен деп бала кезде қатты таңырқайтын едік. Онымен қоймай, сол тойға қанша мал сойылды екен, қанша киіз үй тігіліп, қанша қымыз бен қымыран ішілді екен, қанша той жоралғысы шығын болды екен деп ойла­на­тын­мын. Жә, бұл арғы ауыз әде­бие­тінен бүгінге жеткен ертегі мен аңыз ғой. Ал бүгінгінің байлары қалай той жасап жүр? Және той үстінде ұлттық салт-дәстүрімізге көңіл бөле ме де­ген­ге келсек, осы күні жағ­дайы ке­ліп тұрса да, келмей тұрса да, жұрт қолда барына таршылық жасамай ұлан-асыр той жасап келеді. Келін түсіру, қыз ұзату, құда шақыру, сүн­дет той, туған күн, қоныс тойы бар, әйтеуір бірінен соң бірі мейрамхана мен кафелерді бос қоймайтын бол­ды. Әсіресе, той жаз бен күз айларында қыза түседі. Егер біздің ха­лықты сыртынан байқастап жүр­ген біреу болса, қазақтың көл-көсір пейілі мен тойшылдығына таң қалар еді. Әрине, тойдың қандай түрі бол­сын тойлансын, қуаныш көппен ата­лып өтсін, онда тұрған не бар дей­сіз ғой. Бұл бір жағынан халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы екенін көрсететін көрсеткіш те. Дегенмен, ысырапшылдыққа жол беретін қазақтың даңғойлығы да қатарласып жататыны өкінішті-ақ. Әлқисса, өткен ғасырдың той-томалақтары, сән-салтанаттары сол кездің талап-тұрғысына сай той­лан­са, бүгінгі тойлар мей­рам­ха­наларда өтеді. Сондай-ақ, тойдың қа­зақы қалыптан ауытқып кетпегені де баршамызға белгілі. Айталық, беташар, қыз ұзату, келін түсіру, сүндет той тағы басқа да жо­рал­ғы­лар ата-баба дәстүрінен алшақ кет­пей, қайта қазіргі заманға сай үр­діс­пен көркейіп, жаңаша тенденция бо­лып қалыптасты. Оған тағы бір оқыстан келіп қосылған соны тар­мақ – мерейтой. Онда мәдениет пен өнер қайрат­кер­лерінің, саясатта, ғы­лымда, басқа да салада аты шық­қандардың мәртебесі ұлық­та­лады. Яғни, қа­зақ­тың тойы еселене түсті. Той той­­лау­дың бұл түрі – өзіміздегі бар аза­­маттардың өз саласына қос­қан сүбелі еңбегін аялап, құр­ме­т­теу, елеп ескеру болып табылмақ. Жұрт­шы­лықтың да ардақты аза­мат­та­рының бағына көз алартпай, ел болып тойлауға атсалысуында тұр­ған ештеңе жоқ. Бұл арада айт­пағымыз, кейбір той ие­лерінің тым асыра мақтанға салынып, ысырапқа бой алдыруында жатыр. Сонымен, қазақ қандай те­пе­ріш­ті бастан кешсе де, қандай қиын­шы­лық көрсе де, салт-дәстүрі мен той той­лаудан жаңыла қойған жоқ. Қайта той тойлаудың сан түрін құбылтып, дамытып, жаңарта түсті. Бұл да болса біздің ұлттық мен­та­ли­тетіміздің түбірінің мыз­ғымас қуаттылығынан болса керек. Рас, қазіргі тойханалардың сұ­раныс пен тапсырысқа сай арнайы бекіткен бағалары бар. Қай тойхана болмасын бәсекеге де, тойыңыздың көрігін қыздыруға да дайын. Қалтаңыз көтерсе, хан сарайынан кем емес мейрамханада ұлан-асыр той жасайсыз. Сөйтіп, өз ағайын жұртыңызбен, туған-туыстары­ңызбен қуанышыңызды бөлісесіз. Дастар­қан­ды да нешеме тағам­дар­мен, шарап пен сусын, тәттілерге толтырып, ба­рың­ыз­ды салуға ты­рысасыз. Көз сүріндіретін дас­тар­қаннан кейін, тойды нағыз ду­манға айналдыратын асаба мен әнші-биші, күйшілер шақыруды да ұмыт қал­дыр­майсыз. Осы заман­ның ау­қат­ты­лары тойына шетелдік танымал жұлдыздарды шақырып, тіптен ес­тен кетпес кешке ай­нал­дырып жі­бе­ре­тінін де көзіміз көріп жүр. Онда той­ға жиылған көпшілік тек қана екі жастың бақыты үшін айтылған ақ­жарма тілектерді ғана емес, неше түрлі сауық-сайран мен ән-күйлерді де тыңдап қайтады. Осылайша қа­зақтың қанына сіңген тойшыл қа­сиетін мына дағда­рыс­тың өзі де сая­бырсыта алмай тұр. Өйткені, көпшіл де бауырмал халықтың той-ду­ман­сыз отырғанын елестету тағы да мүмкін емес. Тек бір өкінішті жәйт, пайғам­ба­­рымыз Мұхаммед (с.ғ.у) үм­бет­теріне “ысырапшыл болмаңдар” десе де, көп жағдайда қазекем бұл ес­кертпені ұмыт қалдырып кете береді. Неге десеңіз, өзгелердің ду­ман­датып жатқанын көрген ағайын өзгелерден қалыспас үшін, несие алып той жасайтын әдет тапты. Бұл намысқа тырысушылық па, жоқ жал­ған дабырамен “ұят бол­ма­сынды” бүркеніш ету ме, ол арасы бізге беймәлім. Көзге ба­дырайып кө­рініп тұратыны, соңғы кездері көп­теген отбасылар шы­ғынға көзсіз бат­са да бірінен бірі асырып той жа­сауға құмартып алды. Жинақы бо­лудың сараңдық емесін тіпті ұғ­ын­ғысы келмейді. Қазір қара­ңыз­шы, айна­ламызда қаншама үйлен­бей, тұрмысқа шықпай сенделіп жүрген жастар көп. Себебі, алдымен үйлену үшін дүркіретіп той жасау керек. Ал тойға қаншама қаражат кетеді. Кей­де тойды мейрамханада дүр­кіретіп атап өткенше, екі жас­тың бас қосқанын неге шағын бас қосу ретінде өткізуді ойла­май­тынымыз таңғалдырады. Иә, тойға өзінің ет жақындарын ғана шақырып, шағын той жасаса кім оларды жазғырғалы тұр дейсің? Егер сіздің осылай кішігірім той жаса­ғаныңызды көрсе, өзгелер де “пә­ленше бала­сын солай аяқтандырыпты. Мен де көрпеме қарай көсілейін деп іліп алып кетсе, несі айып? Рас-ау, шығынға белшеден батпайтындай той жасаса, кім оны күстаналайды? Қалай айтқанда да, даңғазалықтан гөрі бізге той жасаудың жаңа үлгісі керек-ақ. Себебі, жалған намысқа ты­ры­сам деп жағдайын тұралатып алған­дар соңғы жылдары көбейіп кетті. Егер шығынға ұрынбай той жасаса, қазақ көп нәрседен ұтылмас еді. Ба­лаңызды үйлендіргелі жүрген бол­саңыз, тойды шағын отырыс түрінде жасасаңыз сізді көрген көршіңіз де солай етуі әбден мүмкін. Сөйтіп, қоғамды ынсап пен ыждағат­ты­лыққа, жинақылыққа шақы­ру­дың жо­лын өзіңіз бастап берсеңіз, өзгелер неге қоштамасқа?! Нарық заманы біздің қоғамды сау­даға да, бәсекеге де тез үйретті. Ендеше, аста-төк тойды жинап қойып, оны жинақы өткізуді үйрену сон­ша­лықты бір қиын шаруа емес. Бел­ше­ңізден шы­ғынға батып, қаншама ас пен та­ғамды рәсуа етудің де обалы бар емес пе?! Жан-жағымызға қарасақ, басқа халықтар да той тойлап жатады. Алысқа бармай-ақ мына тұрған көрші өзбек пен орыстың тойына қа­расаңыз, шағын ғана отырыс жа­саумен шектелетінін көреміз. Са­наулы, басы артық ешкім жоқ. Яғни, қуанышына шын ортақ­тас­тарды ғана топтастырған. Әрине, сіз осы орайда “бір жырғалтып той жа­сауда тұрған не бар? Бар кезде ша­шылу керек. “Той – құдайдың қа­зынасы, құдайдан қайтады” деген уәжді алға тартқыңыз келіп отырған бо­лар. Дұрыс, бірақ қазіргі ортаға, қа­зіргі талғамға салып безбендесек, оның аты дарақылық демеске лаж жоқ. Жансая СЫДЫҚБАЙ.