XXІ ғасырдың ойы шымыр, сөзі жұмыр көрерменін күлкіге көміп, құрметке бөлену орасан еңбектің өтеуімен келетіні сөзсіз. Қазір сахнадағы арзан әзілге көрермен назар да салмайды. Сондықтан театр өнерінде бәсекелестік көбейіп, уақыт өткен сайын дами түсуде.
Солардың қатарындағы «Кентау шоу» және «Шымкент шоу» театрлары бар. 2000 жылы «Шымкент шоу» әзіл-сықақ театрының алғаш қазығын қағып, шымылдығын ашқан айтыскер ақын Әбдіхалық (Сәбит) Әбдірайымов болатын. Ол кейін тізгінді бірден бұл салада бұрын жұмыс істемеген Мырзахмет Егембердиевке тапсырғанда «енді қалай болар екен?» деп, көңілдері күпті болған жұрттың көпке дейін қауіп еткені рас. Сөйтсек, Сәбит ақын қателеспепті. Жастайынан өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Мырзахметтің халықты заманауи әзіл-қалжыңның қайнарымен қандыра білетініне сенген екен.
Мамандығы құрылысшы, экономист жігіт театрдың өнерін елге таныта білді. Бүгінде топтың құрамында 8 әртіс еңбек етеді. «Шымкент шоуда» Күлпәш бейнесімен жұртқа танымал Берік Тұрсынбековті, сондай-ақ, Дәурен Жұмаділов, Нұрболат Есенбеков, Қарлығаш Ахметова сынды өнерпаздарды кәсіби әртістер қатарына қоса алды.
2007 жылдың желтоқсан айында Кентау қаласында «Кентау шоу» әзіл-сықақ театрының ашылу салтанаты өткен болатын. Құрамында 10 әртіс бар. Көбісінің арнайы білімі бар. Бұл театрдың өзге сатиралық театрлардан айырмашылығы – бағдарламасында скетч, ән, биден басқа цирк өнерінің түрлі жанрлары – фокус, иога бойынша қызықты қойылымдар қамтылған. «Кентау шоу» Ресейге гастрольдік сапармен барып, Астрахань облысында, Саратов, Волгоград, Самара және Омбы қалаларында өнер көрсеткен, өзіндік кескін-келбеті, мінез-болмысы қалыптасқан ұжым. Соның бір дәлелі – М.Егембердиевке талай жанның жүректегі лебізі ақтарылған үшбу хаттар жиі түсіп жатады. Мұндай алғыс сезімге толы хаттар бүгінде 1800-ге жуықтап қалыпты. Бұл – өте сирек кездесетін оқиға.
«Күлкістан» сатиралық театры да бірте-бірте танымал өнер тобына айналды. Бүгінде олар өзін-өзі қаржыландыратын деңгейге жетіп отыр. Оған М.Егембердиевтің сіңірген еңбегін айтып тауыса алмайсыз. Директор да, продюсер де өзі. Режиссерлері сайдың тасындай – Сейіл Ибатов, Медеу Достаев, Мағауия Қозыбағаров есімді азаматтар.
Айта кету керек, 2002 жылы Алматыда өткен әзіл-сықақ театрларының республикалық алғашқы фестивалінде «Шымкент шоу» бірінші орынды иеленді. 2006 жылы Ақтаудағы «Каспий – достық теңізі» атты халықаралық күлкі жәрмеңкесінде «Шымкент шоу» театры бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2013 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен республикалық Көңілді тапқыштар клубы сайысында «Кентау шоу» театрының әртістері Ыбырай Бердіқұлов пен Нұрсұлтан Жақыпбеков бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтқаны жұрт жадынан шыға қойған жоқ.
Мырзахметтің анасы Өміріш – 9 ұл, 6 қыз тәрбиелеген алтын құрсақты ана. Отбасының тұңғышы болған оған көп салмақтың артылуы заңды еді. Әкесі Қозымет 33 жыл шахтер болып жұмыс істеп, балалары кәмелеттік жасқа тола бере дүние салған екен. Бір-біріне бауырмал болып өскен ұл мен қыз кейін бірі таудай әкеге, бірі абзал анаға айналған. Ұяда ұлағат көріп өскен Мырзахметтің балалар үйлері мен жетім-жесірге жасаған қайырымдылық көмегі өз алдына бөлек әңгіме.
Өткен жылдың мамыр айында өзі оқыған Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепке ұлы ұстаздың ескерткіш-бюстін өз қаржысымен орнатқаны үлкен-кішіге зор ғибрат. Ескерткіштің айналасы бүгінде гүлзарға айналған. Мектепті 40 жыл бұрын бітірген сыныптастарының басын қосқаны туған жерге деген сүйіспеншіліктің тағы бір ұмытылмас жарқын беті іспетті. Оған БҰҰ жанындағы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің арнайы өкілдері қатысты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында БҰҰ-ның «UNCOPA» бөлімінің халықаралық «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Ол – ауған соғысына, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагер. Халықаралық көркемөнерпаздар одағының мүшесі, Шымкент және Кентау қалаларының құрметті азаматы, Республикалық базарлар және кәсіпкерлер қауымдастығының ОҚО бойынша филиалының вице-президенті.
Мырзахмет Қозыметұлынан «жетістікке жетуіңіздің сыры неде?» деп сұрағанымызда, өмірлік жары Ғалия Мұсақызының еңбегіне ерекше тоқталды. «Үйден ешқашан қонақ үзілген емес. Театр әртістері үйімізде қона жатып, өз баламыздай болып кеткен. Бәрінің көңілін таба білетін сүйікті жарымның жан дүниесі жадырап тұрмаса, осынша шаттық шаңыраққа орнамас еді ғой», – деп күле тіл қатты.
«Кентау шоу» театры бүгінде «Біздің өмір» атты телевизиялық комедиялық фильм түсіруді қолға алуда. Сонымен бірге, Қазақстан қалаларына гастрольдік сапарларға шықпақ.
Шырайлы Шымкенттің шырайын күлкісімен, әзіл-оспағымен кіргізген сатиралық театрлардың халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне аянбай тер төгіп жүрген осындай бітім-биігі бөлек жандармен сөйлескенде, рухтанып, сіздің де бойыңызды аяулы бір сезім билеп алғандай күй кешесіз. Өнерге жақындап бара жатасыз. Адамға күле білу де, күлгізе білу де керек екен ғой.
Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ.
ШЫМКЕНТ.