Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сенім телефонына Қостанай қаласында белгісіз тұлға өзін салық қызметкері ретінде таныстырып, фискалдық чектердің берілуін тексереді, тексеру жүргізу арқылы кәсіпкерлерге қауіп төндіреді, ақша бопсалайды деген дабыл түсті.
Мемлекеттік кірістер комитеті аталған тұлғаның мемлекеттік кірістер органдарына еш қатысы жоқ екенін хабарлады.
«Салықтық тексеру, тексеруге жататын мәселелер көрсетілген нұсқама негізінде жүргізілетініне назарларыңызды аударамыз. Сондай-ақ Комитет Салық кодексінің 156-бабының 1,2-тармақшаларына сәйкес салық төлеуші салықтық тексеру жүргізу кезінде:
- салық органынан тексеру жүргізу тәртібіне қатысты салық кодексінің және Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері туралы ақпаратты сұратуға және олардан алуға;
- салықтық тексеру жүргізетін салық органдарының лауазымды тұлғаларынан салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерді немесе сәйкестендіру карталарын ұсынуды талап етуге құқылы екенін еске салады», делінген хабарламада.