16 Мамыр, 2014

Бизнестің буыны беки түсті

279 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында шағын және орта бизнестің жалпыға ортақ еңбек қоғамында берік экономиканың негізі екенін атап өте келе, 2050 жылға қарай бұл сала еліміздің ішкі жалпы өнімінің кемінде 50 пайызын өндіруі керек деген нақты тапсырма берген-ді. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Елбасы осы межеге жету үшін кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтетіндей жағдай туғызуда. Шағын және орта бизнестің бойына қан жүгіртетіндей қауқары бар түрлі мемлекеттік бағдарламаларды былай қойғанда, Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың ақпан айында кәсіпкерлікті дамытуды түбегейлі жақсарту туралы Жарлыққа қол қойды. Ол мемлекеттік тексеру органдары тарапынан кәсіпкерлерді заңсыз және санкция берілмеген тексерулерден қорғау үшін маңызды қадам болғаны анық. Бұдан басқа 2015 жылдың қаңтарынан бастап заң бұзушылық ықтималдылығы жоғары кәсіпкерлердің ғана тексерілуге жататынының өзі игілікті істің ілгері­леуіне ықпал етері сөзсіз. Мемлекет шағын және орта бизнестің серпінді дамуы­на ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Ұлт­тық қордан 2014-2015 жылдарға шағын және орта бизнес нысандарын несиелеуге 1 триллион теңге қарастырылып отырғаны да соның айқын дәлелі болса керек. Соның 500 миллиард теңгесі биыл бөлінеді. Ендігі мәселе осы қаржыны қайтарымы болатындай жобалар арқылы игеру болмақ. – Қазірдің өзінде осы қаржының 100 миллиард теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы өңдеу өнеркәсібі жобалары бойынша шағын және орта бизнесті жылдық өсімі 6 пайыздық 10 жылға несиелеуге, банк секторын сауықтыруға 250 миллиард теңгесі, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыруға 150 миллиард теңгесі бөлінді. Бұл қаржы қазан айына дейін игерілуі тиіс. Міне, біз қазір осы қаржыны алуға үмітті жобаларды іріктеудеміз. Мүмкіндігінше, өңір­дегі шағын және орта бизнес нысан­дарының бұған көптеп қатысуына қол жеткіземіз, жобаларымыздың қайта­рым­дылығын дәлелдеуіміз керек. Бұл бағытта біз үміт артып отыр­ған жобалар баршылық, – дейді облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов. Оның айтуынша, өңірде шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік мол. Облыста өткен жылы шағын және орта бизнестің белсенді нысандары 3,3 пайызға өскен, олардың жалпы саны 37,0 мыңнан асып жығылған. Осы салада 120,0 мыңнан астам адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Осы кезеңде шағын және орта бизнес нысандары 431,4 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 115,0 миллиард теңге төлемдер түсірген. Бұл оның алдындағы 2012 жылмен салыстырғанда тиісінше өнім өндіру 12,6 пайыз өскенін, ал, түсімдердің 107,4 пайыз құрағанын көрсетеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. «Еңбек өнім­ділігі-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбекпен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге алғышарт жасауда. Сондай-ақ, Қазақ­станның индустрияландыру картасына енген жобаларды жүзеге асыру бағытында белсенді және жүйелі жұмыс жүргізілуде, ол үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты құралы ретінде орта және шағын бизнестің ілгерілеуіне де ықпал етіп отыр. Оған жалпы сомасы 574,9 миллиард теңге болатын 76 жоба енгізілді. Бұл жобалар жүзеге асқанда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. ҮИИДБ жүзеге асырудың алғашқы төрт жылында өңірде жалпы сомасы 301,8 миллиард теңге болатын 70 нысан пайдалануға беріліп, 5 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Өткен жылы 8 нысан іске қосылып, 115,1 миллиард теңге инвестиция игерілді, 755 жаңа жұмыс орны ашылды. ҮИИДБ аясында жаңа технологиялар пайдаланылатын ірі жобаларға жататын Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші және үшінші кезегін, Ақтөбе рельс арқалықтары зауытын, үй құрылысы комбинатын, калий тұздары кенішінен минералды тыңайтқыш шығаратын өндірісті пайдалануға беру бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы барлық қаржыландыру көздерінен шағын және орта бизнеске 48,5 миллиард теңге қаржылық-несиелік қолдау көрсетілген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарлама­сының арқасында өңір кәсіп­­керлері жұмыс істеп тұрған кәсіп­орын­дарды жаңартуға және жаңа өн­ді­рісті ашуға, сервистік қызметті құру­ға, инженерлік-коммуникациялық құры­лымдарды дамытуға 3,0 миллиард теңге қолдау көрген екен. Өткен жылы 124 жобаға осы бағдарлама аясында қаржылай қолдау көрсетілген, өз ісін жаңадан ашып жатқан 12 кәсіпкер 32,9 миллион теңге гранттарға ие болған. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері өз ісін жаңадан қолға алған және жұмыс жасап жатқан 4118 кәсіпкер жеделдетіп оқудан өткен, 736 кәсіпкерге 4130 сервистік қызмет көрсетілген. «Іскерлік байланыстар» бағдарламасы бойынша 81 кәсіпкер оқытылып, олардың тоғызы Германияда, алтауы АҚШ-та тәжірибеден өткен екен. Қазір 1 мыңнан астам кәсіпкер бағдарлама бойынша қолдау шараларымен қамтылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 8,3 мың жұмыс орны сақталып қалды және 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Үстіміздегі жылы бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге қаржы бөлін­ген. Сондай-ақ, 2010-2020 жылдары моно­қалаларды дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 12 қа­тысушы оқытылып, Хромтау қаласындағы кәсібін жаңадан бастаған екі кәсіпкерге грант берілген. Бұл мақ­сатқа ел бюджетінен 6,0 миллион теңге қарастырылған. – Экономиканың басым бағыттарына отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін жағдай туғызу, әлемдік стандарттарға жауап беретін осы заманғы өнеркәсіптік-өндірістік кешен құру мақсатында облыстық әкімдік Ақтөбе қаласының индустриялық аймағын құру бойынша жұмыстар жүргізуде. Оған 200 гектар жер бөлінді. «Ақтөбе қаласы индустриялық аймағын құру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Индустриялық аймақта құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын дамытуға бағытталған 15 өнеркәсіптік нысан орналастыру көзделуде. Бұл жобаларды толық жүзеге асыруға 500,0 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша инфрақұрылым нысандарын салуға 8,0 миллиард теңге жұмсалмақ, – дейді Марат Нүренұлы. Бұл жоба жүзеге асқанда өңірде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, сауда, логистика, көлік, коммуналдық шаруашылық және басқа қызмет түрлері серпінді дамиды деп күтілуде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Жеке кәсіпкерлік бас­тамаларды қолдау» бағыты бойынша үстіміздегі жылы облысқа республикалық бюджеттен 509,5 миллион теңге бөлінген екен. Облыста «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірлесе отырып, ірі компаниялардың, мемлекет пен бизнестің бірігуі арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған «Әріптестік» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мұның айқын мысалы ретінде, «Ақтөбе металл конструкциялары» ЖШС жүзеге асырып жатқан шахталық арқалық металл бекітпелерін шығаратын жаңа жобаны бөле-жара атауға болады. Бұл өнімді «Қазхорм» ТҰК» АҚ Дөң кен байыту комбинаты тұтынатын болады. Қазіргі таңда тапсырысшымен бес жылға ұзақ мерзімді келісімшарт жасалып, металл бекітпелер шығарыла бастады. Кәсіпорын үстіміздегі жылғы алғашқы тоқсанда жалпы сомасы 119,0 миллион теңге болатын 2403 тонна металл бекітпелерді шығарып та үлгерді. Кәсіпкерлікті қолдау құрылымдары кеңейе түсуде. Облыста қазір 8 бизнес-инкубатор жұмыс істейді, 3 кәсіпкерлікті дамыту орталығы, 23 екінші деңгейлі банк филиалы, 40 шағын несиелеу ұйымы, бір технопарк ашылды және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе филиалы жанынан кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді орталығы құрылды. Ол аудандарға тұрақты түрде шығып, салық және бухгалтерлік есеп жүргізу бойынша тегін кеңес береді және қызмет көрсетеді. – Кәсіпкерліктің бұдан гөрі де қарқынды дамуына қолбайлау болып отырған өзекті мәселелер де жоқ емес. Шағын бизнес нысандары несиеге қол жеткізе алмайды, кәсіпкерлердің барлығында бірдей өтімді кепіл табыла бермейді. Олар несиені кепілдік қамтамасыз етуге байланысты банк­тердің, қаржы институттарының бар­лық шарттарын орындай алмайды. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер жер­дің шалғайлығынан және төлем қабілеті төмендігінен консалтингтік компаниялардың қымбат қызметін пайдалана алмайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болу үшін тапсырыс пен қажетті құжаттарды тапсыру кезінде кәсіпкерлерге облыс орталығына бағдарлама кураторына ұсынылған материалдар мен деректерді түзету қажет болған жағдайда әлденеше рет келуіне тура келеді. Бұл қолайсыздық тудырады, – дейді облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов. Осындай азын-аулақ қиындықтарға қарамастан жергілікті билік облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, өңірде кәсіпкерліктің қанаты қатайып, шағын және орта бизнестің буыны бекуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Облыста бизнес үдерістерін ықтималдауға, аймақта іскерлік ахуалды қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың қайтарымы қазірдің өзінде көріне бастады. Оны облыста өндірілетін өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің жыл санап арта түскенінен де аңғаруға болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».  Ақтөбе облысы.