16 Мамыр, 2014

Бірі өзгертіліп, екіншісі жаңғыртылады

242 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен келесі брифинг Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға арналды. Оның бірі – экономикаға қажетті мамандар даярлау болса, екіншісі – зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі. Бес жылға лайықталып жасалған еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы биыл мәреге жетеді. Алда осы бағдарламаның екінші кезеңі жос­парланып отырғаны аян. Екінші кезеңде экономиканың басым бағыттары бойынша ғылыми-техникалық және жоғары білікті мамандар даярлау мәселесі өткір қойылып отырғаны жиында әңгіме арқауына айналды. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова 1998 жылы кәсіби стандарттар бекітілгенін, алайда, қазіргі таңда технологиялардың жаңаруына байланысты стандарттарды қайта қарау мәселесі туып отырғанын мәлімдеді. Екіншіден, осыған дейін оқу орны мен өндірістің арасында, сондай-ақ, қоғамдағы барлық деңгейдегі субъектілердің арасында жұмыс беру тұрғысында байланыстың нашар болғанын айта келіп, бұл санға да, сапаға да әсер еткенін баяндады. «Бұдан былай Үкімет, министрліктер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оқу орындары тығыз жұмыс істейтін болады. Ал енді мамандық стандартына келер болсақ, кәсіптердің жіктеуіші толығымен қайта қаралады. Ол халықаралық тәжірибеге негізделіп жүзеге асырылады әрі жаңа өндірістің талабына жауап береді. Жалпы, біз осы екі-үш жылдың ішінде 900-ге жуық стандартты қайта қарауды жоспарладық. Оның ішінде бірінші кезекте Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ең қажетті мамандар санаты қаралады. Тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіледі. Бұл бойынша басты бағыттардың бірі – кадрлар сұранысын жоспарлау. Ең қажет мамандықтар бойынша мамандар даярлауды жолға қоямыз», деді Гүлшара Наушақызы. Ол, сонымен қатар, зейнетақы мәселесі бойынша да жаңа деректерден құлағдар етті. Оның айтуынша, жүйедегі зейнетақы төлеудің барлық деңгейіне өзгерістер енгізіледі. Базалық деңгейді ең төменгі күнкөріске жеткізу қарастырылады. Сонымен қатар, бұрынғы ынтымақтастық зейнетақы төлене береді. Жүйедегі ең бір тың жаңалық – бұрын жинақтаушы қорларға жұмысшы мен мемлекет қана қатысып келген болса, бұдан былай өз қызметкеріне 5 пайыз жарна төлеу арқылы жұмыс беруші де қатыспақ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев брифинг барысында бизнестегі маман жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 10 бизнес қауымдастықта нақты 45 мың маманға қажеттілік бар. Және олардың көбі жұмысшы мамандар. Ол, сондай-ақ, дуал­ды оқытуға байланысты былай деді: «Осы жылы Үкімет Мәжiлiс қарауына заң жобасын енгiзеді. Ол заңнамалық тұрғыда дуалды бiлiм беру мәселесiн нақты айқындамақ. Себебi, түрлi өңiрлерде ұйымдардың әрқайсысы дуалды бiлiм берудi өздігiнше түсiнеді. Заңнамалық тұрғыда нақты айқындалған дуал­ды бiлiм беру түсiнiгi әзiрге жоқ. Сондықтан биылғы жылы «Бiлiм беру туралы» заңға тиiстi өзгерiстер енгiзiледi». Брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова алдымен мамандар даярлау жүйесін жаңғырту бойынша министрлік ұсынған механизмдерді атап өтті. Біріншіден, бір сала көрсетіліп, соған керекті мамандықтар тізбесі жасалады. Құрылыс болса, құрылысқа қажетті мамандықтардың барлығы көрсетіледі, әрбір мамандықтың анықтамасы белгіленеді. Екіншіден, кәсіптердің нақты түрлерінің бөлінісінде кадрларға қажеттілікті айқындау мен болжау жүйесі құрылады. Білім беру тапсырысы нарықтың нақты қажеттіліктерінен қалыптасады. Үшіншіден, кәсіби стандарттар білім беру бағдарламалары мен оқу-әдістемелік базаны әзірлеудің және жаңартудың негізі болады. Ал зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты министр төмендегі жайларды мәлімдеді. Қазіргі таңда елімізде 1 миллион 700 мың адам зейнетақы алады екен. Жаңа тұжырымдама еліміздегі зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына кепілдік беру мақсатында жасалып отыр, әрі зейнетақымен қамсыздандырудағы қолданыстағы көпдең­гейлі жүйені сақтап қалуды көздейді. «Жаңғыр­тудағы басты тұжырымдамалық өзгеріс – қолданыстағы жинақтаушы жүйені жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне төлейтін 5 пайыз жарналары есебінен қалыптасатын жаңа «шартты-жинақтаушы» жүйеге ауыстыру», деді Т.Дүйсенова. Жаңа тәсіл бойынша қолданыстағы жинақтаушы жүйеге қатысушы әрбір адамға дербес зейнетақы шоты (қазіргі жинақтау шотына қосымша) ашылатын болады, онда жұмыс берушілердің сол адамның еңбекақысына сәйкес 5 пайыз жарналары тіркеліп отырады. Жұмыс берушілерден түсетін жарналар капиталдандырылмайды және жекелеген адамдардың меншігі болмайды, ол осы жүйеге қатысушылардың зейнетақыларын төлеуге жұмсалатын болады. Министр жаңа жоба бойынша базалық зейнетақы алушылардың жағдайын да атап өтті. Егер азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі болмаса, оларға ең төмен күнкөріс көлемінің 50 пайызына тең келетін мөлшерде базалық зейнетақы тағайындалады. Жүйеге қатысу өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақысының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайтын болады. Ал, жүйеге қатысу өтілі 35 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейіне тең болады. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».