Еркін күрес шеберіне бұл медаль күрес түрлері бойынша Сербияда өткен әлем чемпионаты барысында табыс етілді. Біріккен күрес әлемінің президенті Ненад Лалович даңқты спортшыға жүлдені өзі табыстап, құттықтау лебізін жеткізді.
Естеріңізге салып өтейік, Лондон олимпиадасында еркін күрестен 120 келіге дейінгі салмақта Дәулет Шабанбай қола үшін белдесуде ресейлік Билял Маховқа есе жіберді. Бұл салмақта алтынды өзбекстандық Артур Таймазов, күмісті Грузия балуаны Давид Модзманишвили иеленгенімен, кейін олардың допинг тестерінен тыйым салынған заттар анықталып, екі спортшының нәтижелері де жойылды. Осылайша үшінші орын алған Махов пен Иран елінің өкілі Комеил Гасеми жеңімпаз болып танылып, қос спортшы да алтын медальды қанжығалады.
Біріккен күрес әлемінің шешімі бойынша күміс медаль ешкімге берілмеді.
Ал олимпиада ойындарындағы жалпы есепте 5-орынға табан тіреген қазақстандық Дәулет Шабанбай мен АҚШ спортшысы Тервел Длагнев қола жүлдеге ие болды.