16 Мамыр, 2014

Жаңалықтар жалғасын табуда

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
вввШағын қала санатында біраз игілікті істердің ордасына айнал­ған Жаңаөзенде тұрғындар мен мұнайшылар, әлеуметтік сала қызметкерлері үшін жақсы істер аз емес. Жыл басынан бері қала іргесіндегі Қызылсай ауылы мен мұнай кәсіпшілігі аумағынан заманауи екі автобекет пайдалануға берілсе, Жаңаөзен қаласының өзінен 500 орындық «Медикер» денсаулық кешені тапсырылды. Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың Жаңаөзен қала­сына іссапары барысында тағы жаңа нысандардың тұсауы кесілді. Оның бірі – заманауи үлгі­де салынып, талапқа сай жабдық­­­­­талған өрт сөндіру де­посы. Жыл жарымға жуық уа­қыт құрылыс аймағына ай­налған төрт қабатты нысан алты кіреберістен тұра­ды. Онда байланыс бөлмесі, өртке қарсы құрал-жабдықтар сақта­латын қойма, 20 орындық жатақхана, қызметкерлер мен олардың отбасына арналған 1,2,3 бөлмелі пәтерлер, оқу-жат­тығу орны, қызметтік бөлмелер мен шаруашылық бөлмесі, өзге де жұмыс жүргізуге қажетті тұрақ­жайлар бар. Өрт сөндіру үшін халықаралық талаптарға сай тех­никалармен, жабдықтармен жа­рақтандырылған қуатты база­сы бар депо ғимараты архитек­ту­ра­лық тұрғыдан да көз тартады. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Төтенше жағ­дай­лар министрлігінің, Маңғыстау облыс­тық әкімдігі мен ТЖМ Маңғыстау облыс­тық департа­ментінің қол­дауымен республикалық бюджет есебінен бой көтерген өрт сөндіру депосы Жаңаөзен қа­ласы үшін барынша қажет­ті орын. Өмір болған соң ке­леңсіздіктер болмай тұр­майды, ал 130 мыңнан ас­там тұрғыны бар, бірнеше әлеу­меттік-қоғамдық нысандар мен өндірістік қалада техникалық және табиғи апаттарды былай қойғанда, тұрмыстық ағаттықтардың орын алуы бек мүмкін. Өткен жылдары тек Жаңаөзен қаласы бойынша 170-ке тарта өрт оқиғасы тіркелген. Ал жақын маңдағы ауылдарды қосқанда, өрт сөндіру қызметінің ауырт­палығы мен ауқымы, жауап­кершілігі еселене түсетіні анық. Бұл алдын ала сақтануды, апат­ты жағдайлардың алдын алуға дайын болуды және жұмылдыру күшінің берік болуын қажет етеді. Тағы бір жағымды жағы – депо іске қосылған соң 140 адамға жа­ңа жұмыс орны ашылатын бо­лады, бұл «Жол картасы» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы іс. Қазақстан Республикасы Тө­тенше жағдайлар министр­лігі Өрт­­ке қарсы қызмет ко­митетінің төр­­ағасы С.Әубә­кіров пен аймақ бас­шысы А.Айдарбаев қатысқан сал­танатты сәтте депо­ның ашылуы­мен сала қызмет­керлерінің тұр­ғын үй мәселесі де шешімін таба­тындығы баса ай­тылды, сон­дай-ақ, көңілдегідей көрікті нысан сый­лаған «Фирма «Жак-Жал» ЖШС басшысы Д.Құрбанбаевқа алғыс айтылды. 2016 жылға дейін елі­­мізде 13 өрт сөндіру депосы са­лын­­бақ. Тұрғындардың санына қа­­рай олар­дың көлемі де әртүрлі болмақ. Өрт сөндірушілер әрбір үй мен мекемеде қауіпсіздікті қамта­масыз етіп қадағалап тұра алмайды, бірақ өрт бола қалған жағ­дайда оны дереу еңсеріп, адам­дар өмірін құтқарып, орасан мате­риалдық шығынды болдырмау үшін жанталаса отпен алысады. Жаңаөзендегі жаңа депо ауласында он шақты өрт сөндіру көлігі «құйрық-жалын түйіп» сақадай-сай тұр. Дабыл қағылса, өмірге араша түсу үшін жүйтки жөнелмек. Жаңаөзен қаласына іссапар­дағы аялдаған келесі орын «Самал» шағын ауданынан салы­нып жатқан «Зиба» сауда ойын-сауық кешенінің құрылыс алаңы болды. Жалпы құны 635 млн. теңге тұратын бұл жоба – қаладағы алғашқы сауда ойын-сауық кешені болуымен де ерекше. Жоба бастамашысы жеке кәсіпкер Г.Оразова құрылысқа негізінен өз қаражатымен кіріссе, қо­сым­ша Жаңаөзен қаласы кәсіп­керлігін дамытудың 2012-2014 жылдарға арналған бағ­дар­ламасы мен Жа­ңа­өзен қа­ласын әлеуметтік-эко­­но­мика­лық дамытудың 2012-2020 жыл­дарға арналған кешен­ді жос­пары» көмекке келіп, қол­дау болған. Қазір құрылыс-мон­таждау жұмыс­тары жүріп жат­қан нысан биыл жаз мезгілінде жаңа­өзендіктерді қуанышқа бөлейді деген меже бар. Жаңаөзендегі сапар одан әрі «Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында қолға алынған өндірістік алаңда жалғасты. Инженерлік-инфрақұрылым жұ­мыстары қызу қолға алынған алаңда полимер цехы, әжетхана қағазын дайындайтын цех және сусын өндіретін шағын зауыт болады деп күтілуде. Биыл тұсауын кесеміз деп үкілеп отырған жоба­лар алаңына екі жылда рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджеттен 469 628 мың теңге бөлінген. Мұнайлы қаладағы әңгімеге көп ілінетін тұс – құбырларды тазарту қондырғысы маңында болып келеді. Сапар аясынан бұл жер де тыс қалған жоқ. Ал осы сапарда ашылған Неке сарайы­ның табалдырығын алғашқы болып аттаған қос шаңырақ иелері Түр­кия еліне жолдама мен «Өзен­МұнайГаз» АҚ сыйлаған үй кино­театрын алып қуаныштарына қуа­ныш қосты. Алдағы уақытта Жаңа­өзен­­де жүз орындық перзент­хана, аймақ­та тұңғыш рет тұр­мыстық қал­дықтарды өңдей­тін және за­рар­сыздандыратын комбинат, мектеп тәрізді жаңа нысандар пай­далануға берілетіндігін естідік. Ақшаңқан дала төсінде, аптап ыстық құшағында мұнарта қалқыған Жаңаөзеннің бүгінгі тынысы осындай. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.
Соңғы жаңалықтар