Руханият • 18 Қыркүйек, 2022

Қарағайдың қарсы бұтағындай қаламгер Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы Қызылжар өңірінде тойланды

566 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жазушы Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойы туған жерінде шат-шадыман той болып аталып өтті. Күздің ашық күніндегі дүбірлі той облыс орталығында пердесін түрді. Оның ресми бөлігі қаладағы ең үлкен сахна – «Оқушылар сарайында» Астана мен Алматыдан жеткен құрметті делегацияны бастап келген Мемлекет басшысының кеңесшісі Бауыржан Омаровтың Президент Қ.Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып беруімен басталды.

Қарағайдың қарсы бұтағындай қаламгер Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы Қызылжар өңірінде тойланды

Жаман індеттен бері түрлі тойлар өткізудің өзінен тосырқап қал­ған халық Сафағаңның мерейтойын­да ештеңеден жасқанбады, барын­ша базарлап, республикалық дең­гей­­де өткізілген мәдени шарада көл­­дей қуанышта болды. Тойға алыс-жа­қыннан жазушының көзін көр­ген, бірге қызмет істеген әріп­тестері, шә­кірт­тері, ол туралы есте­лік жазған, өлең шығарған ізбасар­ла­ры, туған-туысқандары және бас­қа да зиялы қауым өкілдері келді. Президент кеңесшісі, қаламгер, ака­демик Бауыржан Омаров бастаған деле­га­цияның құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет пен ақындар Марфуға Айтхо­жина, Несіпбек Айтұлы, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас дирек­торы Дихан Қамзабекұлы, Қазақ­с­тан­­ның еңбек сіңірген қайрат­кері – «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов, жазушы­лар Ахметжан Ашири, Жұма­бай Шаштайұлы, Сүлеймен Мәмет, ақын­дар Ғалым Жайлыбай, Дәулет­керей Кәпұлы, ғалымдар Нұрдәулет Ақыш, Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып, әнші Нұрлан Өнербай, Ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреат­та­ры – ақын-жа­зу­шылар Әділғазы Қайырбек, Жұмаш Кенебай, Дәулет Сейсенұлы, То­лымбек Әбдірайым, Асқар Алтай, Жан­бота Айтхожина,  т.б. болды. Шара­ны ұйымдастыруға белсенді еңбек сіңіріп, күндіз-түні тыным таппай шапқылаған жазушының немере інісі, белгілі журналист Сайын Шаймерден екенін айта кетуіміз керек. Осы азаматтың белсенді әрекеті болмаса Қызылжар өңірінде С.Шай­мер­де­новтің 100 жылдығы қазақ әде­бие­ті мен өнерінің көрнекті өкіл­де­рі­нің қатысуымен мұншалықты биік деңгейде аталып өтуі де екіталай еді...

Еске сала кететін болсақ, Сафуан Шай­мерденов қазақ руханиятында өзінің қомақты қолтаңбасын қал­­дыр­ған, атақты жазушы, Мем­ле­­кет­­тік және Бүкілодақтық кәсіп­одақ­­­тар сыйлықтарының лауреаты, «Қазақстанның Халық жазу­шы­сы». Студент жастар өмірінен жа­зыл­ған ең алғашқы «Болашаққа жол» атты романынан бастап оның есімі қалың оқырман арасына кеңінен танылды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бұл шығарма туралы: «Сафуан Шаймерденов – алғашқы туын­ды­сымен-ақ көп көңілін бірден өзіне аударды. Ол қазақ әдебиетінің туын алға апаратын кейінгі ұрпақтың алғы сапындағы талант иесі» деп жоғары баға берді.

«Болашаққа жол» көп ұзамай орыс тіліне «Инеш» деген атпен аудары­лып, орыстілді оқырмандардың да қызы­ғушылығын тудырды. Сөз зер­гері Ғабит Мүсірепов: «Сафуан Шай­мерденов «Инеш» романында жастар тақырыбына батыл сүңгіп кетті де өз замандастарының рухани өмірін шынайы да, шебер суреттеп бере алды», деп атап өтті.

«Инештен» кейін жазушының идеялық-көркемдік қуаты жоғары «Мезгіл», «Сыбызғы сазы», «Қар­ғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал», «Жыл құсы», «Селдің екпіні» атты ондаған повестері жарық көрген. Мемлекеттік сыйлық алған «Әдеби толқындар» мен «Ағалардың ала­қаны» атты алдыңғы толқын мен замандастары жайлы жоғары эсте­ти­ка­лық талғаммен және шебер тіл­­мен жазылған эсселері де қазақ әде­бие­тіне олжа салған туындылар. Жазушы балаларға арналған «Жанар мен Данар», «Шалдуар» атты кітаптар да жазған. «Дөкей келе жатыр», «Өкіл әке», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» және т.б. драмалық шы­ғармалары республикалық және облыстық театрларда бірнеше рет қойылған. С.Шаймерденов көркем аудар­­ма жанрында да еселі еңбек етіп, сүбелі шығармаларды тәржімалады. Л.Толстойдың «Альберт» пове­сін, бе­ларусь драматургі А.Макае­нок­тың «Трибуналын», француз ком­позиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедия­сын аударған. Сондай-ақ Рабиндранат Тагордың «Күйреу», «Алтын сағым», «Гәуірмаһан» атты романдарын шебер аударғаны үшін оған 1982 жылы Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығы берілген. Жазу­шы «Отан», «Құрмет Белгісі» ор­ден­­­­дерімен марапатталған және Қызылжар қаласының Құрметті азаматы ата­­­ғын алған.

С.Шаймерденов қаламгерлік өнері­мен қоса жеке басының азаматтық қырлары, берік ұстанған позициясымен де аты шыққан тұлға. Желтоқсан оқиғасынан кейін Г.Колбиннің жазушылармен болған кездесуінде ол жастардың аяусыз жазалағанына ақын Жұбан Молдағалиев екеуі ғана өздерінің ашық қарсылығын айта алған. Сонымен бірге ол Қазақстанда шовинизмнің өршуін батыл айыптады. Қазақтың ұлттық проблемаларының оң шешілуін биліктен ашық талап еткен оның бұдан басқа да батыл сөздері мен істерін жұрт аңыз қылып айтады.

Қызылжардағы мерейтойлық ша­­­­ра­­лар шу дегенде Сафуан Шай­мер­денов атындағы қазақ класси­ка­лық гимназиясында жазушының қа­быр­ғаға орнатылған ескерткіш-тақ­тасына гүл қоюдан басталды. Осы оқу орны Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бостандықтың ең алғашқы қарлығашы болып бой көтерген. Оған дейін бұл шаһарда қазақ мектебі мүлде болмаған, тек ауыл балаларына арналған шағын мектеп-интернат қана болған еді. Экономикалық дағдарыс жылдарында жаңа мектептің құрылысының тоқтамай, үкіметтен қаражат бөлінуіне жазушы зор үлес қосқанын бұрын жазғанбыз. Қазір қаланың қақ ортасында орналасқан сәу­летті ғимарат қазақ тілінің қай­на­­ған ошағы болып бес жүздей жет­кіншекті оқытып отыр.

Оқушылар мен мектептің мұға­лім­дер ұжымы қонақтарды қуаныш­пен қарсы алды. Өздерінің өнерлерін де көрсетіп, мәртебелі меймандардың көңілін көтерді. Жиналғандар арасынан бірнеше адам сөйлеп, Сафуан Шаймерденовтің шығармашылығы мен қайраткерлігі туралы айтып, оны жасөспірімдерге үлгі етті. Мәселен, белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде өзінің жазушыдан сұхбат алғанын еске алып, оның сыр­баз, ішкі мәдениеті жоғары, білі­мі терең жан екенін алға тартты. «Саф-ағаның жан-дүниесі ұлт ісіне, елге, жерге деген сүйіспеншілікпен аңқып тұ­ратын. Оның рухы жоғары патриот­тық сезімі сіздердің бойла­рыңызға да дарысын», деді Т.Әбдірайым.

Одан әрі мерейтойлық шаралар «Оқушылар сарайында» «Сөз зергері – Сафуан» деген атпен жалғасып, оны облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек ашты. Президенттің құт­тықтауынан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың да құттықтауы оқылды. Сөз кезегі өзіне тигенде Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Сафуан Шаймерденовтің ұлтымызға сол кездегі орталық билік берген «Қазақ ұлт­шылдығы» деген теріс бағаны алдырып тастауға сүбелі үлес қосқанын айтты. «Сафекеңнің бойынан ақсүйек тектілік, бекзадалық, сонымен бірге айбары мен айдыны көрініп тұратын. Ол ұлтымыздың мүддесі таразыға түс­кен кезде ешқашан тартынып қал­ған емес», деді ақын. Сонымен бірге ол жазушы туып-өскен облыс орталығында әлі күнге көше атының берілмеуіне өкініш білдірді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожина жазушының жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиеленуіне қатты көңіл бөлгенін еске алды. Ұй­­ғыр­дың көрнекті жазушысы Ах­мет­жан Ашири өзінің естелігінде СОКП-ның «Қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулысына қарсы шыққан Қазақ­стан Жазушылар одағының шеші­мін Г.Колбинге бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде өзінің апарғанын айтты. «Сафекең осы шешімнің қабылдануына белсене араласып, батыл ұсыныстар жасаған еді», деді ол. Сонымен бірге А.Ашири С.Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» деген драмасын ұйғыр тіліне Шайым Шаваев екеуі аударып, оны сахналағандарын еске алды. Айтулы ақын Несіпбек Айтұлы Сафекеңнің ұлтына жасаған қаламгерлік, қайрат­кер­лік еңбегі ұшан-теңіз екенін атай келіп, осы күнге дейін оның ескерткіші орнатылмағанына қын­жылыс білдірді. «Желтоқсан оқи­ғасынан кейінгі кездесуде Г.Кол­бинге айтқан сөздерінен кейін билік Сафекеңнің есімін ұмыттыруға тырыс­ты, бірақ туған халқы оның бұл ерлігін жоғары бағалады», деді ол. Академик Дихан Қамзабекұлы Сафекеңнің шығармашылығына қысқаша шолу жасап, оның атына заты сай халқына саф алтындай таза көңілмен қызмет еткенін тілге тиек етті. Профессор Тұрсын Жұртбай да жазушының «өзі қандай кербез, сұңғыла болса, шы­­ғармашылығы да сондай» деп баға­лады. Қоғам қайраткері Сабыр Қасымов та жазушының азаматтық қырларына жоғары баға берді. «Қиын заманда халқы үшін қайыспай тоталитаризмге қарсы тұра білгені – жазушының қаһармандығы», деді ол.

Кеш барысында Сайын Шаймер­ден құрастырған «Сорайған Солтүс­тіктің қарағайы» атты қалың жинақ­тың тұсауы кесілді. Онда Сафуан Шай­­мерденов туралы алдың­ғы тол­­­­қын ағалар мен кейінгі тол­қын іні­­­лерінің, замандастары мен дос­та­­рының, туыстарының пікірлері топтастырылған. Жиынды қорытын­дылап сөйлеген Сайын Шаймерден мерейтойды ұйымдастыру жұмыс­та­ры­ның қаншалықты қиын­дық­тар­мен жүргізілгенін айтып берді. Сонымен қатар ол жергілікті биліктің атақты жазушының атын ұлықтаудағы сал­ғырт­тығына өкініш білдірді. «С.Білә­лов әкім болғанда береміз деген көше атын да әлі күнге бермей, аяқ­сыз қал­дыр­ды, ескерткіш туралы да соны ай­ту­ға болады. «Осы жерде С.Шай­мер­­деновке ескерткіш орнатылады» деп жазылған қаратас әлі күнге қоз­ғал­май жатыр», деген ренішін де жет­кіз­ді ол.

Осы күні кешке мәртебелі меймандар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрында Сафуан Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» атты драмасын тамашалады.

Мерейтойлық жиын ертесіне жазу­шы­ның туған жері – Жамбыл ауда­нын­дағы іс-шараларға ұласты. Мұнда қонақтар Сафуан Шаймерденовтің ата-анасы жатқан қорымға зиярат етіп, құран бағыштады, туған үйінің қабырғасына қағылған тақтаның ашылуына қатысты және ашық аспан аясында аудандық өнерпаздардың концерттік және спорттық өнерлерін тама­шалады. Осында Сәбит пен Ғабит музейлерінің де экспонаттары әке­лініп, көрмеге қойылған екен.

Қонақтар жол-жөнекей 1917 жылы Алаш форумы өткен Әлти қажының қыс­­тауына соғып, салынып жатқан мемориалдық кешеннің құрылысын тамашалады. Кешенді ашу қазан айының ортасына белгіленген.

Сонымен облыс халқын елеңдеткен дүбірлі жиын аяқталды. Оның өтуіне об­лыстық мәдениет және тілдерді дамы­ту басқармасы мен Жамбыл ауда­­­ны­ның әкімдігі елеулі еңбек сіңір­ге­нін айта кету керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы