Елдер ынтымағы – халықтар ырысы
Бірлескен берік байламдар
Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы арқасында еліміздегі және Ресей Федерациясындағы көмір өндірісі ошағы саналатын Қарағанды мен Кемеров облыстары арасында екіжақты шаруашылық байланыстар жандана түскелі отыр. Бұл өңірлерге кезінде үзіліп қалған қарым-қатынасты қайта қалыпқа келтіріп, орнықтыруға бұрынғыдан гөрі кең мүмкіндіктер бар. Солардың бірі ретінде шахталар қабаттарындағы метан газын игілікке жарату бағытында іс-ізденістерді бірлесіп жүргізіп, жүзеге асыруға арналған шараларды атауға болады. Осы мәселемен бірнеше жылдан бері айналысушы қарағандылық ғалымдар мен мамандардың үлкен тобы жақында аталған аймақтың көмір өндіру кәсіпорындарында болып, әріптестер тәжірибесімен танысып, экономикалық тиімділігі ұшан-теңіз отын көзін пайдаға асыру жөнінде ой бөлісті.
Бұл жайды көптен зерттеуші және шешімін табуға ұйытқы болушы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Николай Дридждің бағамдауы бойынша, кемеровтықтардан үйренерлік үлгілі үрдістер аз емес екен. Метан газын өнеркәсіптік негізде пайдалануды ынталандыру мақсатында жасалған қолайлы жағдайлар назар аудартарлық көрінеді. Мәселен, бұған заңдылық тетіктер мүмкіндік береді. Соның ішінде көмір қабаттарындағы метанды бөлек пайдалы қазба ретінде өндіруге болатын болса, сонымен бірге бұл үшін салық салынбайды. Осы істі бастаушы «Газпромдобыча Кузнецк» АҚ қадамы метанды энергетикалық отынның мол әрі арзан көзіне айналдыруға жағдай туғызып келеді. Өңір шахталары көмір қабаттарында 70 млрд. текше метр қоры болуы ұмтылысты тіпті күшейткен. Оны алу сондай-ақ, кен жұмыстарының қауіпсіздігі артуын, көмір қалдықтарының, газ тектес құбылыстардың пайда болуы азаюын байқатуда.
Ал Қарағандыдағы қоры 1,66 трлн. текше метрден асуы анықталып отырғанда көрші салалас кәсіпорындар ізденісінен қалыс қалмауға құлшыныс сапардың басты сабағы да, түйіні де болды. Дүниежүзілік энергия балансындағы көмірсутекті отынның үлесі таяу жылдарда 30 пайызды құрауы мүмкін деп болжанған шақта ортақ мақсат жолындағы интеграциялық байланысты тереңдетуге, өзара инвестициялық көмекті ұлғайтуға мүдделестік кеңіді.
«Арглабиннің» жаңа жолы
Өнімдерді өткізуге кеңістіктің кеңеюуі облыстағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингке де өте пайдалы болуда. Жергілікті табиғи өсімдіктерден дәрі-дәрмектің 70 түрін шығаратын отандық фармацевтика көшбасшысы құрылымының күш-қабілеті жылдан-жылға артуына, әсіресе, еуразиялық интеграцияның ықпалы тиіп отыр. Аталған холдингтің басқарма төрағасы Серғазы Әдекеновтің ризалықпен айтуынша, өз өнімдерінің басым бөлігі бүгінде Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы тұтынушыларына жіберіледі. Мысал үшін, бұрнағы жылға дейін алысқа танымал «Арглабин» препараты 200 мың данаға жуық көлемде дайындалып келсе, бұдан былай қарай өндірілуі 3 есе өскелі тұр. Бұған дейінгі кедергілердің шектелуі, өтімділігіне елеулі мүмкіндік туғызылуы, тасымалдаудың жеңілдеуі мен жеделдеуі істі ширатуға ұмтылдыра түскен.
Пайдасы мол жаңа жолға байланысты өндіріс әлеуетін көтеру назардан тыс қалмауда. Алдағы жылы фармацевтикалық зауыттың 3-кезегінің құрылысы аяқталуға тиіс. Онда орнатылып жатқан тиісті қондырғылардың біразы ресейлік, белорустық медицина өндірісінің заттары. Бұл қосымша буын дәрі-дәрмек өндіруді 5 есеге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұрын ішкі рынок сұранымымен шектеліп келінсе, енді сәті одан сайын жанып, Қарағанды дәрісі атағы жайыла түспек.
Қатерлі ісік ауруларына қарсы қолданылатын препараттарды дайындаудағы жетістіктерімен танымал холдинг Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мүдделес мамандарымен бірлескен ғылыми зерттеуді жандандыруға да ұйытқы танытуда. Табиғи гетероциклдік және изопреноидтық қосылыстардың химиясы саласында іргелі және қолданбалы зерттеулердің қазіргі жағдайын талдап, жаңа биологиялық белсенді заттарды іздеуді, бірегей дәрілік препараттар жасау жұмысын саралауға арналған Қарағандыда өткен конференцияға Ресей, Беларусь, Қазақстан ғылым академияларының 10 академигі, 6 корреспондент мүшесі, басқа да білікті онколог ғалымдары мен дәрігерлер қатысуы соған тағы бір жол салды. Кеңес қорытындысында мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол қойылды.
Ресей мен Белоруссияға сатылған дәрі өнімдері сапасы мен көлеміне үзбей сараптама жасалып отырылады. Бәсекеде ұтысқа шығуға тапқырлық танытуға тырысылады. Отандық фармацевтика өнеркәсібі тынысына тың дем беруші мүмкіндікті пайдалы қолдануға, интеграциялық үдерістер талабына сай болуға мақсаттылық холдинг бас технологі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қорлан Итжанова айтқандай, экономикалық байланыстарға берік тірек қалауда. Иә, істің көзі табылғанға не жетсін.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңіді
Осы кезге дейінгі Кеден одағының, енді, міне, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы шекаралас облыстар кәсіпкерлерінің өрісін кеңейте түсуге мол мүмкіндік ашқалы отыр. Мұны атыраулық кәсіпкерлер, әсіресе, бәсекелестікке төтеп беретіндей сапалы тауар өндірушілер қуаттап отыр. Сондай сапалы өнімімен көршілес елге шығарылатын өнімнің бірі – Құрманғазы ауданындағы «КаспийБалық» өндірістік кооперативі өндіретін балық түрлері. Кооперативтің атқарушы директоры Жұмажан Шакуповтың айтуынша, өткен жылы 4 мың тонна балық ауланып, оның 70 пайызы шетел нарығына экспортталған. Кооперативтегі екі балық өңдеу зауытынан 28 түрлі өнім шығарылады. Соның ішінде, шортан уылдырығы, қақталған жайын еті мен ысталған майда балықтарға Ресей, Балтық жағалауы елдері мен Грузиядан да сұраныс көптеп түседі екен. Бұл кооператив негізінен балық түрлерін Қиғаш өзенінен аулайды. Осы өзен бойын мекен еткен ауылдардан 300-ге жуық адамға жұмыс тауып отыр. Кооператив жұмысы жанданған сайын оның өңірге, қала берді мемлекет қазынасына түсіретін пайдасы да артып келеді. «Бұған шекарадағы түрлі кедендік рәсімдеулердің оңтайландырылуы үлкен септігін тигізіп отыр», дейді өндірістік кооперативтің атқарушы директоры Жұмажан Шакупов. Осы өндірістік кооперативтің балық өнімдерін сатып алатын ресейлік кәсіпкердің бірі Құрмет Мұсағұтова. Ол өткен жылы «КаспийБалық» өндірістік кооперативінен 15 миллион теңгенің тауарын сатып алыпты. Енді ағымдағы жылы сұраныстың көп болуына орай, балық өніміне тапсырысты үш есеге дейін өсіріп отыр. «Біз Қазақстаннан алған тауарларымызды Барнаул, Екатеринбург, Мәскеу мен Санкт-Петербургке дейін саудалаймыз. Өйткені, қазақстандық балық өнімдерінің сапасы өте жоғары. Біз Қазақстанда шығарылған сапалы өнім арқылы өрісімізді кеңейтіп отырмыз», дейді астрахандық кәсіпкер. Екі ел арасындағы сауда айналымы көлемін арттыруға ресейлік кәсіпорындар да атсалысып келеді. Астрахан облысындағы май және ерітілген ірімшік шығаратын зауыттың өнімдері Атырауда да үлкен сұранысқа иелігін жоғалтқан жоқ. Бұл зауытта сүт өнімдерінің оннан аса түрін шығару тұрақты жолға қойылыпты. Қазіргі уақытта айына шығарылатын 200 тонна өнімнің 20 пайызын атыраулық кәсіпкерлер көтерме бағамен сатып алады. Зауыт директорының орынбасары Татьяна Букаринаның айтуынша, алдағы уақытта ресейлік кәсіпорын Атырауда сауда нүктелерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл, әрине, біріншіден, өнімді тұтынушыға делдалсыз сатуға, екіншіден, бағаның арзандауына жол ашады. Қазақстан-Ресей кәсіпкерлері өрісін бір-бірімен тауар алмасу арқылы кеңейтіп жатыр. Ал бұл еларалық интеграциялық байланысты ғана емес, сонымен бірге, инвестиция алмасуды өрістетуге ықпал етіп отыр. Ресей капиталы біздің елдің, ал Қазақстан капиталы көршілес елдің экономикасын өркендетуге бағытталуда. Астрахан облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Денис Афанасьевтің мәлім етуінше, Астрахан облысының экономикасына 20-ға жуық қазақстандық компания инвестиция құйыпты. Қазір шекараның арғы бетіндегі көрші облыс экономикасының әр саласында өз жұмысын дөңгелеткен қазақстандық кәсіпорындардың ішінде ірілері де бар. «Түрлі кедендік кедергілердің жойылуы, іс жүзінде екі ел экономикасының, бизнестің дамуына мол мүкіндік ашты. Енді Еуразиялық экономикалық одақ бұл мүмкіндікті одан әрі жандандыра түседі. Біз бұрын көршілес елдер болсақ, енді тек экономикалық байланысты жаңа қырынан өрістететін сенімді серіктеске, әлеуетті әріптеске айналамыз. Бұл, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқынмен дамуына тың серпін беріп, көкжиегін кеңейте түседі», дейді Астрахан облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Денис Афанасьев. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.Дамудың жаңа динамикасы
Жаһанданған заманда интеграцияға ұмтылыстың болуы заңдылық. Шағын мемлекеттерді былай қойғанда, алпауыт елдердің өзі экономика мен саясатта өзіне серік іздейді. Одаққа бірігу, бір жағынан, экономикалық мүддеге байланысты болса, екінші жағынан, қорғанудың бір әдісі іспетті. Себебі, біз континенталды, мұхитқа шығар тура жолы жоқ мемлекетпiз.
«Досы көпті жау алмайды» деген нақыл сөз өз маңызын жойған емес. Тарихи деректерге сүйенсек, шекараны біржола ашып тастап, одақ құрған деректер кездеседі. ХІХ ғасырда-ақ Франция мен Монако, Швейцария мен Лихтенштейн арасындағы кедендік одақ жаңа тарихи кезеңдегі зайырлы принциптермен құрылған алғашқы құрылымдардың бірі болып табылады. Ал қазір АҚШ, Мексика, Канада үштігінің NAFTA одағын, Еуропалық одақты, Оңтүстік-Шығысазиялық АСЕАН, Оңтүстік Американың бірқатар елдерін қамтитын Mercosur сияқты бірнеше әлемдік құрылымдарды атауға болады. Осы аталған құрылымдарға мүше-мемлекеттердің қай-қайсысы да әлемдік бәсекеде өз мүддесін қорғау үшін ғана емес, бір-бірінің мүддесін бірлесіп қорғау үшін де біріккен.
Кеден одағы да осы мақсатта құрылған. Сондықтан да бүгінгі жаһандану заманында біз кедендік одақтан кете алмаймыз. Кеден одағы түрлі бағыттағы ынтымақтастыққа жол аша отырып, бірлескен өндіріс орындарын құру есебінен одақтас елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге мүмкіндік беріп, сыртқы тауарлар экспанциясынан қорғануға жол ашады. Сонымен қатар, елдердегі тауар құны теңестірілген соң, бәсекелестік басталатыны тағы бар. Ал бәсеке бар жерде, сапаның артатыны заңды құбылыс. Мұндай пікірді Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің экономист-сарапшылары бірауыздан айтуда.
Қазір осы бағыттағы зерттеулер нәтижесін шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы – Ресей, Беларусь және Қазақстан үшін БЭК және Кеден одағына бірігудің зардаптарын бағалауға арналса, екіншісі – Украина интеграциялық бірлестікке қосылған уақыттағы оң көрсеткіштер мен зардаптарды ашып көрсетеді. Зерттеу авторлары ТМД кеңістігіндегі ықпалдастыққа қатысты болуы мүмкін алты нұсқаны іріктеп алған.
Күні бүгінге дейін Кеден одағының геосаяси маңызына назар аударылмады. Мысалы, бұл күнде Қытайдың экономикалық үстемдігінен қорықпайтын ел жоқ. Көршіні былай қойғанда, алыста жатқан қуатты Еуропа мен АҚШ-та бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Ресеймен одақтас болу осы Қытайдың Қазақстанға қатысты үстемдігін тежеп, тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте Қазақстан өзінің Еуропа мен Қытай арасындағы көпір іспетті екендігін көрсетеді. Ол Ресей аумағы арқылы еркін жүруге арналған дәліз сияқты. Бұл алғышартты орындауда Қазақстанның да сүбелі үлесі бар.
«КСРО-ны қайта құру жолындағы одақ» деген де пікір айтылады. Бұл – түбірімен қате айтылған сөз. Себебі, интеграция ешуақытта күшпен жасалған емес, ал КСРО кезінде ешқашан интеграциялық ансамбль болмаған. КСРО күштің, зорлық-зомбылықтың іс-әрекетімен құрылған. Ал күшпен пайда болған нәрсе мәңгі болмайды. Еуразиялық одақ белгілі бір келісімнің, интеграцияның нәтижесінен туындап отыр. Әр мемлекет өз егемендігін сақтап қалады. Ал КСРО-да ондай болған жоқ. Ол одақ мемлекеттерге тәуелсіздік бере алмады. Араларында келісім деген атымен болған жоқ. Бәрі де Мәскеуден басқарылды. Яғни, олар интеграциялық байланыста болмады.
Сонымен қатар, Кеден одағында, Біртұтас экономикалық кеңістікте Қазақстан Республикасы мүшелес елдермен салыстырғанда бизнес жүргізу тұрғысынан бірнеше басымдылықтарға ие болуда. Мысалға алатын болсақ, Ресейде қосымша құн салығы 18% құраса, Белоруссияда – 20%, ал біздің елде 12% құрап отыр. Бизнес үшін 6-8% едәуір артықшылық болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстанда жеке табыс салығы 10% болса, Ресейде – 13%. Ал, әлеуметтік салық бізде – 11%, Ресейде – 26%. Жоғарыда аталған факторлар біздің еліміз үшін интеграцияның барынша пайдалы болатындығының айғағы іспетті.
Оған қоса, біздің жергілікті кәсіпкерлер үшін Кеден одағы елдерінің мемлекеттік сатып алу нарығы ашылады. Атап айтқанда, Ресей мен Беларусь елдерінде мемлекеттік сатып алулар көлемі 200 миллиард долларды құраса, Қазақстанда бар болғаны 7 миллиард доллар болып отыр.
Тұтастай алғанда, Кеден одағы, алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа кіру арқылы әлемнің дамыған отыз елінің қатарында Қазақстанның орналасуына едәуір әсерін бермек.
Дінмұхамед ӘБСАТТАРОВ,
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.
Қызылорда облысы.
Ғылым мен білім саласындағы ықпалдастық
Еуразиялық экономикалық одақ құру шеңберінде жүріп жатқан интеграциялық үдерістер білім мен мәдениетті де қамтиды. Ғылым мен білім беру саласы интеграциялық қарым-қатынас болмаса, оқшауланып, томаға-тұйық қалыппен дами алмайды. Тарихта да оқшауланып оза шапқан ешкім жоқ.
Ал Ресей мен Қазақстанның бұл саладағы қарым-қатынасының тамыры тереңде жатыр. Білім саласындағы ықпалдастық басы бұрынғы ғасырларда жатса, ол Кеңес Одағы кезінде де үзілген емес. Шекарада жатқан облыстардағы аймақтық жоғары оқу орындары Ресей федерациясындағы білім ордаларымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын соның бел ортасынан көруге болады.
Ф.Достаевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті мен Қостанай мемлекеттік педагогика институтының ғалымдары Ресей империясының отар аймақтары болған қазіргі Қазақстан мен Сібірдің оңтүстік аудандарын қамтыған Дала өлкесінің тарихын зерттеуде көп жылдардан бері тізе қосып жұмыс істеп келеді. 2009 жылы біздің институт базасында осы жөнінде ірі ғылыми-теориялық конференция өтті. Өз еліміздің революцияға дейінгі, Кеңес Одағы жылдарындағы тарихын шекаралас Ресей білім орындарының ғалымдарымен байланыс орнатпай дара шауып зерттей алмаймыз. Біздің елге қатысты тарихи құнды құжаттар әлі де Орынбордың, Омбының, Мәскеу мен Санкт-Петербургтың архивтерінде жатыр.
Мемлекеттер арасында шекара сызығы болғанымен экологиялық проблемалар жөнінен көп мәселелердің ортақ екенін көріп отырмыз. Табиғаттағы өзгерістер, өзен-көлдер суының ластануы, топырақтың тозуы, ормандардың қусырылуы – осының барлығы да екі ел ғалымдарын да ойлантады. Табиғи ортаның биологиялық алуандығын зерттеу мен оны сақтау, Қазақстан далалары мен Оңтүстік Сібір ормандарының экологиялық проблемалары халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді. Табиғи апаттар шекараны мойындамайды. Адамзаттық өзекті мәселелердің бас көтеруі ғалымдарды да, мемлекеттерді де ынтымақтасуға, ықпалдастыққа итермелейді. Мұндай интеграциялық қатынастар болмаса, уақыттан ұтыларымыз анық.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Орынбордағы Ресей Ғылым академиясының Дала институтымен, Ресей Ғылым академиясы Орал бөлімшесінің өсімдік және жануарлар экологиясы институтымен, Екатеринбургтегі Ботаникалық бақ ұжымымен тығыз байланыс орнатқан. Мұның тамаша нәтижесін де көріп отыр. «Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы мүмкіндікті гербарий» жобасы жүзеге асырылды. Мұндай жұмыстардың барлығында біздің институт ғалымдары белсенділік танытып келеді.
Қазіргі уақытта өмірдің қай саласы болса да, озық тәжірибе, заманауи жаңалықтарды енгізбей дамудың көшіне ілесе алмаймыз. Бұл білім саласына да аса қажет үдеріс. Ал елдер арасындағы интеграциялық қатынастар ғана осы үдерістер үдесінен шығуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, ғасырлар бойы іргеміз ажырамаған Ресейдің тарихы терең, озық оқу орындарымен байланыс орната береміз. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік, Челябі, Омбы педагогикалық университеттерімен, тағы басқа да жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысымыз бар.
Соңғы жылдары ресейлік әріптестермен жұмыс істеуде бірқатар күрделі мәселелер де туындағанын жасырудың қажеті жоқ. Ресей жоғары оқу орындарының еуропалық білім кеңістігімен толық ықпалдаспай отырғанының, болондық үдеріс ұстанымдарын жүзеге асыруда жайбасарлық танытуының көрші екі ел білім ордаларының әріптестігіне кері әсері де жоқ емес. Озық тәжірибелерді үйрену үшін қазақстандық жоғары оқу орындарына халықаралық білім стандарттарымен жұмыс істейтін еуропалық, америкалық және азиялық айтулы білім ордаларымен байланыс орнатудың нәтижесі берік екенін түсінеміз. Дегенмен, білім саласындағы Қазақстан-Ресей байланыстарының маңызын жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, ғылым саласындағы байланысымыз жақсы сақталып, жалғасып келеді. Әлемде қалыптасып отырған бүгінгі жағдайлар Ресейдің ғылыми және білім кеңістігін оқшаулауға тиіс емес. Өйткені, білім саласы халықаралық ынтымақ пен ықпалдасу болғанда ғана шынайы дамиды. Ал Қазақстан мен Ресейдің бұл орайда байланысына селкеу түскен емес.
Еуразиялық экономикалық одақ білім мен ғылым саласындағы байланыстарды жетілдіре түсері сөзсіз. Барыс-келіс, әріптестіктің экономикалық жағы жеңілдеріне кәміл сенеміз.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор.
ҚОСТАНАЙ.