Экономика • 20 Қыркүйек, 2022

Күнбағыстың күні туды

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Агроөнеркәсіп кешені үшін биылғы жыл оңайға соғып тұрған жоқ. Ауыл­ша­руа­шылық техникалары мен гер­бицидтердің құны тым ша­­рықтап кетуі мемлекеттік қол­даудан дәмелі шаруалар­ды біраз әбігерге салды. Бюд­жеттен бөлінген инвест­­су­б­сидия әуелгі баға­мен есеп­­телгеніне байланысты ди­қан­дарға шамамен 30 па­йыз­дай демеуқаржы төлен­бей қалған.

Күнбағыстың күні туды

Қазіргі уақытта Павлодар облысында суармалы жерлер қар­қын­ды дамуда. Аймақтағы егін өсірушілерге Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы үл­кен мүмкіндік көзі болып отыр­ға­ны сөзсіз. Дегенмен бұл салада да күрмеулі мәселелер аз емес. Өңір­дің бір топ шаруашылығы арна бойындағы су сорғыларын электр жарығына қосу үшін техникалық негіздемелерге қол жеткізе алмай жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Өңірге жұмыс сапарымен келіп, фермерлермен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл тұрғыда Экология министрлігімен ақылдаса отырып, диқандарға көмек міндетті түрде көрсетіледі деп уәде берді.

– Өзге алқаптарды ұлғайту тура­лы да ойластыру керек. Ең бас­тысы, магистралдық арналардың суы егіс танаптары мен шабындық жерлерге жетуі үшін инженерлік коммуникацияларды тарту қажет. Қарқынды суландыру бойынша бар үміт Павлодар облысына  артылады десем, артық болмас. Суармалы алқаптар – отандық ауыл шаруашылығының болашағы. 2030 жылы республика бойынша жаңбырлатып суару жүйесі 750 мың гектарға жетуге тиіс. Бүгін біраз шаруа­шылықта болып, бай­қа­ғаным, сіздердегі­дей әлеуетті су ресурстары және қар­қы­нды су­ландыруға арналған алаң­дар бас­қа ешбір облыста жоқ. Жер­гі­лікті шаруашылықтар қытай, тү­рік, еуро­па­лық және америкалық өн­ді­ріс­тен шыққан суару жүйелерін орнатуда. Бүгінде суармалы технологияны орнататындардың шығы­ны 50%-ға дейін субсидияланады. Бұл ын­та­ландыруға оң әсер етті, – деді Е.Қарашөкеев.

Павлодарлық фермер Ербол Досыбаев министрге күр­кетауық етін инвестициялық субси­дия­лауға қосуды ұсынды. Оның шаруа­шылығы аталған өнім түрі бойынша болашағы зор жобаны қолға алған. Жақын уақытта отандық күркетауық еті Ресей, Қырғызстан елдеріне шығарылмақ.

Өңірдегі астықты өлкелер – Ертіс, Железин, Ақтоғай, Успен және Те­реңкөл аудандарының ди­қан­­дары «Азық-түлік келісім­шарт корпорациясы» биыл бидайды форвардық сатып алуда қандай баға белгілейтінін сұрады. Министрдің сөзінше, сапасына байланысты бидайдың тоннасы 121-125 мың теңге аралығында бағаланбақ. Ал қарақұмықтың тоннасын компания 170 мың теңгеден сатып алуға дайын.

Биыл еліміздің диқандары 13,5 млн тоннаға жуық астық жи­най­ды деп болжануда. Қазір егіс танаптарының 70 пайызы орылды, ел бойынша гектарынан орташа өнімділік 12,3 центнерді құрап отыр. Еліміз келесі науқанға дейін астықпен, картоп және майлы дақыл түрлерімен өзін толық қамтамасыз ете алатынына байланысты кейбір өнімге белгіленген экспорттық квоталар алынып тас­талды. Алдағы күндері күнбағыс дақылы бойынша шектеу де жойы­ла­ды. Нәтижесінде, шаруалар өз өнімдерін сыртқа еш кедергісіз шы­ғара алады. Дегенмен, ең бастысы өңір­лер өздерінің тұрақтандыру қор­ларын қамдап алуға тиіс.

Атап өтерлігі, биыл жыл басынан шаруаларға мемлекеттен 450 млрд теңге субсидия төленген. Алайда техника мен гербицид құнының шарықтап кетуіне байланысты кейбір шаруашылықтар демеуқаржыны жеткілікті мөлшерде ала алмай қалды. Бұл үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Е.Қарашөкеев фермерлер тарапынан көтерілген жайылым тапшылығы, жаңа өнімге баға белгілеу, экспорт­ты қолдау, кооперативтерді суб­сидиялау және тағы басқа мәсе­ле­лерге орнықты жауап беріп, кейбір түйткілдерді жеке назарына алатынына уәде берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2023 жылдары елімізде тиімсіз пайдаланылып отырған 10 млн гектар жер ортақ игілікке қайтарылуы керек. Бүгінде жалпы көлемі 3,5 млн гектар бос жатқан жер мемлекет мен­шігіне өткен.

Жалпы, отандық агроөнеркәсіп кешені жылдың алғашқы 8 айында 4,3 пайыз өсім көрсетіп, соның ішінде өсімдік шаруашылығының өндірісі 10,5 пайызға ұлғайған.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы