Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Тұлғаларды танытып тұр

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында ерекше аялдамалар пайда болды. Көпшілік қоғамдық көлік күтетін орындар қазақтың тарихи тұлғалары мен даңқты жерлестеріміз жайлы көрнекі ақпараттармен безендіріліп, әрқайсысы шағын музей іспетті алыстан көз тартады.

Тұлғаларды танытып тұр

Өңірлік мәдениет, тіл­дерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен облыс орталығының аялдамалары тарихтан тәбәрік беретін орындарға айналуда. «Тұлғалар тағылымы» деп аталатын бұл жобаның мақсаты – танымал тұлғаларды қала тұрғындарына насихаттау, олардың өмір жолы мен шы­ғармашылығын таныстыру.

– Аялдамада қоғамдық кө­лік күтіп тұрған адамдар белгілі ақын-жазушылар мен өнер адамдарының шы­ғар­машылығынан, қо­ғам қайраткерлерінің мем­ле­кеттің дамуына қосқан үле­сінен, батырлардың жа­саған ерлігінен азды-көп­ті мағлұмат ала алады. Со­лардың ішінде Олжабай ба­тыр, Кәукен Кенжетаев, Мұқағали Мақатаев, Мағжан Жұмабаев, Қалмұқан Исабай, Аманжол Шәмкенов, Ди­хан Әбілев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Қамар Қасымов, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Рафиқа Нұртазина, Қазанғап би, Генерал Бәкіров, Генерал Смағұлов, Ағайынды Дүй­сенбинов сынды жақында ғана есімдері көшелерге берілген тұлғалар жайлы безендірілген аялдамалар да бар. Бұған қоса биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Алаштың біртуар азаматы, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы мен ел тарихында елеулі орын алған Шахан Мусин, Рамазан Тоқтаров, Сержан Қанапиянов секілді ірі тұлғалардың өмір жолы да қамтылды, – дейді басқарманың ономастика жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Батырбек Қайыр.

Осылайша облыс орта­лығында ұзын саны 19 тұлға жайлы ерекше дизайнмен кескінделген мәліметтер қаланың 40-қа жуық аялдамасына жапсырылып, шаһардың сәнін арттыра түсті. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың аясы кеңейеді деп жоспарланған.

«Қала жұрты мен сырттан келген қонақтар үшін бұл біз­дің жерлестеріміз бен ұлт мақ­таныштарын танытудың бір жолы деуге болады. Біздің өңір ғана емес, тұтас еліміздің руханиятына, мәдениеті мен өзге де салаларына өлшеусіз үлес қосқан даңқты адамдар, тарихи тұлғаларды көп­ші­лік танып білуі керек. Осы тұр­ғыдан алғанда жер­лес­терімізге, әсіресе жас­тар мен жас ұрпаққа бұл аял­да­ма­­лардың үлгі-өнегесі мол болмақ.

Екіншіден ақпараттардың ана тілінде берілуі тіліміздің аясын кеңейтуге, оны өзге ұлт өкілдеріне үйретуде кө­мегі зор болады деп есеп­тей­мін. Автобус күтіп тұр­ған­­дар оларға зер салып, не жа­зылғанын зерделеп жатса қуа­ныш қой. Өңірлік мә­де­ниет басқармасының бұл ба­ғытта әлі де біраз жос­парлары бар көрінеді. Олар­дың ұқыптылықпен, жа­уап­­тылықпен жүзеге аса бе­руіне тілектеспін», – дей­ді Ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қоғам­дық бірлестігінің облыстағы филиалының төр­ағасы, «Най­затас» журна­лының бас редакторы Асыл Әбішев.

 

ПАВЛОДАР