17 Мамыр, 2014

Кеуделі мақсатқа қол жеткізудің алғышарты – адам капиталын дамыту

370 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Мәжілісінде «Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары» деген тақырыпта өткізілген парламенттік тыңдау білім мен ғылым саласындағы жетістіктерге құрылған көрмені тамашалаудан басталды. DSC_0966 Одан кейін жұмыс Парламент палаталарының бірлескен отырыс өткізетін үлкен залында жалғасты. Аталған шараны жүргізген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева қазір әлемде білім беру және экономика үшін кадрлар даяр­лау мәселелері мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің аса маңыз­ды факторына айналды, дегенді баса айтты. «Кадрлар бәрін шешіп қана қоймайды. Кадрлар мен бі­лім сапасы бүгінгі күні ұлттық қауіпсіздік стратегиясының елеулі бөлігі ретінде қаралуға тиіс. Еліміз өзінің алдына 2050 жылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатын қойып отырған кезде осы кеуделі мақсатқа қол жеткізудің алғашқы басты шарты ретінде адами капиталды дамыту аталады», деді Дариға Нұрсұлтанқызы. Ал ол өз кезегінде қазіргі за­манғы оңтайлы сапалы білімге негізделмек. Және де дамыған елдердің бәрі де ғылымға иек артатыны, онда қызмет көрсету секторы мен еңбек өнімділігі жоғары болатыны да атап көрсетілді. Бұдан кейін парламенттік тыңдауға қатысушыларға арнап Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов сөз сөйледі. Спикер Елбасының өзі «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында заманға сай білім беру жүйесінің, кадр даяр­лаудың, білім беру әдістемелерін жаңартудың нақты бағыттарын айқындап бергендігіне тоқталды. Ал экономиканың дамуы үшін мықты кадрлар қажет екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда Төраға Майкл Портердің «егер ел экономикасының дамуы деңгейі артсын десең, онда адам ресурстарының сапасы үнемі арттырылып отыруы керек», деген сөзін алға тарта отырып, білім беру жүйесінің негізгі міндеті қазақстандықтарға өмір бойы білім алу керектігін үйрету екендігін жеткізді. Сөз орайы келгенде, спикер Дү­ние­жүзілік экономикалық форумның мәліметтеріне сүйе­ніп, еліміз еңбек нарығы бойын­ша 2013 жылы 21-ші позиция­да болғанын, алайда кейбір көр­сет­кіштер бойынша төменгі рейтингте қалып отырғандығын айтып өтті. Атап айтқанда, бас­қару машығы – 116-шы орын, штат­тық орынға қызметкер даяр­лау­дың қолжетімдігі – 96-шы, білікті мамандардың сыртқа кетуі – 78-ші орын. Бүгінгі таңда қазақстандық еңбек нарығы жай кадр емес, жоғары білікті кадрларға зәру. Мәжіліс Төрағасы сондықтан да дуалды кәсіби білім беруді дамытып, заманауи қолданбалы орталықтар құру қажеттігіне назар аударды. Инновациялық салаларды айтпағанда, бүгінгі күні өндіріс пен ауыл шаруашылығында кадрлар проблемасы бар. Оның үстіне инженерлік білім беру қажеттігіне, кадрларды техникалық мамандықтар бойынша әзірлеу барысы туралы көп айтылды. Бұдан басқа, Төраға ғылым мен бизнестің кооперациясы және ғылымға негізделген ғылыми қамтымды экономика мәселесіне де арнайы тоқталды. Өкінішке қарай, халықаралық рейтингтер Қазақстанда ғылыми-зерт­теу кадрлары мен институттары сапасының төмендігін, биз­нес пен зерттеушілер ара­сын­дағы әлсіз байланыс­ты көрсетіп келеді. Сондай-ақ, елімізге техно­ло­гия­лар трансферті мен пайда­ла­нуға болатын мамандар қажет. Әсіресе, бұл ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындық барысында өте маңызды. Сонымен қатар, Қ.Жақыпов қоғамдық сананы өзгертуде де үлкен жұмыс күтіп тұрғандығын айтып өтті. Әсіресе, бұл жастар арасында ерекше маңызға ие. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – бұл өмірлік нәтиженің тек жасампаз еңбектің арқасында келетінін түсіну және үлкен кәсібилік, өз ісіне деген сүйіспеншілікке негізделген қоғам. Сондықтан да жастарды білікті маман болуға және әртүрлі салада нәтижеге жетуге баулу орынды болмақ. Сондай-ақ, парламенттік тыңдауда сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Гүл­шара Әбдіқалықова еңбек нарығы мен білім беру үдерісі арасындағы өзара байланысты регламенттейтін стандарттарды жаңғырту мәселесіндегі алғашқы кезектегі қадам са­бақ жіктемелерін жетілдіру екен­дігін ортаға салды. Оның пайымынша, бұл жетілдіруді жұмыс берушілер мен білім беру жүйесі басшылыққа алуы тиіс. Г.Әбдіқалықованың ойынша, кадр­ларды дайындау жүйесіндегі жаңа элемент барлық кәсіптер бойынша білімді, дағдыны және құзыретті айқындайтын білім мен бизнес арасындағы өзара байланыс. Соның негізінде жаңа білім беру бағдарламасы әзірленуі тиіс. Қазіргі таңда еңбек нарығында еңбек ресурстарындағы сұраныс пен ұсыныстың арасында үйлес­пеушілік орын алуда екен. Жұ­мыс берушілер тарапынан жо­ға­ры білікті мамандарға деген қажеттілік бола тұра, колледж­дер мен жоғары оқу орындарын бітірушілерге сұраныс төменгі деңгейде қалып отыр. Вице-премьер оның басты себебін кадрлар даярлау жүйесінің мазмұны мен бизнес талаптарының ара­сын­дағы алшақтықтан көреті­ні­мен түсіндірді. Бұл көбінесе мамандар даярлау жүйесінің кә­сіпорындар сұранысына емес, білім беру инфрақұрылымының мүмкіндігіне бағытталуына байланысты орын алуда. Қазіргі уақытта Үкімет экономика салалары бойынша еңбек ресурс­тарына деген сұранысты жан-жақты зерттеуде. Кадрлар даярлау жүйесі еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес қа­ты­сушы барлық субъектілер өза­ра тығыз байланысы арқылы жаң­ғыр­тылып отыратыны да ортаға салынды. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бүгінде 130 ЖОО мен 849 колледжде миллионнан астам адам білім алып, жыл сайын 300 мың түлек еңбек нарығына шығатынын, олардың 80 пайызы жоғары оқу орнынан кейін, 70 пайызы колледжден кейін кәсіптері бойынша алғашқы жылы жұмысқа орналасатынын көлденең тартты. Министрдің атап өтуінше, соңғы 3 жылда техникалық және кәсіптік білім беруге арналған бюджет қаражаты 2 есеге дейін ұлғайып отыр. Колледждердегі шеберханаларды жабдықтауға арналған қаражат 6 есеге өскен. Дуалды оқыту жүйесі енгі­зі­луде. Тек соңғы 2 жылдың ішін­де жоғары білім беру саласын қаржыландыру 20 пайызға ұл­ғайыпты. Жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру нәти­жесінде олардың саны 16-ға азайып, 2013 жылы 9 ЖОО халықаралық рейтингке ен­ге­н. Ал олардың ғылымын қаржы­лан­дыру кө­ле­мі 7 есеге артқан. Десе де, министр кем­ші­лік­тердің бар­лығын да мойындады. Әлі күнге дейін халықтың бі­рінші техникалық кәсіп иге­руіне тең қолжетімділік қам­та­масыз етілмеген. Бүгінде тех­ни­калық және кәсіптік білім беру жүйесінде аталған санат­тағы жастардың тек 17 пайызы қамтылыпты. Қазіргі кезде 14 пен 24 жас аралығындағы 633,2 мың жастың мамандығы жоқ. Бұлар жалпы Қазақстан жас­тарының 20 пайызын құрай­ды. Олардың 94 мыңы еш жер­де жұмыс істемейді. Колледж­дерге қолжетімділік бойын­ша Оңтүстікте 7 мың орын тап­шы­лығы бар болса, ал солтүстік және шығыс өңірлердегі осы оқу орындарындағы профицит 4 мың орынды құрайды. Министр 117 849 кәсіпорын­ның тек 0,03 пайызында ғана оқу орталығы бар екенін айтты. Бұл өте алаңдатарлық көр­сет­кіш және ол өндіріс техноло­гия­сының төмендігін немесе жұмыс берушілердің жұмыс орындарын дұрыс аттестаттамауын көр­сетеді. Міне, осылайша өткен пар­ла­менттік тыңдауға Парла­мент депутаттарынан өзге ми­нистрліктер, ұлттық компаниялар басшылары, жұмыс беруші қауымдастық өкілдері, ЖОО ректорлары, кәсіби және техникалық білім беру ұйымы директорлары мен шетелдік қонақтар қатысты. Айтылған ой-пікірлердің негізінде тиісті ұсынымдар әзірленді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».