Гипотермия аппараты дүниеге келген кезінде ауа жетпей қиналатын нәрестелерді құтқаруға арналған. Шараналардың арасында мұндай ауытқу сирек те болса кездеседі. Сондай сәтте нәрестенің миы ауыр асфиксиядан зақым алуы мүмкін. Сондықтан бала дүниеге келген бетте сауатты, жедел кәсіби көмек керек. Мұндай гипотермия жабдығы болмаған кезде дәрігерлер қолдан келген әрекетін жасайтын. Нәрестенің айналасына мұз салынған немесе суық су құйылған пакеттер қойылатын. Жансақтау бөліміндегі дәрігерлер мен медбикелер ондаған сағат бойы жаңа туған нәрестенің орталық жүйке жүйесін құтқару үшін арпалысып, қажетті төмен дене температурасын қолмен ұстап тұруға тырысатын.
Міне, Оралдағы орталыққа берілген осы гипотермия аппараты дәрігер қауымын осы бейнеттен құтқарды. Жаңа кешен метаболизмді және нәрестенің миында зақымданған жасушалардың қалпына келуін бақылап, қажетті температураны автоматты түрде ұстап тұрады.
– 2007 жылдан бері осындай қайырымдылық жобамен айналысып келеміз. Содан бері елімізде дәл осы гипотермия аппаратының игілігін 225 сәби көріп үлгеріпті. Бұл нәрестелердің 92 пайызы бүгінде аман-сау өсіп, денсаулығы түзеліп кетті. «Самұрық Қазына» қорының көмегімен атқарылған мұндай бастаманың маңызы өте үлкен! – дейді AYALA қайырымдылық қорының вице-президенті Елена Еськова.
Соңғы үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында 9 сәби асфиксия белгісімен дүниеге келген екен. Бұл дерттің қауіптілігі сонда – дер кезінде толық көмек ала алмаған шарана өмір бойына мүгедек болып қалуы, тіпті шетінеп кетуі де мүмкін. Сондықтан жаңа медициналық кешенді батысқазақстандық дәрігерлердің сәби денсаулығы үшін күресінде аса қажетті құрал деуге әбден болады.
– Осы аппарат арқылы біздің сәбилеріміз туабітті ақауынан тез арылып, созылмалы зардаптарынан құтылатын болды, – дейді облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігері Наталья Яценко.
Облыстық перинаталдық орталығында жыл сайын шамамен 6 мыңдай сәби өмір есігін ашады. Соның ішінде 300-дей нәрестенің денсаулығында түрлі ауытқу болып жатады. Олар бірден жансақтау бөліміне немесе интенсивті терапия бөліміне жеткізіліп, қажетті медициналық жәрдем көрсетіледі. Жыл басынан бері осындай 176 шарана дәрігер көмегіне зәру болған.
– Біздің орталық 1985 жылы әйелдер босанатын үй болып ашылған. 2006 жылдан бері өңірде ең ірі акушерлік, гинекологиялық және неонатологиялық көмек көрсететін орталық ретінде жұмыс істейді. 145 кереуеттік бөлімде 54 дәрігер еңбек етеді. Орталықтың қажетті медициналық жабдықтармен қамтылуы жаман емес, алайда олар 63 пайызға ескіріп, тозды. Сондықтан мұндай заманауи жабдықтың келгеніне ерекше қуаныштымыз. Samruk-Kazyna Trust және AYALA қорларына гипотермия аппараты мен амплитудалық электрэнцефалография мониторы үшін алғыс айтамыз», – деді облыстық перинаталдық орталығының директоры Жанна Ділманова.
Батыс Қазақстан облысы