Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

«Батырлар мекені» зерттеуге сұранып тұр

1026 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақсудың Алғабас ауылдық округінің аумағы «батырлар мекені» аталып кеткен. Себебі бұл жерде Ер Сырымбет батырдың және Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың зираттары бар. Осыдан біраз жыл бұрын жергілікті өлкетанушылар ауыл маңынан қазақ-жоңғар соғысының қаһармандары Өмірзақ Қойсарыұлының және Өтен Ырыскелдіұлының жерленген орындарын тапқан еді. Жуықта қос батырға ескерткіш тас орнатылды.

«Батырлар мекені» зерттеуге сұранып тұр

Тарихта есімдері қалғанымен, ерлік істері аз зерттелген рухты бабаларымыз Орта жүз Бәсентиіннің Қойсары тармағынан тарайды. Өлкетанушы Берік Ескендіров келтірген деректерге сүйенсек, Өмірзақ батыр 1705-1770 жылдары, ал Өтен батыр 1720-1805 жылдары өмір сүрген. Атақты «Серектас шайқасына», қазіргі Май ауданындағы «Қалмаққырған» жерінде өткен қазақ-жоңғар соғы­сының шешуші кезеңіне бұл ерен күш иелерінің қатысқаны дау­сыз. Себебі батырлардың жерленген зираттары да тарихи шайқас аумағынан аса алыс емес.

XVIII ғасырдың алғашқы шире­гінде Орта жүз руларының жоң­ғар­ларға қарсы азаттық соғысында қазақ қолдары жеңіске жетіп, Сарыарқа, Ертіс өңірі, Қарқаралы, Баянауыл жерлерінен қалмақтар ығыса бастады. Осы кезеңде Малайсары тархан бастаған бәсен­тиін батырлары алдыңғы шеп­те жүргенін тарихшылар аз жаз­ған жоқ. Алаш қайраткері Әли­хан Бөкейханов өзінің Павлодар уезіне қатысты еңбегінде: «Бә­сентиіндердің келуі ХVІІІ ғасыр­дың басына тұспа-тұс. Негізі Бә­сентиін рулары Түркістан жағынан Павлодар уезіне сүйіндіктерден бұрынырақ келген секілді» - деп келтіреді.

Жоғарыда атап өткендей, Өмір­зақ пен Өтен батырлар Бә­сен­тиіннің Қойсары тар­ма­ғы­нан тарайды. Ал Қойсары – іргелі ру Бәсентиннің Жама­най бөлімшесінің бір тар­мағы. Бұл жөнінде тарихшы Салық Зиманов: «Бәсентиін-Бәйім­бет атасы Жаманай, Бейсен секілді екі тармағымен Баянауыл ок­ругінде жеке болыс құраған. Бұл топтың ішінде басқаларға қара­ғанда басымдыққа ие бол­ған Жаманайдың Қойсары тар­мағы» – деп атап көрсетеді. Сол Қойсарының бәйбішесінен Өмір­зақ батыр дүниеге келеді. Ал Өтен Қойсарының екінші әйелінен туған Ырыскелдінің ұлы делінеді.

Жоңғарларға қарсы тойтарыс беруде Қойсарының балалары мен немерелері аса белсенділік та­ныт­қан. Әсіресе жекпе-жек шай­қастарда Өмірзақ батыр жиі көзге түседі.

Жергілікті өлкетанушы Дәурен Аяшинов бұл рудың белгілі адамдарын кеңірек зерттеп, Ақкөл-Жайылма өңірінен «Өмірзақ» көлін тапты. Ал оған жақын орна­ласқан тағы бір көлдің атауы – «Бәсентиін». 1878 жылы жасалған картада осының барлығы анық көрсетілген. Павлодар облыстық мемлекеттік архивінде Өмірзақ Қойсарыұлының өз туысы Өтен ба­тырмен байланысы жайлы құ­жат та сақталған.

Жуықта Алғабас ауылы ма­ңын­да даңқты бабаларымыздың ұрпақ­тарының ұйымдастыруы­мен ескерткіш тас қойылып, батыр­лардың рухына дұға бағышталды. Шара одан соң Еңбек ауылына ойы­сып, дүбірлі тойға ұласты. Бұл жерде ат шабылып, жиналған жұрт аударыспақтан және ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарда күш сынасты. Атап өтерлігі, Өмірзақ батыр жерленген орыннан 10 ша­қы­рымдай жерде Ер Сырымбет ба­тыр және Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман батырдың зираттары бар. Ол аумақтар әзірше қор­шалмаған, тек құлпытастар ғана қо­йылыпты. Болашақта қос батырға ескерткіш орнату жос­парда тұр.

Жергілікті өлкетанушылар­дың сөзіне сүйенсек, батырлар меке­нін тарихи-археологиялық тұрғы­дан зерттесе болар еді. Бұл жерде қазақ-жоңғар шайқасына қатыс­ты талай жәдігер мен батырлар­дың зираттары табылуы мүмкін.

 

Павлодар облысы