Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Өңір ағарғаннан тарықпайды

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысының Ақтоғай ауданында 1 200 бас ірі қара­ға ар­налған тауарлы сүт фермасы ашылды. Жаңа ферма өңір­дің ішкі нарығын ағарғанмен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Өңір ағарғаннан тарықпайды

«Ақтоғай-Агро» ЖШС-ның негізінде ашылған жаңа кәсіп­­орында жылына 10 мың литр сүт сауылады. Серіктес­тік­тің бас директоры Алек­сандр Терентьев қазіргі таң­да мұнда Словакиядан сүт және ет бағытындағы симмен­тал тұ­қым­ды 93 ірі қара жеткізіл­генін айтып өтті. Жыл соңына дейін тағы мыңнан аса сиыр әкелу жоспарланып отыр.

Әлеуетті ферманың ашылуына қатысқан Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жобаның маңыздылығын атап, ұжымға табыс тіледі.

Жалпы,  өңірдегі 36 та­уар­лы сүт фермасының үштен бірі соңғы екі жарым жыл ішінде іске қосылған. Соның ар­қасында қосымша 38 мың тонна сүт өндіріледі. Бұл жоба­ларға 43 млрд теңге инвестиция бөлініп, ауылдық жерлерде 500-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылды. Алдағы уақытта тағы осындай 8 ферма пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұның барлы­ғы өңірдегі суармалы алқап­тар­ды ұлғайтудың нәтижесі. Шаруашылықтар суармалы танаптар арқылы құнарлы мал азығын жеткілікті дайындауға көшті.

р

Ақтоғайда пайда болған жаңа кәсіпорынның құрылысына 6 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Фермада қазіргі күні 90 адам жұмыс істейді. Суармалы алқапты дамыту жұмыстарын жүйелі жүргізетін «Ақтоғай-Агро» ЖШС былтыр картоптың 9 түрін және жүгерінің жаңа сұрыптарын өсіруді қолға алған. Мұнда мал­ға арналған жемшөп базасын құру мақсатында жүгерінің гиб­рид­ті түрлері де өсіріледі.

Ертіс-Баян өңірінің агроөнер­кәсіп кешенінде 2025 жыл­дың соңына дейін 100-ден астам инвестициялық жобаны өміршең ету жоспарланған. Оған 180 млрд теңге инвестиция құйылмақ.

р

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы