Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2022

Әлихан Смайылов БАӘ Президентімен кездесті

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында «Әл-Бахр» сарайында БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов БАӘ Президентімен кездесті

Кездесу барысында Премьер-Министр биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, сол уақыт аралығында дипломатиялық қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

«Біз өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық салаларында кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстанның халықаралық бастамаларын әрдайым тұрақты түрде қолдап отырғаны үшін алғыс айтамыз», деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр соңғы жылдары түрлі салалардағы бірлескен жобалар санының өсуі байқалып отырғанын айтты.

«Инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар. Үкімет инвесторларға олардың бастамаларын іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Жақын арада біз жаңа бірлескен жобаларды іске қосамыз деп үміттенемін», деді Ә.Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр БАӘ Президентіне Қостанай облысындағы орманды қалпына келтіру жұмыстарына $1 млн көлемінде көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. 

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерін ерекше достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті. 

«Мен екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарын толық қолдаймын», деп БАӘ Президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыласын жеткізді.