Үкімет • 21 Қыркүйек, 2022

Қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды - Әлихан Смайылов

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттің жүйелі шаралары денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қымбат медициналық зерттеулер қолжетімді болды - Әлихан Смайылов

«Біздің міндетіміз – әрбір азаматты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Ол үшін денсаулық сақтау нысандарын салуға, медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды даярлауға қомақты қаржы бөлінуде. Қымбат медициналық тексерулер қолжетімді болды. Оның ішінде магнитті-резонансты томография, компьютерлік томография тексерулері қолжетімді болды», деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өткен жылы Орталық Азия елдерінде ауруларды радиохирургиялық жолмен емдеуге арналған алғашқы Гамма-пышақ орталығы ашылғанын еске салды.

«Медицина қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсті. Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 420 мың теңгені, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 234 мың теңгені құрады. Дәрігер мамандығы тартымды әрі беделді болып келеді», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы әзірленіп жатқанын айтты. 2025 жылға қарай ауылдық жерлерде 650 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарлануда. Сондай-ақ олар 32 аудандық аурухананы жаңғыртудан өткізеді.

Әлихан Смайылов атап өткендей, бұл жүйелі шаралар денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.