Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2022

Қазақстан мен ДДҰ Аралды құтқару мақсатында күш біріктіреді

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клугемен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан мен ДДҰ Аралды құтқару мақсатында күш біріктіреді

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы жоғары әріптестіктің маңызы, сондай-ақ 30 жылдық өзара қарым-қатынастардың табысты нәтижелері атап өтілді.

Сенат Төрағасының орынбасары ДДҰ өкіліне еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы кезеңдегі ең маңызды міндеттердің бірі – ұлт денсаулығын қамтамасыз ету. Сондықтан еліміздегі медициналық инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар аударылып келеді. Келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының саулығына бағытталған ұлттық жобаны іске асыру басталады, оның аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылады, ауданаралық көп салалық мекемелер болып қайта құрылады деген жоспар бар. Ал екі жыл ішінде 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жабдықталады», деп атап өтті Төраға орынбасары.

Әңгіме барысында тараптар халықаралық ұйымдардың қатысуымен өңіраралық деңгейде бірлескен күш-жігерді талап ететін Арал теңізінің проблемалық мәселелерін де ортаға салды.

Төраға орынбасары БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушылардың назарын Арал теңізі мәселелеріне аударғанын және барлық мүдделі тараптарды экология және климат проблемаларын шешу жұмыстарын жалғастыруға шақырғанын айтты.

ЕҚЫҰ ПА шілде сессиясы барысында Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізін құтқаруға байланысты жобаларды іске асыруда донор болуға шақыра отырып, Ұйымға мүше мемлекеттерге бірлескен үндеу жолдады.

«Келесі жылы ҚР Парламенті Сенатының шақыруымен ЕҚЫҰ ПА депутаттары апат ауқымына көз жеткізу және ынтымақтастықтың бұдан былайғы бағыттарын белгілеу үшін Арал өңіріне барады. Қазақстан Еуропалық аймақтық бюроның көмегімен ДДҰ елдік кеңселерінің Арал өңірі халқының денсаулығына әсер ететін факторларды зерттеуге бірыңғай тәсілді әзірлеу үшін күш-жігер мен ресурстарды біріктіруге көмек көрсетуді сұрайды», деді Ольга Перепечина.

ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге Орнықты дамудың салауатты өмір салты және кез келген жастағы барлық адамдардың әл-ауқатына жәрдемдесу жөніндегі жаһандық мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі ҚР Парламенті Сенатының жұмысты қалыптастыру және үйлестіру бөлігіндегі қызметіне жоғары баға берді.