Экономика • 21 Қыркүйек, 2022

Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары коммерциялық құжаттарға қол қойды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19-23 қыркүйек аралығында Үрімші қаласында (Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, ШҰАА) гибридті форматта ШҰАА мен Еуразия елдері арасындағы сауда, қаржы, инвестициялар, туризм, ғылым, жаңа технологиялар және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған VII Халықаралық «Қытай – Еуразия» көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ-ге сілтеме жасап.

Қазақстан мен Қытай кәсіпорындары коммерциялық құжаттарға қол қойды

Іс-шараға Еуразия өңірінің 32 елінен 3 мыңнан астам кәсіпорын қатысуда. Олардың арасында қазақстандық кәсіпорындар да бар. 

Көрме аясында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің, «Kazakh Invest «ҰК» АҚ және «Қытай – Еуразия» Көрмесі хатшылығының ұйымдастыруымен гибридті форматта «Қазақстан – ШҰАА кәсіпкерлер форумы» өткізілді. Іс-шараның мақсаты – екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды жандандыру және сауда мен инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту болды.

Форумда Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен экономикалық әлеуеті, елімізде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар, сондай-ақ ұлттық компаниялардың мүмкіндіктері таныстырылды.

а

Іс-шара қорытындысы бойынша жалпы сомасы 475 млн АҚШ долларды құрайтын мыс және цирконий концентратын сатып алу, қазақстандық жемістер мен көкөністерді Қытайға экспорттау, автоклавты газоблоктарды өндіру және басқа бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің ұйымдастыруымен Көрме аумағында барлық қатысушылар арасында Қазақстанның ең ірі ұлттық павильоны орналастырылған, онда 20 ірі қазақстандық тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыс материалдары өндірісінің (күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, бал, ұн, макарон өнімдері, шырындар, спирттік ішімдіктер және басқа да өнімдер) 140-тан астам өнім түрлері ұсынылған.

Қазақстандық павильонның жұмысы 23 қыркүйекке дейін жалғасады. ҚХР-ға қазақстандық өнімді жеткізуге келісім-шарт жасасуға мүдделі Қытайдың іскерлік топтарының өкілдеріне консультативтік қолдау көрсетілуде.