25 Мамыр, 2010

ҚАЙ ЕЛДІҢ ОЙЫНШЫҒЫ ҚАУІПСІЗ?

637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінде базарлар мен дүкендер­ден небір ойыншықтарды қинал­май-ақ табуға болады. Алайда, ба­ланы жиі қуантамын деп жүріп оны ауру­дың тырнағына өзіңіз ілік­тіруіңіз ғажап емес. Елімізде өткен жылы ойын­шық­тар сапасына 18 рет тексеру жүр­гізілген екен. Анықталған заң­сыз­дықтар өте көп болыпты. Тек­серуге іліккендердің 70-80 пайызға жуығы ешқандай сертификат ұсына алма­ған. Рас, ойыншықтың қайдан шық­қаны, қандай материалдан жасал­ғаны, ол материалдың құрамындағы элементтердің мөлшері көрсетілген анықтамасы барлары да кездескен. Тіпті бала денсаулығына тікелей қау­іп төндіретін ойыншықтар да біздің дүкен сөрелерінде аз емес көрінеді. Мәселен, шеттері тегістелмеген қо­ларбаларға (коляска), әр түрлі тех­ни­каға ұқсатып жасалған ойыншық­тарға бала қолын оп-оңай кесіп алуы мүмкін екендігі анықталған. Сосын бояуларының иісі шамадан тыс ойыншықтар да көп кездесіпті. Осы тексерулер нәтижесінде 300-ге жуық ойыншықтарды саудалауға тыйым салынды. Құқық бұзушылық кодек­сінің 317-бабына сәйкес ондай ой­ыншықтарды ұсынған жеке кәсіп­кер­ге 10-нан 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғанынан да хабардармыз. Неге дегенге келсек, көптеген ой­ыншықтардың бояуы бала ағза­сы­на кері әсерін тигізіп, ал қызылды-жасыл­ды түстері көзді ауыртады. Соның салдарынан баланың көру қабілеті төмендейді. Сондай-ақ, жасалған материал­да­ры құрамында ауыр металдар бар екені анықталған. Әсіресе, Қытайдан әкелінген ойыншықтарда формаль­дегид әдеттегісінен 10-15 есе көп болған. Мұның бәрі бала денсау­лы­ғына қауіпті. Сәби айналаны тануды аузына салудан бастайды. Қолына түскен нәрсенің бәрін тісіне басып көруге әуес. Сол кезде бояу­дың құ­ра­мындағы зиянды заттар ішкі ағзаға түседі. Асқазан, ішек жолдары жұ­мыс­тарына зақым келтіреді. Ба­ланың иммунитетінің әлсіз болуына, ауруға бейімділігін арттыруда да ойыншықтардың қосар үлесі аз емес. Бұл енді мықтап ескеретін жайт. Егер балаңызға алған ойыншығыңыз (шынымен де) Ресей, Украина не­месе Белоруссиянікі болса, онда ештеңеден қауіптенбеуіңізге болады. Бұл елдерде осы бағытта өндірілетін тауарлардың сапасына талап қатаң. Нормадан сәл-пәл ауытқушылық байқалса, ондай кәсіпорынның жұмысын мүлдем тоқтатуға дейін шара қолданады. Сапаға шалағайлық жасасаң, кәсіпорынды өз қолыңмен құртқан болып шығасың. Сондық­тан бұл елдерде (әсіресе Ресей) ой­ыншықтар сапалы жасалады. Ал біздің еліміз бұл бағыттағы өндірісті баяғыда-ақ тоқтатқан. Кеңес зама­нын­да Қазақстанда “Қызыл Ту” ой­ын­шық зауыты болған деседі. На­рықтың тар соқпағынан өте алмай құрдымға кетсе керек. Оның орнын басқан “Сұңқар” атына заты сай бо­ла алмады. Ойыншыққа керек затты, ең ақыры бояуды да Ресей мен Ук­раинадан тасу кәсіпорынға табыс әкелмеді. Содан бері бұл салаға беттеуге ешкім бата алмай отыр. Республикалық, облыстық дең­гей­дегі сараптамалардың барлығы Ресей ойыншықтарының сапасы жоғары екенін көрсетті. Алайда, біздің облысымызда (еліміз бойынша да солай) сауда нүктелеріне шығатын ойыншықтардың 80-90 пайызы Қытайдікі. Бұл елдің ойыншықтарының өмірге қауіптілігі қаншама рет анықталса да, бәрібір базар біткенді толтырып қойдық. Қытай ойыншықтары баланың пси­хикасына да аз зақым келтірмейтіні де дәлелденген жайт десем, көзге кө­рініп тұрғаны – олар жасаған ба­ла­панның түсі сары емес көк, пілдің түсі қызыл, т.с.с. бәрі керісінше бо­лып келеді. Қытайдың қолтырауы­нымен ойнап өскен бала ертең оның табиғи түсі жасыл екенін біліп әжеп­тәуір абыржып қалуы да ғажап емес. Бұл сайып келгенде, баланың дү­­­ниетанымын шатастыру, жадын бұзуға бағытталған әрекет. Қытай ойыншықтарының тым ашық түсті болу себебінде де бір сыр бар. Мамандардың айтуынша, мұндай түстер баланың көзін шамадан ар­тық тітіркендіреді. Соның салда­ры­нан жүйкелеріне салмақ түседі. Ба­ланың санасында қоршаған ортаны тану процестері дұрыс жүрмейді. Қолдануға арналған түсініктемесі жоқ ойыншықтарды сатуға да заң бойынша тыйым салынады. Сон­дықтан балаңызға ойыншық сатып аларда мейлінше абай болыңыз. Нұркен ТОҚАЕВ.