17 Мамыр, 2014

Біз инвестициялық ахуалды дамытуға мүдделіміз

334 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шетел инвесторын тартудың тиімділігін алғашқылардың бірі болып дәлелдеген «Теңізшевройл» ЖШС өз қызметінің алғашқы күнінен-ақ Атырау облысында бәсекеге қабілетті инвестициялық ахуалды дамытуға мүдделілік танытты. Тарих қойнауына кеткен жиырма  жылдан астам уақытта кәсіпорын қауіпсіздік техникасы, пайдалану сенімділігі мен экологиялық, әлеу­меттік жауапкершілік сияқты қағидаттарды бәрінен де жоғары қоя білді. Әу бастан-ақ біз әлеу­меттік жауапкершілікті ұстану арқылы әлемдегі энергетикалық жобаларға үлгі-өнеге болуды мақсат тұттық және сол биіктен көріне білдік. Бүгінде Теңіз жобасы Қазақстан мен дүние жүзі үшін энергоресурстардың стратегиялық балансының маңызды буыны болып отыр. Ал, кенішті игеруге бағытталған миллиардтаған инвестиция мен кен алаңын жай­ғастыруды есеппен басқару Қазақстан мүддесі үшін тұрақты да табанды дамудың берік іргетасы болғаны біз үшін мақтаныш. Бұл ретте, жүздеген жергілікті қызметкерлерден тұратын еңбек ұжымы мен серіктестердің, тұр­ғындардың, Қазақстан Үкіме­тінің барлық деңгейдегі өкілдерінің қатысуымен небір жобалар жүзеге асты. Жүзеге асқан әрбір жобаны біз тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына қосылған үлес деп қабылдадық. Өткен жылдардағы деректер мен дәйектер кәсіпорынның ұдайы даму үстінде екендігін дәлелдейді. Мәселен, кәсіпорын құрылған 1993 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған жалпы қаражат 91,8 миллиард АҚШ долларынан асса, қазақстандық тауарлар мен қызметтер үшін шамамен 16 миллиард АҚШ дол­ларынан астам қаражат, ал Атырау облысындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға 875 миллион АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалды. Осынау қаражаттың игерілуін Қазақстан тәрізді тәуелсіз мем­лекеттегі инвестициялық ахуал­дың жоғары деңгейімен байланыстырмаса болмайды. Қыз­мет­керлерінің 86 пайызы, бас­шылық лауазымдардың 75 пайызы қазақстандық азаматтардан тұратын кәсіпорын қашан да Қазақстан Республикасына әкелінетін инвестиция мөлшерін ұлғайтуды мақсат тұтады. Бұл бағыттағы еңбектің жарқын да, соны мысалы – Келешек кеңею және ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобалары арқылы түсетін инвестиция. Бұл өз ретінде, рес­публика қазынасына құйылатын қомақты да, ірі инвестиция екендігі даусыз. ТШО-ның қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу көрсеткіштері көп мөл­шерде ұлғаяды деп күтілуде. Қазірдің өзінде жасалып біткен 30 келісімшарт үшін біз 1 миллиардтан астам АҚШ доллары­на тапсырыс бердік. Бір қуа­нарлығы – оның 66 пайызы қазақ­стандық жабдықтаушылар мен мердігерлердің үлесіне тимек. Иә, Қазақстан үшін қыруар инвестиция әкелетін аталған жобалардың әлеуметтік-экономи­калық дамуға қосар үлесі ай­тар­лықтай болмақ. Басқаны айтпағанның өзінде – Келешек кеңею, ұңғыма ернеуіндегі қы­сымды басқару жобалары (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қазақстандықтар үшін қосымша жұмыс, тұрақты табыс көзі болмақ. Жобалар шеңберіндегі құрылыс жұмыстары қызған шақта Теңіз кенішінде 20 мың жұмыс орны ашылады. Ал, жаңа нысандарды пайдалану үшін шамамен 600 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Айта кету керек, жобаларға тартылатын жұмысшылардың 80-90 пайызы Қазақстан азаматтары болады. Оның үстіне жұмысқа қабылдауда алдымен Атырау, жалпы Қазақ­стан Республикасының батыс облыстарының тұрғындарына б­асымдылық берілмек. Бұл Теңіз­дің игілігі алдымен оның халқына деген қағидаттан туындайды. Осы және басқа жобалардың өз ретімен жүзеге асуы Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жай-күйін көрсетеді. Ең бастысы, табысқа бастайтын барлық алғы шарттың болуы біздің алғы күнге деген сенімімізді нығайтады. Жер­гілікті биліктің бизнесті қол­дауы, талантты да жоғары бі­лікті мамандардың, сондай-ақ инвестиция жасауға ниетті ком­паниялардың болуы біз үшін табыстың негізгі факторлары. ТШО-ның басқа да ірі жоба­ларының ұстанымы секілді Келе­шек кеңею, ұңғыма ернеуін­дегі қысымды басқару жобаларына тартылған барлық қыз­меткерлердің, мердігерлердің, қам­тушылар мен қосалқы мерді­герлердің жұмыстан соң үйлеріне әрдайым аман-есен, жарақатсыз жетуі – жобаның басты қағидасы болып қалады. Біз жобаларды жүзеге асыру кезінде де қоршаған ортаны қорғау қағидаларын ұстанатын боламыз. Жобалар құрылысы мен пайдалану барысында қор­шаған ортаға тигізілетін әлеуетті әсерді анықтауға, жобаның ерте кезеңінде-ақ оларды азайту, бақылап, басқаруға барлық күш-жігерді жұмсаймыз. Теңіз кен орнынан ең жақын елді мекен 80-90 шақырым қашық­тықта орналасқанына қарамастан санитарлық қорғау аймағы (СҚА) өндіріс нысандарын елді мекендерден бөліп, тұрғындарды өндіріс әсерінен қорғайтын болады. ТШО аталған жобалар құрылысы мен өндірістік жұмыс­тарының қоршаған ортаға ықтимал әсерлерін анықтауда Қазақстан Республикасының қор­шаған ортаға әсерді бағалау үдерісінің барлық талаптарын бұлжытпай орындайтыны сөзсіз. Қоршаған ортаға тиетін әсерді бағалауға өкілетті қазақстандық компанияның жүргізген алдын ала бағалау нәтижесі ККЖ-ҰЕҚБЖ жұмыстарының Теңіз аймағындағы ТШО-ның санитарлық қорғау аймағының ауасына, топырақтың сапасы мен биологиялық алуан түрлілікке болмашы әсері болатынын және де 80 шақырымдық қашықтықта орналасқан елді мекен тұрғындары денсаулығына әсері болмауы керектігін көрсетті. Осы бағалау жұмыстарының нәтижелері Атырау қаласы мен Атырау облысының Жылыой ауданы жұртшылығының және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың назарына ұсынылды, сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау бойынша жүргізілген қоғамдық тыңдауда ресми түрде жарияланды. 2009 жылы ТШО қолданыстағы өндірістік нысан алауларында газды дағдылы жағуды тоқтатты. ККЖ-ҰЕҚБЖ жаңа нысандары алауларында да газды дағдылы жағуды болдырмайтын технологиялар қолданылатын болады. ККЖ-ҰЕҚБЖ нысандарында шикі газ өңдеу немесе күкірт өндірісі қарастырылмаған. Осылайша, ауаға таралатын жаңа шығарындылардың бастапқы көзі газ турбиналары мен газ қа­зандықтарында толық жанып кететін табиғи газ болмақ. Жаңа өндірістік нысандар мен газ айдау нысандары Теңіз кен орны аймағының шеңберінде орналасатын болады, ал бұл топырақ қабатының бүлінуін қадағалауға және аймақтың өсімдік жамылғысын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Шоғырланған ұңғы алаңының құрылысы кезінде де топырақ қабатының бүлінуі азайтылады және құрылыс кезінде уақытша бүлінген топырақ қабаты қайтадан қалпына келтірілетін болады. ТШО қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында санитарлық қорғау аймағы аумағындағы ауа, топырақ және жер асты суларының сапасына тұрақты мониторинг жүргізеді. СҚА аумағында ауа сапасын бақылау станцияларының он екісі орнатылған. Бұған қоса, Теңіз кен орнына ең жақын ор­наласқан Жаңа Қаратон елді мекенінде ауа сапасына мониторинг жүргізіледі. ТШО өзінің лицензияланған аумағындағы өсімдік жамылғысында болатын қандай да бір өзгерістерге және қандай да бір топырақ қабатының бүлінуіне бақылау жүргізу үшін Жер серігі арқылы түсірілімді қолданады. ТШО ККЖ-ҰЕҚБЖ жүзеге асыру барысында бақылаудың тиімді және ұзақ жылдар бойы қалыптасқан сенімді тәжіри­беле­ріне сүйенуді жоспарлап отыр. ТШО Қазақстан Респуб­лика­сындағы әлеуметтік жауапкер­шілік деңгейі ең жоғары компа­ниялардың бірі. ККЖ-ҰЕҚБЖ ТШО-ның ең ірі жобасы болған­дықтан, ол компанияның әлеу­меттік жауапкершілігінен бөлін­бейтіндігін баса айтуға тиіспіз. Әлеуметтік жауапкершілік деге­німіз – жұртшылыққа көрсетілетін көмек немесе қызметкерлерге деген қарым-қатынас қана емес. Әлбетте, бұл ұғым этикалық құндылықтар мен қағидаларды, өз қызметіміздің экологиялық көрсеткіштерін, қызметкерлерімізбен, жұртшы­лықпен және мемлекеттік ұйым­дармен қарым-қатынас ережелерін де қамтиды. Біз Атырау аймағындағы тұ­рақты және жетекші инвестор екендігімізді сезіне отырып, қыз­метіміз жүзеге асырылатын және қызметкерлері тұратын аймақтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін Атырау облысы әкімдігімен бірлескен жұмыстың нәтижесіне сенеміз. Сайып келгенде, ауқымы кең, келешегі бар ірі жобаны жүзеге асыру ТШО-ның Қазақстан игілігі жолындағы жұмысына деген ұмтылысын нығайта түседі. Тим Миллер, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры.