Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2022

Шаруасы шираған «Балтабай»

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төртқұдық ауылдық округі аумағындағы жас кәсіпкер Ғайса Әлдибеков құрған «Балтабай» шаруа қожалығының жұмысы табысты. Осыдан бес жыл бұрын ресми тіркелген шаруашылықтың иесі көлемі 5200 гектар жерге мал бағып, шөбін шауып отыр.

Шаруасы шираған «Балтабай»

Ғайса «жастайымнан малсақ болдым, ат құлағында ойнап, түлікті күтіп-бағудың әдіс-амалын бала кезден құлаққа сіңіріп өстім», дейді. Қарапайым ауыл бозбаласы 18-ге толғанда өз алдына мал шаруашылығын құрсам деп әре­кеттене бастаған. Қолында асыл түлік сатып ала қоятындай қаржысы, ла­йықты қора-жайы болмағандықтан алғашында қаржы ұйымдарын жағалап көруге бел байлапты. Алайда ондағылар «жасың келмейді» деп шығарып сала берген соң, алғашқыда біраз қиындық көрген. Алғаш «Даму» қоры арқылы қомақты қаржыға қол жеткізген. Кейін Екібастұздағы өңірлік кәсіпкерлер пала­та­сының көмегіне жүгініп, «Бастау» жобасы аясында білім алды. Мұнда ол шаруашылықтың жұмысын қалай ұйымдастыру керектігін меңгерді.

– Мал өсіру – қиындығы мен тәуекелі мол жұмыс. Осы шаруашылықты құрмас бұрын, түлікті тірнектеп жинадым. Басы артық табысым болса, соған мал сатып алатынмын. Табысқа жету үшін қажырлы еңбек, тиянақты жұмыс пен қаржылай қолдау қажет. Сондықтан мемлекет та­ра­пынан ұсынылған мүмкіндіктерді қалт жібермей, тиімді пайдалану керек екенін түсіндім. Біле білген адамға қа­зір бизнесті бастап жүргізу үшін жан-жақты жағдай жасалған, – дейді жас кәсіпкер.

«Бастау» жобасы аясында оқудан өткен ол асыл тұқымды жылқыны өсіру тех­нологиясын меңгерді. Бизнес-жос­пар дайындап, сәтті қорғап шықты. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатыс­ты идеясын іске асыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау» қоры арқылы төмен пайызбен 3 млн теңге несие алып, кәсібін бастады. Кейін оны өтеген соң қаржы ұйым­да­ры арқылы тағы несие рәсімдеп, шар­уашылығын инвес­ти­циялауды жал­ғас­тыр­ды. Нәтижесінде, жас азамат осы уа­қыт­қа дейін мемлекет көмегімен 100 қа­ра мал, 80-ге жуық жылқы сатып алған.

«2019 жылы конкурсқа қатысып, ауыл шаруашылығы жерін иелендім. Бастапқыда мұндай конкурстарда қағы­лып, үлкен шаруашылықтар ең құйқалы деген жер телімдерін иеленіп кететін. Тәжірибе жинақтай келе бастысы шар­уа­шылыққа инвестиция салу керек еке­нін ұғындым. Қазір Төртқұдықтан 30 шақырымдай жерде мал өсіруге арналған фермам бар. Онда екі жұмыскер еңбек етеді», дейді жалынды жас.

Бүгінде орда бұзар отызды бағын­дыр­ған шаруа иесінің келешекке көздеп отырған мақсат-мұраты мол. «Іскер» несие бағдарламасына қатысып, қазақтың ақ бас тұқымды бұқасын сатып алу, сөйтіп қолдағы малын асылдандыру ойда тұр. Қазір лизингке отандық өндірісте құрастырылған трактор сатып алуды ойластырып жатқанын, жаңа техника қолына түссе шаруашылық мал азығын толығымен өзі дайындайтынын жеткізді. Екібастұздың ауылдық аймағында салмағы 250-300 килолық шөп бумасы 12-13 мың теңге тұрады. Түптеп келгенде малды шаруашылықтар қысқы қор үшін көп қаражат шығындайтыны айқын. Ал трактор бұл шығынның орнын жауып, бұған дейін шөпке жұмсалып келген қаражат қожалықты инвестициялауға бағытталмақ.

Ғайса өзі сияқты жастардың мал өсі­ру­­­мен айналысқысы келетінін, алайда қаржы мен материалдық мүліктің жоқ­тығынан тауы шағылып, кері қай­та­тынын айтады. Қазір жер алу үшін әуелі мал керек деген қисынсыз талап бар. Сөйтіп мал алып қойып, соңынан жер бөлу конкурсында жеңіліп қалып жүрген замандас­тары да бар көрінеді. Қаржы ұйымдары ақшалай несие мен лизингке техника беру үшін де жердің болуы міндет деген талап қояды. Осындай қи­сын­сыз шарттар белсенді жастарға ауыр тиіп тұр.

– Төртқұдықта шамамен онға жуық шаруа қожалығы бар. Шаруа бас­шы­­ларының ішінде ең жасы – мен, өзге­­лерінің барлығы 50-ді алқымдап қал­ған ел ағалары. Енді бір 20 жылда олар­дың жасы 70-80-ге келсе мал өсіру­мен айналыспайтыны айдан анық қой. Ендеше мемлекет жастарды мал шаруа­шы­лы­ғы­мен шұғылдануға тартып, оларға жағдай жасап беруге күш салуы керек. Өзім көріп жүрген іскер азаматтар жетерлік, бар­лығы асыл түлік өсіргісі келеді. Жасы 25 пен 40 арасындағы азаматтарға же­ңіл­детілген пайызбен кепілсіз несие қарастырылып, аяққа тұрғанша кө­мек көрсетілсе, конкурстан тыс жер үлес­тіріліп, белгілі бір мәртебе берілсе үлкен көмек болар еді. Қазір қаншама ауы­­­лымыз қаңырап, жастар үздіксіз қа­ла­ға кетіп жатыр. Жұмыс, кәсіп, табыс бол­­маған соң жастар үлкен шаһарларға қаш­­пағанда қайтеді? – деп қынжылады қожалық басшысы.

Кезінде өңірде «Жайлау» бағдар­ла­масы қолға алынып, мал өсіргісі келе­­тіндерге 100 қойдан таратылған. Кейін сиыр, жылқы да үлестіріледі деп күтіл­ге­німен бағдарлама белгісіз себептермен тоқтап қалды. Кәсіпкер сол жоба қайта қолға алынса талай жас өзі армандаған кәсібін дамытар еді деп санайды.

Екіншіден ауыл шаруашылығын субсидиялауда жастар басқарып отырған шаруашылықтарға басымдық берілсе, кәсібін жаңа бастағандар дүркіреп тез көтеріліп кетер еді деп есептейді ол.

Айта кеткен жөн, Ғайса Әлдибеков шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған бизнес дамыту курстарына, сондай-ақ өңірде өтетін ауылшаруа­шы­лық жәрмеңкелеріне тұрақты қатысады. Екібастұз аймағындағы жастар саясатына қосқан үлесі үшін «Жас шебер» сыйлығымен марапатталса, 2020 жылы жастар арасындағы Ertis daryny облыстық сыйлығын «Кәсіпкерлік» санаты бо­йынша иеленді. Ғайсаның қылшылдап тұрған жас азамат екенін ескерсек, шаруа­шы­лықтың бағындырар белесі әлі алда деген сенімдеміз.

 

Павлодар облысы