Қоғам • 22 Қыркүйек, 2022

Жылыту маусымына дайындық қалай?

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау тарифтерінің өсуі қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салмауға тиіс. Amanat партиясы жанындағы Энергетика комитетінің мүшелері осылай деп есептейді. Кезекті жиын барысында партия мүшелері коммуналдық кәсіпорындарды жаңғырту және алдағы жылыту маусымына дайындық барысын қарады.

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткенін айтып, «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясатына көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің ақпаратына сенсек, өндіруші қуаттардың тозуын 15 пайызға төмендету үшін 2035 жылға қарай жыл сайынғы инвестицияны үш есеге ұлғайту қажет.

«Қазіргі уақытта салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит 32 млрд теңге деңгейінде белгіленген, оны 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету үшін электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін ағымдағы 590 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін арттыру қажет. Бұл жылына қосымша 60 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді. Оның үстіне электр энергиясына тарифті күшпен ұстап тұруға бағытталған қазіргі саясат инфляцияның өсуін толық шамада ескермеді, бұл саланың инвестициялық тартымдылығына да әсер етті», деді ол.

Алайда комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бұл жерде мәселе тек жарық, жылу және су жеткізушілерге ғана емес, ең алдымен қатардағы тұтынушылардың мүдделері туралы болып отыр. «Комму­нал­дық қызметтегілерге қысым жасауға жол бермеу керек. Тарифтерді бекіту кезін­де инфляциямен қатар энергетиктерге төленетін жалақының да бірдей өсуін қамта­масыз еткен жөн. Себебі сала білікті маман­дарынан айырылып қалуы мүмкін. Кросс-субсидиялаудан бас тартуға келе­тін болсақ, қазір тарифтердің өсетіні анық, тек ол адамдардың қалтасына көп салмақ салмайтындай болуы қажет», деді депутат.

Өз кезегінде ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Тимур Қосымбаев коммуналдық қызметтерге тарифтерді қайта қарау бойынша шешім әр өңірге қатысты жеке қабылданатынын айтты.

«Біз тұтынушылар мен монополистер арасындағы теңгерімге қол жеткізу саясатын жүргізіп жатырмыз. Экономикалық және әлеуметтік жағдайдың арасында тепе-теңдік болуы шарт. Монополистер өз табысын амортизация ретінде пайдала­нып, оның басым бөлігін желілерді жөндеуге және жаңартуға бағыттауы керек. Жалпы, рефор­ма бойынша тұрғындар төлейтін тариф­тердің өсуі болжанып отыр. Бұл ретте уә­кілетті орган олардың күрт немесе негізсіз өсуіне жол бермейді», деп сендірді ол.

Сонымен қатар жиында партиялық­тар еліміздің жылу беру маусымы­на дайындығын талқылады. Энергетика министрлігінің дерегі бойынша электр стансаларында 4 энергоблокта (44%), 32 қазандықта (53%), 26 турбинада (62%) жөндеу аяқталды. Ал 5 энергоблокта, 20 қазандық пен 13 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қоймалардағы көмір қоры 4,1 млн тоннаны және 82 мың тонна мазутты құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаға сәйкес келеді.

Жиын қорытындысы бойынша комитет электр станциялары мен қазандықтарға және тұрғындардың қажеттіліктері үшін де көмір мен мазут жеткізуді тұрақты қам­та­масыз ету, сондай-ақ білім беру, ден­сау­лық сақтау нысандарын жылумен жаб­дықтау жүйесіне уақтылы қосу мәселесін ерекше бақылауға алуға қаулы етті.

«Комитет коммуналдық инфра­құры­лымды жаңғырту, тарифтік саясатты рефор­малау мәселелерін шешуді тұрақ­ты ба­қылауда ұстап қана қоймай, өз құзы­реті шеңберінде осы үшін қажетті тетік­терді, оның ішінде заңнамалық дең­гейде әзірлеп, ұсынады. Сонымен қатар тұтынушылар қаражатының мақсат­ты пайдаланылуын қатаң бақылау, моно­по­листердің жауапкершілігін арттыру­ды, табиғи монополия саласындағы қызмет­ті мемлекеттік реттеу рәсімдерінің ашық­тығын қамтамасыз ету қажет», деп түйіндеді Д.Тұрғанов.