Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2022

Петропавлда кәсіподақтардың арнайы бағы бар

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Kásipodaq baģy жобасы осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында айтылған 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 16 млн ағаш отырғызу мін­детін жүзеге асыру мақсатында Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған болатын.

Петропавлда кәсіподақтардың арнайы бағы бар

Қызылжарда облыстық кәсіподақ­тар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев­тың бастауымен тұңғыш Президент саябағының аумағында 3,17 га жерге ағаштар отырғызылып, облыстағы кәсіподақтардың қамқорлығымен өсіп келеді. Kásipodaq baģy деп аталатын бұл бақ қазір қала тұрғындарының таза ауамен тыныстап, рақат күй кешетін мекеніне айналған.

Жуырда Петропавлға келген жұмыс ­сапары барысында Қазақстан Кәсіподақ­тар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысы арда­гер­­лерімен және кәсіподақтың жас мүшелерімен осы бақта кездесіп, шырша отырғызу акциясына қатысты.

«Біздің жобаның мақсаты – еңбек ұжымдарының мүшелерін экологиялық мәселелерді шешуге тарту. Саябақты абаттандыруға атсалысқан еңбек ұжым­дары егілген шыршалардың сақталуына жауапкершілікпен қарайды. Баста­уыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері Kásipodaq baģy жобасын қолдайды, оның өскелең ұрпақты саламатты өмір сал­тына баулу мақсатында құрылып жат­қанын түсінеді және Петропавл қаласының экологиясын дамытуға үлес қосады», дейді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің маманы Жанат Жұмабек.

Осы уақытқа дейін кәсіподақ ұйым­дарына мүше жастар мен ардагерлердің бірлескен акциясы барысында Kásipodaq baģy үш аллеясына 105 сібір шыршасы отырғызылды. Кәсіподақ қозғалысы ардагерлері осындай әрбір акция жас ұрпаққа қамқорлық, кәсіподақ ұйымы мүшелерінің, қарттар мен жастардың қарым-қатынасын нығайта түсетінін айтады. Соның ішінде өмірінің 40 жылын өз аймағындағы кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға арнаған кәсіподақ қозғалысының ардагері Валерий Лопатко ардагерлер атынан кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерге осындай жобаны жүзеге асыруға қатысуға шақырғаны үшін алғысын айтты.

«Бүгінгі жоба тек экология ғана емес, кәсіподақтың ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үлкен септігін тигізеді», деді ол.  С.Дәулеталин кәсіподақ ардагерлерінің жұмысшы жастарды тәрбиелеудегі және кәсіподақ қозғалысының негізгі қағидаларын сақтаудағы рөлі зор екенін атап өтті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы