17 Мамыр, 2014

Интеграция – өзіндік бір міндет емес, мақсаттарға жетудің тетігі

3731 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

интеграцияЕЛДЕР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЫНТЫМАҚТАСАДЫ

Еуразиялық экономикалық одақ еркіндік, тең құқылық өзара тиімділік, әрбір елдің праг­матикалық мүддесін ескеру ұстанымдары негізінде құрылуы тиіс.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Кеден одағы отандық экономика, бизнес өкілдері мен қарапайым адамдарға не берді және Біртұтас экономикалық кеңістіктегі іс-қимылдардан не нәрсе өзгереді? Бұл туралы бізбен болған шағын сұхбатында «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-тың бас директоры Руслан СҰЛТАНОВ әңгімелейді. Султанов2– Руслан Серікұлы, 2010 жылдан бері үш елдің аумағында Кеден одағы жұмыс істеп келеді. Кедендік кедергілер алынып тасталған бизнес жұмысы жағдайларындағы ұлттық экономиканың аралық қорытындылары қандай? – Кеден одағы елдері аума­ғын­да тауарлардың еркін қозға­лы­с­ы және тұтастай алғанда, біртұтас сыртқы сауда саясаты қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отыр. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен сауда айналымы интеграциялық үдерістер іске кірісе қоймаған 2009 жылмен салыстырғанда 87,6 пайызға артып, 24,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан экспортының сер­пінділігі үш жыл бедерінде 64 пайызға өскенін де атап көрсеткен жөн. Ақшалай мазмұнда айта­тын болсақ, ол 5,9 млрд. АҚШ долларына жетті. Және бүгінде негізгі өсімді қосымша құн салығы жоғарырақ өңдеуші өнеркәсіп тауарлары беріп отыр. Қазіргі кезде олардың Қазақстан экспортындағы үлес салмағы шамамен 55 пайызға жуықтайды. Мысал үшін бірнеше ғана дерек келтірейін. Кондитер бұйымдарының экспорты 4 жылда 9 есе өсіп, 35 млн.-нан астам АҚШ долларын құраса, макарон бұйымдары – 60 пайыз, күріш 5 есе артқан. Сондай-ақ, шырындар, автомобиль техникалары, құ­быр­лар, трансформаторлар, кон­денсаторлар мен басқа да тауарлар көлемі бірнеше есе ұлғайды. Шекарада кедендік бақылауды алып тастау қазірдің өзінде бизнес үшін әкімшілік жүктемені төмендетіп үлгерді. Ал бұл өзара сауда-саттық көлемін дамытуды ынталандырмай қоймайтын жайт болса керек. – Көп азаматтар біртұтас валюта енгізілуден қауіптенеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық байланыстардың бұл салаға қатысы қандай көлемде болады деп ойлайсыз? – Мұндай шешім қабылдануы мүмкін емес. Өйткені, біртұтас валюта енгізу Одаққа қатысушы елдердің қаржы-экономикалық заңнамаларын үйлестіруді, біртұтас макроэкономикалық саясат жүргізу бойынша ұзақ жұмыстарды қажетсінеді. Оның үстіне, үш елдің экономикалық жағдайларына тікелей тәуелді. – Қарапайым адамға адам капиталының еркін қоз­ғалысы не береді? Қазақ­стандық жоғары оқу орындарының жоғары білім туралы дипломдары Ресей мен Беларусьте еңбекке орналасу кезінде мойындала ма? – Адам капиталының еркін қозғалысы қарапайым адамның Еркін экономикалық кеңістік елдерінде жұмысқа орналасу немесе оқу кездерінде уақытты айтарлықтай қысқартып, ресім­дерді қарапайымдандырады. Қазірдің өзінде Қазақстан аза­мат­тары Ресей аумағында міндетті тіркелусіз 30 күн бойы бола алады. Бұған қоса, одақтас елдерде жұмысқа орналасу кезінде бірдей құқықтарды иеленеді. Қазіргі кезде дипломдары Еркін экономикалық кеңістікке қатысушы барлық үш ел­дің аумағында қуаттауды талап етпейтін жоғары оқу орын­дарының тізімі түзіліп жатыр. Мысал үшін айтсақ, «Назарбаев Университеті» түлегінің М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің түлегі секілді Ресей мен Беларусьте жұмысқа орналасуына толықтай құқы бар. – Еңбекші-мигранттың қан­дай құқықтары қарас­тырылған, тіпті, мүмкін, қан­дай да бір жеңілдіктерді де пайдалана алатын шығар? – Бүгінде «Еңбекші-миг­ранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәр­тебесі туралы» келісімге сәй­кес, еңбекші-мигранттар аза­мат­тардың басымдықтарын толық көлемінде пайдалана алады. Мәселен, жоғарыдағы құжат бойынша елдер ішкі еңбек нары­ғын қорғау мақсатында қабылдаған жұмысқа рұқсат беру рәсімі алынып тасталған. Енді Еркін экономикалық кеңістікке қатысушы елден келген жұмысшы да балаларын мектепке дейінгі мекемелерге және мектепке орналастыра алады. Сол секілді, медицина мекемелерінің қызметтерін, т.б. қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие. Бұл жерде, жоғарыдағы құжаттың күші мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге және әскери қызметтен өтуге ғана жүрмейді. – Сонда елдер арасында проблемалық мәселелер мүлдем жоқ деп ой түюге бола ма? – Әрине, жоқ. Мәселен, әзір­ше табыс салығында сәй­кес­сіздіктер бар. Ресейде қазақ­стандық мигранттар үшін ол 30 пайызды құраса, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейліктер өз табыстарының 10 пайызын ғана төлейді. Қазақстан мөлшер­лемелерді теңдей етуге қол жеткізе алды. Осылайша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Федерациясындағы қазақстандық еңбекші-мигранттар үшін де табыс салығының мөлшерлемесі 10 пайызды құрайтын болады. Осы жерде атап көрсететін бір жайт – «Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы» келісім күшіне енген сәттен бастап еңбек миграциясының ағыны Қазақстаннан да, сондай-ақ, Қазақстанға да айтарлықтай артқаны байқалып отыр. Түйіп айтқанда, интеграция – өзіндік бір міндет емес, мақсаттарға қол жеткізудің тетігі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Сәулебек БІРЖАН. АСТАНА.

Ұтарымыз көп болатыны қуантады

Ел экономикасын еселеп арттырып, озық отыз мемлекеттің қатарына ену мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынып отыр. Солардың бірі, таяуда құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ екені белгілі. Экономикалық мақсатта құрылғалы тұрған одақтың елімізге тигізер әсері туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым ОШАҚБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Рахым Сәкенұлы, Еура­зиялық экономикалық одақ­тың құрылуы туралы ел ау­зын­да түрлі пікірлер жүр. Ал біздің білгіміз келетіні, бұл одақ еліміздің кәсіпкерлеріне қаншалықты тиімді әрі пайдалы болады? – Еуразиялық экономикалық одақ құру ең әуелі отандық кәсіпкерлер үшін қолайлы бол­мақ. Әсіресе, қайта өңдеумен ай­налысатын бизнесмендеріміз үшін аса тиімді. Бізде жүзеге асып жатқан экономиканы индустрияландыру бағдарламасы еуразиялық нарық арқылы ықпалдасуымызды талап етіп отырғанын айту керек. На­рықтың аумағын 170 млн. адам­ға арттыру арқылы бұрын Қазақ­станда болмаған салаларды дамытуға жол ашылады. Мәселен, машина құрастыру, тепловоздар өндірісі, вагондар құрастыру және т.б дегендей. 2010 жылдан бері Қазақстанда жаңа екі жүз елуден астам тауар түрі өндіріліп жатыр. Оның үстіне, Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталған өнім көлемі екі есеге көбейгенін тілге тиек еткім келеді. Мұнымен қатар, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ауқымды міндеттер жүктеледі. Ал, ол міндеттер еуразиялық нарықсыз іске аспайтынына көзіміз жетіп отыр. Ресей мен Беларусь елдерінің мемлекеттік сатып алу нарығының өзі біздікінен 26 есе көп. Нақты айтқанда 198 млрд. долларды құрайды. Одақ аясында біздің елдің кәсіпкерлері осынау мол қаржының игерілуіне еркін араласа алады. Ал, шетелден қаржы тарту үшін мүлде жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бізде бизнесті бастауға қолайлы жағдай барын ескерсек, Қазақстан трансұлттық компаниялар үшін еуразиялық нарыққа енер жол болуы мүмкін. Себебі, еліміз бизнес-ахуал жағынан озық тұр. Мұны көптеген сарапшылар мойындаған. Нақты дәлелін айтар болсақ, біздің елде салық деңгейі төмен. Оған қоса, жекеменшік құқықтары қатаң сақталады. Сондай-ақ, бізде бизнеске қажеттің бәріне қолжетімді. Таяуда қабылданған заңнама бойынша, кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсынысын жолдай алады. Өстіп, елге инвестициялар мен кәсіпкерлерді тартуға барлық қолайлылықтар жасалған. Осы игіліктің бәрін екшей келіп, ықпалдастықтан түсетін экономикалық пайданы жоққа шығармауымыз керек. Айтқандай, қазақстандық кәсіп­кер­лерге бірлескен мекемелер мен өнеркәсіптік кооперациялар құру үшін де үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. – Экономикалық одақтың құжаттарын дайындауға Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы қатысты ма? Қатысқан болса, өздерінің көкейдегі тілектері мен кәсіпкерлікке тиімді ұсыныстарын толық өткізе алды ма? Халықаралық бұл құжаттың әлі де жетілдірілетін тұстары бар ма? – Өткен жылдың қараша айы­нан бері біз Еуразиялық эконо­микалық одақ құру туралы ке­лі­сімшарт жобасы бойынша өткізілген келіссөздерге қатысып жүрміз. Осы уақытта, Ұлттық кәсіп­керлер палатасы келісімшарт жобасының соңғы нұсқасын алып отыр. Ал, ұлттық палатаның са­рапшылары толығымен сарап­шылар тобының жұмысына ара­ласып келеді. Нәтижесінде, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының ұсы­ныстары қазақстандық тарап­тың ресми ұстанымы ретінде де қабылдануда. Күні бүгін келісімшарт жо­басын түзету жұмыстары жүр­гізіліп, кейбір сұрақтар бойын­ша нақтылау жұмыстары жаса­луда. Жалпы, Үкімет пен Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы қазақ­стандық тараптың мүддесі үшін аянбай тер төккенін айрықша айту керек. Әсіресе, көлік, арнайы субсидиялау, қызмет саудасы, реттеу шараларын бағалау тетік­тері бойынша көптеген талқылау жұмыстары жасалды. – Еуразия кеңістігінде осын­дай экономикалық одақ құрылып жатқанынан әлемдегі бизнес қауымдастықтар қаншалықты хабардар? Жалпы, әлемдік биз­нес қауымдастығының осы одаққа деген көзқарасы мен пікірі қандай? – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшарт жобасын талқылауға арналған келіссөздерге қатысқан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашықтық қағидатын ұстанды. Өткен жыл­дың қараша айынан бастап Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының сайтында келісімшарт жобасының түзетілген 5 түрлі нұсқасы жа­рия­ланды. Талқылаулар мен реттелмейтін жеке позициялар туралы мәлімет тұрақты түрде веб парақшаға басылып тұрады. Содан болар, соңғы кезде әлемдік бизнестің Еура­зия­лық экономикалық одақтың мүмкіндіктеріне деген қызығу­шылығы артқанын айтқым келеді. Осы қызығушылық арқылы бизнес жаңа нарықты бағындыру үшін нақты қадамдар жасайды деген сенімдеміз. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен Қазақстанда бизнесті жүргізуге деген ықылас арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Әлемдік бизнес қауымдастықтар да мұны жақсы біліп отыр. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанға «Toyota» және «Peugeot» сынды әлемдік екі ірі автоконцерн келді. Ал, «Рахат» кондитерлік фабрикасын кореялық Lotte корпорациясы қаржыландырды. Еуразиялық нарықтың берер мүмкіндігін білмесе бұл «алыптар» бізге келмес еді. – Экономикалық одақ өз жұмысын бастағанда, елі­міз­­дегі шағын және орта биз­нес­­ке оның әсері қандай бола­ды? Құжаттарды әзірлеу ба­ры­сын­да шағын және орта биз­нес өкіл­дерінің ой-пікірлері ескерілді ме? – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ең бірінші кезекте елдегі шағын және орта бизнестің мүддесін қорғап келе жатқанын атап өткім келеді. Жоғары білікті мамандары бар ірі компанияларға өзінің ұсыныс-тілегін тиісті орындарға жеткізу қиын емес. Ал, шағын және орта бизнеске келгенде жағдай басқаша. Сондықтан, келісімшарт жобасы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бизнес қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің қатысуымен отыздан астам мәжіліс өтті. Осылайша, шағын және орта бизнес өкілдері өздерін толған­дырып жүрген мәселелерді жет­кізуіне мүмкіндік алды. Десем де, аса мән беретін мәселе шағын және орта би­знес өкілдері қазірдің өзінде еура­зия­лық нарық жағдайында жұ­мыс істеуде. Әсіресе, шекара­лық сауда белсенді дамып жа­тыр. Әлбетте, қиындықтар, ке­де­ргілер кездесетінін жасыра ал­маймыз. Бірақ, олардың барлы­ғы шешіледі. Шешімі бар. Мәселен, қолданыстағы базалық келісім салдарынан туындайтын кедергілер бар. Келісімшарт жобасын талқылау кезінде осы кедергілерді назарға ала отырып, базалық келісімді жетілдіруге қол жеткіздік. Тоқсан тарау ойдың түйініне келер болсам, Еуразиялық эко­но­микалық одақ құрылса, қазақ­стандық экспорттаушылар ал­дында кездесетін көптеген қиын­дықтар азайып, есесіне біздің кәсіпкерлердің Ресей мен Беларусь жерінде табысты еселейтініне сеніміміз зор. Бұған күмәніңіз болмасын. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».

Кәсіпкерлер қолдауы

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі Талғат Доскенов қатысып, интеграция игіліктері жайында әңгімеледі. «Еліміздің ірі бизнес қоғамдастығы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуына қолдау білдіреді. Біріншіден, біз қазақстандық кәсіпкерлер ортақ еуразиялық нарықтың басымдығын сезініп отырғандығын мәлімдейміз. Екіншіден, ЕЭО құру туралы келісімшартқа қол қойылуына толығымен қолдау білдіреміз. Үшіншіден, біз экономикалық прагматизм ұстанымдары басшылыққа алынуы керектігіне сенімдіміз. Егер Қазақстан үшін қандай да бір базалық келісім ескірсе, онда оларды ауыс­тыру қажет», деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі Т.Доскенов. Сондай-ақ, ол палата ЕЭО құру туралы шарт жобасының ең соңғы редакциясымен жете таныс әрі оның өкілдері сарапшылар тобының отырысына қатысқанын да назардан тыс қалдырмады. Бүгінде интеграцияның ел бизнесі үшін пайдалы екендігін зор сеніммен айтуға болады. 2013 жылы еліміз Кеден одағы елдеріне шығарған экспортының нақты көлемі электр трансформаторлары бойынша – 7,4, тракторларда – 5,7, металл прокаттау станоктарында – 5,5, мұздатқыштарда – 4,5, жүк көліктерінде 3,7 есе өскен. Еуразиялық нарыққа шығу келешегі шетелдік ірі инвесторлардың да назарын аударған. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері ағымдағы жылдың 29 мамырында елордада қол қояды деп күтілуде. Бұйыртса, Қазақстан дипломы Ресей мен Беларусьте де жарамды болмақ. Бұл мәселе елордада  өтетін Бірыңғай экономикалық комиссия департаменттері мен комитеттерінің отырысы аясында кеңінен талқыға түсетін болады. Ал аталған отырыстар Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоярдың алдында, яғни 20 мамыр күні өтпек. «Отырыстарда дип­ломдарды заңдастыру мәселесі қаралады. Біз дип­ломдарды танудағы кедергілерді жою үшін оның автоматты түрде болмаса да жартылай автоматты режімде өтуін қалаймыз. Бұл әрқайсымыздың еркін жүруіміз үшін қажет. Өйткені, біз ортақ еңбек нарығын құрудамыз», деді ол. Сонымен қатар, аталған алқалы жиындар барысында білім саласынан бөлек еңбек көші-қоны, зияткерлік меншік мәселелері де жан-жақты талқыланбақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».

Келешекке кемел қадам

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі әлемдік жұртшылық назарын өзіне негізді түрде аударды. Еуразиялық ықпалдасудың бас сәулетшісі зиялы қауым алдында қазіргі заманғы қоғамды күйзелтіп отырған көптеген жүйелік дағдарыстарды жеңуге мүмкіндік беретін нақты идеяларды жария етті.  Ректор КазНУ - Г.МутановПрезидент атап өткеніндей, жаһандану мен аумақтану әлемдік экономикалық дамудың маңызды айқындауыштары болып табылады. Жаһандану мемлекеттердің ықпалдастық серпіндерін аймақтық және тіпті, құрылықішілік өлшемде жандандырады. Түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұра отырып, әлемдік үрдістерден де тысқары қалмай, ұлттық өлшемнен биік мүдделер деңгейіне шыға отырып, елдер мен халықтар күш-жігерлерін біріктіре түсуде. Бұған әлемде жемісті де табысты мысалдар жекілікті: Еуропалық Одақ ауқымындағы батысеуропалық ықпалдасу тереңдеп, солтүстікамерикалық НАФТА еркін сауда аймағы құрылды, Латын Америкасы елдерінің аймақтық блоктарын – МЕРКАСУР-ды қалыптастыру үдерістері, Анд тобы жанданды. Неғұрлым ықпалды топтарға Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясы, Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жатады. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы – уақыт талабы, жаһандық қатерлерді бір­лесе еңсеруге деген маңызды қадам болып табылады, мұ­ның қажеттілігін Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан На­зар­баев бұдан жиырма жыл бұрын көре білген еді. Мем­лекет басшысының Мәскеу мем­лекеттік университеті қабыр­ғасында 1994 жылғы сөзінен кейін еуразиялық ықпалдасу идеясы қалыптасудың бір­қатар сатыларынан өтті. Тарих­тың ортақтығы, менталитет ұқ­састығы, экономикалық даму­дың бірыңғай бағыты еура­зиялық ықпалдастық үдерісінің алғышарттары болды. Өмір Нұрсұлтан Назарбаевтың еура­зиялық жобасының келешегі мен табыстылығын көрсетті. Оның жүзеге асуы аса қуатты тұғырлы негізбен байланыс­ты. Еуразиялық экономикалық қауымдастық, сондай-ақ, 2010 жылы құрылған Кедендік одақ еуразиялық ортақтық тұжырымдамасының бейнелі белгісі және сонымен қатар, посткеңестік елдердің Біртұтас экономикалық кеңістік пен еуразиялық одақ құруға деген бұдан былайғы қозғалысының бағыт-бағдары болды. Еура­зиялық идея посткеңестік елдер үшін ықпалдасу үдерістерінің күшею бағытын ұзақ мерзімге белгілеп берді. Және осы ау­қы­мды міндеттің тарихи тұр­ғыдан алғанда қысқа мерзім ішінде жүзеге асуы ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси ерік-жігері мен пассионарлық күш-қуаты арқасында мүмкін болды. Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың Мәскеу мемлекеттік университетіндегі қазіргі сөзі еуразиялық жоба дамуының жаңа кезеңін бағалаудағы маңызды буындарды баса көрсетіп, келешекке кемел қадамның бағыт-бағдарын сызып берді. Президент атап өткеніндей, Еуразиялық экономикалық одақ – тарих қойнауына кеткен кеңестік пішімдегі одақты тірілту емес. Бұл бірлестік, ең алдымен экономикалық одақ ретінде қарастырылады, оның дамуы экономикалық прагматизм, жауапкершілік, дамудың біртектілігі және Еуразиялық экономикалық одақ­тың ашықтығы қағидат­тарына негізделуі тиіс. Еура­зия­лық ықпалдасудың мәні ең әуелі еуразиялық кеңістік аза­маттарының мүдделеріне қамқорлықтан көрініс табады. Нақ осы адам капиталының қуатты дамуының қажеттілігі қазіргі заманғы геосаяси ақиқатта біздің еліміздің біртұтастығын қамтамасыз етеді. Еуразиялық инновациялық-технологиялық өзара бірлесудің 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау мен еуразиялық инновациялық кеңес құру жөніндегі Президент ұсынысы осы мақсатқа сай келеді. Президент атап өт­ке­ніндей, экономикалық ық­па­лдасу елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде білім беру қызметтерін кү­шейтеді, ал мұның өзі инно­вациялық-индустриялық даму үшін маңызды болып табылады. Білім беру қызметі нарығын қалыптастыру біздің елдеріміздің арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық жоспарын жасау­ды талап етеді. Еуразиялық жобаның бірінші дәрежелі міндеттері мен болашақ ба­ғыттары қатарына жоғары білім, ғылым және инновация саласындағы интернационалдану мен мемлекетаралық ынтымақтастық үдерісін, білім беру мен ғылымды бағалау жүйелерін біріздендіруді: атап айтқанда ұйымдарды аккредитациялау мен мамандарға сертификат беру; дипломдардың бірдейлігін тану модельдерін жасау; жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың ережелері мен қағидаттарын бірлесе жасау; желілік университтер үшін жағдай туғызу сияқты міндеттерді жатқызуға болады. Еуразиялық одақтың құ­рылуы посткеңестік кеңістік елдері үшін жаңа дәуірдің бас­тамасы, ғаламдық талаптарға берілген жауап, аса маңызды геосаяси жетістік және ынты­мақтастықтың жаңа деңгейіне шығудың іргетасы болып табылатынына күмән жоқ. Ғалым МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры. АЛМАТЫ.

Алда – мол мүмкіндіктер кезеңі

Амангос ТулеуовЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­­ситетінде сөйлеген сөзінде мемлекеттердің Еуразиялық одағын құруды ұсынған болатын-ды. Қашанда әр бастаманың жарқын болашағына көз жеткізіп барып қадам жасайтын Мемлекет басшысы содан бергі уақытта мұндай интеграциялық үдерістерге берік негіз қалауға да ұйытқы болғаны шындық. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық интеграция тақырыбына оқыған дәрісін теледидардан тыңдап, баспасөзден оқығанымызда тағы да көзіміз жетті. Уақыт дегенің шапқан аттай тым жүйрік. Арада өткен жиырма жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың нәти­­жесінде осы жылдың мамыр айын­да Еуразиялық эконо­ми­­ка­лық одақ туралы шартқа қол қойы­латын болды. Ол өзінің сөзінде «қашанда әуелі – экономика, сосын саясат формуласының шынайы жақтаушысы болдым және болып келемін. Бұл қағидат біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатына теңдей тарап, жалпыға ортақ сипатқа ие болып отыр», деп атап өтті. Айтса айтқандай, осындай сара саясаттың арқасында елімізде бірлік пен тұрақтылық қалыптасып, адамдар жылдан-жылға бақуатты тұрмысқа қол жеткізіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткеніндей, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6 пайызға өскен, экономиканы үдемелі индустрияландыру аясында төрт жылда 780 жаңа кәсіпорын салынып, 250-ден астам өнімнің жаңа түрлері өндірілген, әлемнің 111 елі қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алады екен. Міне, осының өзі-ақ, интеграцияның тиімділігін көрсетсе керек. Еуразиялық одақ арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіншіліктер ашылады, халықтың әлеуметтік деңгейі өседі. Елбасы сондай-ақ, сыртқы экономикалық және мәдени байланыстардың қайтарымдылығына тереңірек тоқталды, экономикалық әріптестікті нығайтуға байланысты ұсыныстарын баяндады, жаңа еуразиялық агломерация құру мәселесі төңірегінде әңгіме өрбітті. Ол бұл байланыстарда инновациялық ұстанымдарға, менеджменттің жаңа модульдеріне арқа сүйеу керектігіне айрықша тоқталды. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығы саласының маманы ретінде маған Еуразиялық аграрлық академия құру, агроөнеркәсіп саласын кооперациялау қажеттігі туралы ұсыныстары ұнады. Мұның әріптес елдердің ауыл шаруашылығын дамытуға серпін берері сөзсіз. Өзім ұзақ жылдардан бері басқаратын серіктестік пен Ресейдің шекаралас аймақтарының шаруашылық құрылымдары арасында тығыз әріптестік байланыс орнатылған десем артық айтқандық болмас. Көршілермен барыс-келісіміз, алыс-берісіміз қалыптасқан. Біздің серіктестік элиталы тұқым шаруашылығы болып табылады. Бізде «Алқап-өңдеу және сауда» ауыл шаруашылығы кластері жүйеленген. Мал шаруа­шылығы саласында да табыссыз емеспіз. Өзіміздің шағын мал сою цехында ет және шұжық өнімдерінің 30-ға жуық түрлері шығарылады. Серіктестік базасында ресейлік ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен тәжірибе алмасу бағытында кездесулер мен семинарлар өткізіліп тұрады. Сәті түскенде оларға да барып тұрамыз. Мұндай әріптестік және іскерлік қарым-қатынас, экономикалық байланыстар екіжақты тиім­ді екенін көрсетіп отыр. Елба­сы­ның Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде оқыған дәрісінде айтылған ай­шықты ойлар Еура­зиялық кеңістіктегі елдерді үлкен істерге жігерлендіреді. Жалпы, алдан экономикалық дамудың жаңа, тың жолдары ашылатынына сенім мол. Өзара байланыссыз ілгерілеу болмайды. Сондықтан бұл бастаманың болашағы зор екені сөзсіз. Аманғос ТӨЛЕУОВ, «Степное» ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы.

«Жасыл ел» жасақтары көршілермен байланыс орнатуда

Ақ Ертістің жағасында, ашық аспан астында орналасқан амфитеатр­да шығысқазақстандық студенттердің еңбек жасақтары кезекті жазғы еңбек маусымын салтанатты түрде ашты. «Жасыл ел» жасағының штаб директоры Қуаныш Қасенов жастардың жаңа маусымға дайын екенін мәлімдеп рапорт берді. Рапортты қабылдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде құрылыс нысандарының артуына байланысты «Жасыл ел» жасақтарының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Биыл өңірде студенттердің еңбек жасақтарына бөлінген қаржы 6 миллион теңгені құрайды. Еңбек сарбаздары осыған дейін 300 мың данаға жуық көшет өсіріп, аймақтың абаттануына үлкен үлес қосты. Жаңа маусым еңбек жасақтарының 55 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт аралығында жас­тар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып қана қоймай, өндірістік жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, еңбек майданында шыңдалды. Құрылыс жасақтарының сапында жұмыс істеген жастар қазір әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. IMG_6008 «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл ел» қозғалысының маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын жасыл елге айналдырамыз», дейді шығысқазақстандық жастар. 2010 жылдан бастап шығыс өңі­рінің студент-жастары Ресей Федера­циясының Алтай өлкесі және Белорус­сияның еңбек жасақтарымен тығыз әріптестік байланыс орнатты. Аталған елдердің еңбек жасақтары шығыс өңірінде көптеген құрылыс, абаттандыру жұмыстарына қатысып, өздерінің жалынды жастық шақтарынан жанға шуақ сыйлайтын естелік, еңбек қол­таң­басын қалдырды. «Жасыл ел» жас­тарының мемлекетаралық интегра­ция шеңберіндегі достық қарым-қаты­настары алдағы уақытта да нығая береді. Жұмысқа құлшынып тұрған жас­тарды өңіраралық байланыстар аясында алмасу биыл да жалғасын таппақ. Ресейдің Ползунова атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінің еңбек істері штабының командирі Татьяна Зайченко шығысқазақстандық студенттердің салтанатына арна­йы ша­қырылыпты. Ресейлік мейман екі ел арасындағы ұйымдардың ынты­мақтастығы жастарды еңбекке баулуға жол ашатынын жеткізіп, Алтай айма­ғынан әкелген кәдесыйларын табыс етті. Сонымен бірге, белорустық еңбек жасақтары да он-лайн желісіне қосылған алып лед-экран арқылы жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Республиканың бекітуі бо­йын­­­ша, биылғы маусымда 1200 шы­­ғыс­­­қазақстандық студент жұмыспен қамтылады. – Шығыс өңірінде 1200 сарбазға орын берілуі бізді қуантып отыр. Бұл – респуб­лика бойынша ең үлкен өңірлік жасақ болып саналады. Елімізде жаз маусымында 12 мың студент жұмыспен қамтылады. Яғни әр оныншы сарбаз облысымыздың жастарына тиесілі. Сондай-ақ, жергілікті мүмкіндік бойынша жасақшылар құрамын арттыра түсеміз. Жалпы, әр жасақшыға 17 мың теңге көлемінде айлық төленеді. Ал қалған қаржыны келісімшартқа отырған жұмыс беруші төлейді. Елбасының қолдауымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» ұйымында жастар белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Жастардың қолымен елімізде қаншама жас көшеттер отырғызылып, орман-тоғайға айналды, қаншама қалалар мен елді мекендер абаттандырылды. Біздің мақсатымыз – жастардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, оларды еңбекпен қамту, – дейді Қ.Қасенов. Бүгінгі таңда «Жасыл ел» жасақ­тары­на оқу орындары, құрылыс нысандары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмыс беріп отыр. Ал «Жасыл ел» ұйымы тарапынан оларға еңбекке арналған арнайы киім үлестіріледі. Сарбаздар облыстың барлық қалалары мен аудандарында жұмысқа араласпақ. Мәселен, Өскеменде сол жағалауда салынып жатқан экоқаланың құрылысына 150 студент қатысады деп күтілуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.